Сенатор Көкшетауда ЖЭО құрылысын жеделдетуге шақырды

Сенатор Нұрлан Бекенов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Көкшетау қаласын энергиямен және жылумен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Көкшетау – еліміздегі жылу және электр энергиясының қазіргі заманғы көзі жоқ жалғыз облыс орталығы. Бұл ретте жылумен жабдықтау 1978 жылы пайдалануға берілген, қуаты қалаға жетіспейтін ескірген қазандықтармен жүзеге асырылады.

Сенатордың пікірінше, қаладағы электр қуатының тарифі еліміздегі ең жоғары тарифтердің бірі болып отыр. Электр энергиясы басқа облыстардың энергия өндіруші станцияларынан ондаған делдалдардың желілері арқылы қалаға келеді. Қазіргі заманғы ЖЭО салу мәселені шешуге көмектеседі, алайда оның құрылысын Министрлер Кабинеті тек 2026 жылға ғана жоспарлап отыр. Сенатор жобаны созбауға және барлық бюрократиялық мәселелерді барынша жедел шешуге үндеді.

«Премьер-Министр бекіткен жол картасына сәйкес, ЖЭО-ның бірінші кешенін пайдалануға беру, өкінішке қарай, тек 2026 жылдың қазан айына жоспарланған. ЖЭО құрылысы республикалық жоба ретінде танылғанына қарамастан, оның құрылысы ұзаққа созылып бара жатыр. Тек мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы шартқа қол қою мерзімінің өзі 2023 жылға жоспарланған. Көкшетау қаласында электр және жылу энергиясының тапшылығы бар екенін, сондай-ақ оларды тұтыну өсіп келе жатқанын ескере отырып, ЖЭО салу мерзімін қысқарту керек», – деді Нұрлан Бекенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар