Ақмола облысында биыл 5,1 миллион гектар жерге дән себіледі

Ақмола облысында биылғы жылы барлығы 5,1 миллион гектар алқапқа дән себіледі. Оның 4,6 миллион гектары дәнді, 277,6 мың гектары майлы дақылдар.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Еркеш Әленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының мәліметінше, 807 мың га аумақта үш реттік пар өңдеу (бұл 2020 жылғы деңгейден жоғары 48,5 мың га), 1 млн. га (2020 ж. – 881,7 мың га) аумақта сүдігер жырту жұмыстары жүргізілді.

«Өткен күзде облыс диқандары 2022 жылға қажетті 529,8 мың тонна тұқым қорын жасады. Биылғы жылы барлығы 5,1 миллион гектар алқапқа дән себіледі. Оның 4,6 миллион гектары дәнді, 277,6 мың гектары майлы дақылдар үлесінде», – деді Еркеш Әленов.

Басқарма басшысы атап өткендей, мал шаруашылығының жем-шөпке деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету мақсатында облыста жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын ұлғайту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Биыл жүгеріні есепке алғанда, жемшөп дақылдарының алаңын 195 мың га дейін кеңейту жоспарланған. Бұл 2021 жылға қарағанда 19,7 мың га артық. Картоп пен көкөністер, тиісінше 16,8 және 2,7 мың га алаңға орналастырылатын болады. Топырақ құнарлылығын арттыру, өндірілетін өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында облыста жыл сайын минералды тыңайтқыштарды сатып алу көлемі ұлғаюда.

«Мәселен, 2021 жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 90 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алды (оның ішінде 67,2 мың тонна субсидияланған), бұл 2020 жылдан 24 мың тоннаға артық (2020 жылы – 65,9 мың тонна, 65,9 мың тонна субсидияланған). Биылғы жылы осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Бұл мақсатқа облыс аграрилерін мемлекеттік қолдау үшін тыңайтқыштар сатып алуға 50 пайызға дейінгі шығындарды өтеу бойынша 3,2 миллиард теңге бөлінді», – деп толықтырды Еркеш Әленов.

Брифингте айтылғандай, сапалы тұқымның қолжетімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы басқармасы оларды сатып алуды субсидиялау бөлігінде мемлекеттік қызмет көрсетеді. Ауыл шаруашылығы құралымдары нақты сатып алынған элиталық тұқымдар үшін 70 пайыз (дақылдың егіс алаңының 15% – ынан аспайтын) және бірінші көбейтілген және 1-ұрпақ будандарының тұқымдары үшін 50 пайыз (алқаптың 20% – ынан аспайтын) мөлшерінде шығындарды өтеуге сене алады. Осы жылға арналған субсидиялар көлемі 789 миллион теңгені құрайды, бұл жалпы көлемде жоғары репродукциялы тұқымдардың үлес салмағын 85 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Басқарма өсімдіктерді аса қауіпті зиянкестер мен ауруларға қарсы қорғау құралдарын қолдану алаңын кеңейту бойынша да жұмысты жалғастырады.

Атап айтқанда, биыл бөлінген 8 миллиард теңгеден астам қаражат есебінен фермерлердің пестицидтерді сатып алу шығындарын 50 пайызға дейін арзандату көзделген.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың маңызды мәселелерінің бірі машина-трактор паркін жаңарту болып табылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыстың АШТӨ жалпы сомасы 63 миллиард теңгеге 2187 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде тракторлар – 465 бірлік, комбайндар – 345 бірлік және егіс кешендері – 101 бірлік. Техника паркін ұлғайтуда инвестициялық субсидиялау және техника лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарды. Биылғы егіс науқанына шамамен 14,8 мың трактор, 16,4 мың тұқым сепкіш және 1,4 мың өнімділігі жоғары егіс кешені қатысатын болады. Ауыл шаруашылығы техникасының егіс науқанына дайындығы 90 пайызды құрайды», – деп түйіндеді Еркеш Әленов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар