2008 жылдың 11 қыркүйегінде «Арқа ажары» газетінде Хайролла Жармұханов туралы «Елорданың абыройлы азаматы (Дос туралы үзік сыр)» атты көлемді мақалам шықты. Бұл мақала Хайрекеңнің 70 жылдығына арналған болатын.
Осы мақаланың соңына қарай «Шамасы келгенше кімге болса да қол ұшын беруге тырысады. Адамның ақылдысы із қалдырған, артына айта жүрер іс қалдырған – деп даналарымыз өсиет етіп кеткендей…» – дей келе, ол кісінің халқына, туған еліне сіңірген еңбегіне тоқталыппын. Ал, бүгінгі қолыма қалам алуыма себепкер болып отырған жай, қаңтардың ортасында маған жеткен қаралы хабар. Қазір дүниежүзін жайлап алған коронавирус осы досымызды да айналып өтпеді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында жоғары оқу орнын бітірген бірнеше жас ұстаз Кеңес орта мектебінде түйістік. Барлығымыз жаспыз, бір-бірімізбен жолдастық қатынастарымыз жақсы болды. Соның ішінде Исай, Хайролла үшеуміздің қарым-қатынасымыз кейін үлкен достыққа айналды. Бізді кейбіреулер ертеректе шыққан фильмнің кейіпкерлеріне келтіріп, «Үш мүшкетер» деп қалжыңдайтын. Бір кездегі үшеуміз түскен суретте Хайролла ортада бір-бірімізді жақындастырып тұрғандай көрінеді.
Үшеуміз адал дос болдық. Әр жерде қызмет атқарсақ та, бір-бірімізбен байланысымыз үзілген жоқ. Тұңғыш балаларымыздың есімін қоюды да достарымызға сеніп тапсырдық. Хайрекеңнің үлкен ұлы Нұрланды мен қойдым. Бүгінде сол Нұрлан да іргелі отбасы болып, немере сүйіп отыр. Ал, Хайрекең менің үлкен баламды Гүлнара – деп атады. Хайролла мен отбасын құрғанда күйеу жолдас болды.
Келінді бір ауылдан екінші ауылға апаруға түннің бір уағында шықтық. Ол кезде жеңіл машина жоқтың қасы, жүк машинасымен жүріп келе жатқанбыз, бір уақытта машинаның жарығы сөнді де қалды. Жол нашар көрінеді. Грейдерден түсіп кету қаупі бар, күн суық, қараша айы. Хайрекең ол уақытта ауданның белді қызметкері, соған қарамастан, машинаға жол көрсетіп, бір он шақырымдай алдынан жүгіріп отырып, ауылға жеткізді.
Берік достығымыздың айғағы болып табылар ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тіпті бір-бірімізге қойып алған қосымша есімдеріміз де болатын. Осы үшеуміздің біреуіміз Кока-кола сусынын ішуді ұнататынбыз. Сонда бір-бірімізге қонырау шалғанда өз арамызда «Кока-кола қалай?» деп сұрайтынбыз. Міне, осылай әр жердің азаматтары болсақ та, достығымыз өте жарасымды болатын. Хайролла мен Исай заманның ағымына қарай, Омбы облысында өсіп-жетілген. Мен оларға «оралмансыңдар» деп қалжыңдайтынмын.
Қызметке де адал болдық. Исай Төкенұлы Бурабай ауданының білім саласын 30 жылдай басқарып, зейнетке шықты. Мен Ақкөл, Сілеті аудандарында басшылық қызметтерде болдым. Исай Ибраев Бурабай ауданының, мен Ақкөл ауданының құрметті азаматтарымыз. Ал, Хайрекеңнің қызметтерін тізіп шықсам, ол кісі халық алдында қандай еңбек сіңіргенін соның өзінен көруге болады. Қызметін ұстаздықтан бастап, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, мектеп директоры, кеңшар партия ұйымының хатшысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің хатшысы, осылай жалғаса береді. Үшеуміз де бірнеше мемлекеттік марапаттарға не болдық.
Халық аузында «Адамға ағайын-туғанды Құдай береді, ал, достарды әр адам өз қалауымен табады» деген сөз бар. Осы рас. Әр адам өз мінезіне, түйсігіне, өмірге көзқарасына сәйкес бір-біріне өте жақын жүріп, өмірлік дос табады. Біз де осындай жолмен бір-бірімізбен дос болдық қой деп ойлаймын. Біз Исай екеуміз тұйықтаумыз, ал, Хайролла ашық, бізді өзіне тартып, жақындастыра беретін. Американдық қайраткер Авраам Линкольннің мына сөзі Хайрекеңе бағытталып айтылған сияқты: «Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы».
Осындай азаматтығы мол, досқа адал, көңілімізге өте жақын азаматымыздан айырылып қалдық. Қазір Исай екеуміз сөйлескенде ойымызға Хайрекеңнің бірге жүргендегі жақсы қасиеттері орала береді, досымыздың қанша өмір сүрсек, сонша уақыт көз алдымызға елестей беретіндігіне кәміл сенемін. Әлі де Хайрекең ортамызға оралатындай күйде жүрміз. Жақсы азамат, қимас досымыздың жатқан жері жайлы болып, артында қалған ұрпақтары ол кісінің атына кір келтірмей еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар болуын қалаймыз.
Еркін Дәуешұлы, Исай Ибраев.