Қара шаңырақ

Қазақстандықтарды жаңа жыл мерекесімен құттықтаған кезінде республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялау керек деген ордалы ойын ортаға салды. Шынында да, мәңгілік елдің мұраттарын келер күндердің көкжиегінде көгертетін бүгінгі балалар емес пе?!

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да, алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президенті айтып отырған балаларды қорғау үшін атқарылатын нақты шаралардың барлығы жөн. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы кешегінің келісті дәстүрін жаңаның жанартау бұлқынысымен сабақтау. Бастысы, тәрбие болмақ. Тәрбиенің ошағы – қазақтың қара шаңырағы. Қазақ баласы үшін киелі де қастерлі ұғымның бірі – қара шаңырақ екендігі даусыз. Ықылым заманнан солай. Сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ғажайып салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, тәлімді тәрбиенің бесігі – қара шаңырақтың киесі бар екендігі белгілі.

Таяуда Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосының тұрғыны, сегіз баланың анасы Жәния апа Қоңқабаеваны әдейілеп іздеп бардық. Батыр ананың бала, бүгінгі күні біраз жұрттың бас ауруына айналған келін тәрбиесі бағытындағы байыптауын тыңдамақпыз.

–Баланы ең алдымен еңбекке тәрбиелеу керек. Еңбекпен есейген бала жаман болмайды, – дейді батыр ана, – осы балаларды жеткіземін деп мал да бақтым, темір жолда да жұмыс істедім, аспазшы да болдым. Ширек ғасыр бойы дамыл тапқаным жоқ. Сол еңбегімнің зейнетін бүгін көріп отырмын. Балаларым да, келіндерім де айтқанымды екі етпейді. Өзім де жөнімен айтуға тырысамын. Мынау жарық дүниеге тоғыз перзент әкелдік. Біреуі кішкентай кезінде шетінеп кетті, екі қыз, алты ұл ел қатарлы тіршілік етуде.

Ананың айтуына қарағанда, он алты жасында тұрмысқа шығыпты. Сол уақытта үйінде жастары егде тартқан атасы мен енесі бар екен. Жас қыз ене тәрбиесін көп көргендігін, ұлағатын ұққандығын ризашылықпен есіне алады. Атасы Шөкен алып денелі адам болса керек. Келін болып табалдырықты аттағалы төсек тартып жатыпты. Жеті жыл бойы балаша баптап күткен. Сол еңбегіне орай атасының ақ батасын алған.

–Кейінгі ғұмырда алға басқан қадамым сәтімен сабақталса, ата-енемнің ақ батасының арқасы, – дейді Жәния апай.
Ата-анасының алдынан кесе-көлденең өтпеген, айтқандарын екі етпеген. Өзі де балалары мен келіндерін қара шаңырақта көрген тәлімді тәрбиенің жосығымен өсіруге ұмтылған.

–Көздерін ашқалы адал еңбекті көріп, дәмін татып өскеннен кейін өздері де шаруаға оңқай асықтай үйіріліп тұрды, – дейді батыр ана,– ер балалар бізге қолқанат болып сиыр да сауды, үй де жинады, тамақ та пісірді. Бірлесе еңбек еткеннен кейін бірліктері де мықты. Қазір заман өзгерді ғой. Бүгінгі балалар бақытты. Бейнеттің бесбатпан жүгін біз арқаладық. Ауылда тұрғанда су тасудың өзі бір азап болатын.

Шиеттей сегіз бала бірінің киімін бірі киіп өсті. Әйтеуір, қолымның іс білетіндігінің арқасында балалардың киімінің біреуін ұзартып, біреуін қысқартып, иіндерін жалаңаш қылған жоқпын. Үй ішінде тұтынатын заттардың қасқалдақтың қанындай тапшы кезі. Текемет те бастық, алаша да тоқыдық. Қойдың күзгі жүнін бояп, әжетке жараттық. Бүгінгі күні сол дүиненің бәрі көшеде шашылып жатыр. Қойдың терісі дейсіз бе, жүні дейсіз бе, жан адамға қажеті жоқ. Ішің удай ашиды. Бір келінім босағамыздан аттаған кезде ақсаусақ еді.

Түк білмейтін. Қазір үй шаруасына, ас-суға майлы қасықтай. Ертеректе біз кеңшарда жұмыс істеп жүргенде осы балалардың алдына бір кесе суын, бір кесе сүтін құйып, белінен байлап тастап кететінбіз. Кешке дейін, біз жұмыстан келгенше жылап отырады. Сөйтіп жүріп өсірдік қой. Бүгінгі күні қай тарапқа қарасаң да астамшылық. Адам обал, сауапты ұмытпау керек. Немере келінім Алмагүлді қолөнерге үйреттім. Есесіне жұмыссыз қалған кезінде қолөнердің арқасында күнкөрісін дұрыстап, маған рахметін айтатын болды.

Батыр ананың айтуына қарағанда, ел ішіндегі бірлік ол кезде өте мықты болған екен. Адамдардың бойында бір-біріне деген жанашырлық, қамқорлық тіпті ересен. Баратай ауылында бірнеше жетім шалдар болыпты. Ауылдың азаматтары қол күші кем әлгі отбасыларға отынын үйіп, шөбін шауып береді екен. Ешкім айтпай-ақ, беттің арын бес төгіп жалындырмай-ақ. Кейінгі ұрпақ алдыңғы буынның әлгіндей қамқорлығын көріп өскен. Өйткені, осының барлығы қара шаңырақтан шымшымдап бойға дарыған қасиет. Қолөнерге баулыған келіні де бүгінгі күні жетім-жесірдің киім-кешегін тегін тігіп беріп, баталарын алып жүр.

–Қыз ұзатарда бүкіл ел болып жасауын дайындайтын едік, – дейді Жәния апай, – ол кезде дүние дейтін дүние бар ма? Мен өзім төркінімнен екі көрпе, екі жастық, бір темір кереуетпен келгенмін. Ал, бүгінгі күннің жосығына қараңыз, барлық пен байлықтың бақ таластырған жарысы тәрізді. Әрине, дүние-мүліктің болғаны дұрыс, бірақ, соның барлығы бәсекеге айналып кетпегені жөн. Е, айтпақшы, төркінімнен ала келген тігін машинам бар. Сол машинамның игілігін ел көрді.

Бүгінгі күні қазақ қоғамында сыздауықтай сыздап тұрған келін мәселесіне келгенде көпті көрген әжейдің айтары аз емес. Пікірінен ұққанымыз, әркім өзінің бұлғақтап бой жеткен қызын, бұлғақтап ер жеткен ұлын тәрбиелеуі керек. Сонда ғана перзент парасатты болып өседі.

–Қазақтың қара шаңырағы деген ұғымды ұмытып бара жатырмыз, – дейді Жәния апайдың қайнысы, ел ағасы Асылбек Есмағамбетов, – егер осы сезім бойымызда жүрсе, ауылдар қаңырап бос қалмас еді. Туған жерге кіндігіңді байлайтын да қара шаңыраққа деген перзенттік махаббат емес пе? Шөкен атамыздың қара шаңырағы Баратай ауылында қалды. Елден көшкен кезде сатып жіберіп едік.

Кейін жас ұлғайып, өткеннің өрелі дәстүріне ден қойған соң әлгі шаңырақты қайта сатып алдым. Уақыттың тезінен тозған үйді жаз шыға жөндеп, ішіне аталарымыз бен әжелеріміз тұтынған заттарын қойып, қалпына келтірмекпін. Балаларымыз бен немерелеріміз демалыс алғанда барып, туған жердің топырағында аунап-қунап жатса бір ғанибет емес пе? Оларға да «міне, сендердің түп тамырларың осы жерде» деп көрсетсек, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан кісілік пен кішіліктің, пайым мен парасаттың ошағын нұсқасақ, тіні тарқатылып бара жатқан тәрбиенің көші қайта оңалып кетер ме еді, кім білсін?!

Асылбек ағаның айтуына қарағанда, бүгінде ер жетіп кеткен немерелері ата жұрты, қара шаңырағы туралы жиі сұрайды екен. Демек, адамның бойындағы алпыс екі тамыры арқылы даритын, ет жүрегінде туған елге деген бір сезімнің жүретіндігі ақиқат болып отыр-ау.

Өткен жылғы айтта елдегі қара қорымға барып, құран оқыттық. Иек астында өтпелі кезеңнің өкпек желінен сәл-пәл тозыңқыраған ауыл бұйығып жатыр. Ат басын тірейтін, біздің әулетке қарайтын отбасы да жоқ. Өз ауылың, өз елің. Өкпек жолаушы ретінде сәлем беріп барсақ, кез-келген көзкөргеннің қарсы алары сөзсіз. Әйтсе де, қара шаңырақты жаппаған дұрыс екен-ау!

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар