Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елге ел қосылып жатыр - АРҚА АЖАРЫ

Елге ел қосылып жатыр

2021-2022 оқу жылы басталғанда Бурабай ауданындағы Обалы ауылының негізгі орта мектебінде бала саны жетпей, ел іші елең етті. Онсыз да орта мектебі жабылып, тоғыз жылдық негізгі мектепке айналған ауыл жабырқап қалған. Енді бала жетпесе мектеп бастауыш мектепке айналмақ. Жалпы, ауылда мектеп болмаса елдімекеннің берекесі кетері белгілі еді. Осыдан 5 жыл бұрын Обалыдан 9 шақырым жердегі Түлкілі ауылының мектебі баланың азаюы салдарынан 9 жылдықтан бастауышқа айналып, ақыры жабылып тынған. Ол да есте…

Бұл хабар үлкен-кішінің ұйқысын қашырды. «Не істеу керек?» керек деген сұрақ көлденең тұрды. Ойласа келе: « Шұғыл түрде бір-екі үй дайындайық. Сосын хабар салып, көп балалы отбасыларын шақырайық.» деген  тоқтамға келді. Қалғаны – осы ойды жүзеге асыру еді. Ешкім сырт қалған жоқ. Ауыл жұдырықтай жұмылды.Жұрт ақша жинап, көшіп жатқандардан 4 пәтер сатып алды. Оларға жөндеу жүргізіп, жаңғыртты. Сондай қауырт  жұмыс басталғанда  мектеп мұғалімдері әлеуметтік желіге хабар жазып таратты.

Шынында, Обалы ауылы Щучинск қаласынан 45 шақырым ғана жерде орналасқан. Электр желісі тартылған, жан-жағы шоқ қайың, орманды алқап. Ұңғымадан тартылған таза су бір орталықтан таратылады. Көшелері асфальтталған. Тұрғындар жеке шаруасын өрбітіп, үй жанынан көкөніс, картобын егіп, мал ұстайды, құс өсіреді. Ерінбегеннің бәрі күйлі тұрады. Ауылға таяу  «Қараүңгір» деген көлге  тіпті сонау Ресейден адамдар келіп, палатка тігіп, айлап жатып дем алады. Жаман болса сөйте ме? Тұрмыс-тіршілікке қолайлы-ақ жер.

«Бурабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 2 шағын шаруа қожалықтары бар. Егін егеді, мал ұстайды. Оларға комбайншы, көлік жүргізуші, темір пісіруші қажет, мал бағатын адам керек. Қысқасы, ынталы жанға жұмыс табылады.

Сөйткенше, Алматы облысы Қаскелең қаласынан Камила Исмаилова атты 5 балалы ана хабарласып, ауыл, тұрғын үй, мектеп  жайын сұрастырады. Анық-қанығына жеткен соң,келетінін айтады. Мектеп директоры Қымбат Ахметова  оның билетіне қаражат жіберіп, обалылықтар қонақтарын 15 қаңтар күні пойыздан құшақ жая қарсылап алады. Олар жеткенше мұғалімдер кезек-кезек келіп, от жағып, үйді жылы ұстайды. Азаматтар отын түсіріп, әрқайсысы азық-түлік кіргізіп, төсеніштерін төсеп, көрпелерін жайып, әлгі үйді дап-дайын етіп қояды. Сөйтіп, көп балалы ана ұядай жылы, дап-дайын үйге келіп кіреді.

Обалылықтардың өздерін қалай қарсы алғандықтары туралы Камила жанарына жас толып, тебірене әңгімелейді.

–Қаскелеңде пәтер жалдап тұрдық. Кейде оған төлейтін қаражат болмай, көшеде қалған уақытымыз да болды. 5 баламен пәтер кезегінде тұрғаныммен үйге қашан кіретінім белгісіз еді. Сөйтіп, жүргенде осы хабарды естіп, хабарластым. Мына ауыл адамдарының мейіріміне, қамқорлығына өте ризамын. Бәрі қолынан келген көмектерін жасап жатыр. Мұндай жылылықты өмірі көрмеп едім. Қатты қиналып, өмірден кете салсам ба деген де сәттерім болған. Енді бақша салып, мал ұстап, жұмыс істеп, жұрт қатарлы тұрмыс  кешуге тырысамын. Өзімді көптен  осында тұрып жатқандай сезінемін. Балаларым да қуанышты. Өз үйіміз бар екеніне, ешкімнің қуып шықпайтынына қуанамын. Біз де біреуге керек боламыз деп ойламап едім,–дейді тарыққан күндерін еске алып Камила. Өмірден ерте өткен сіңлісінің қызы Дамиляны да ала келіпті. Ата-анасыз, осыған дейін өзін паналап жүрген жап-жас баланы қайда қалдырсын. Өзі де: «Не болса да сізден қалмаймын» депті. Оны да мұғалімдер аудан орталығындағы колледждердің біріне орналастырамыз деп отыр.

Біз барған күні таңертең аудан имамы Жасұлан деген азамат келіп, ет, кілем, балаларға киім кешек сыйлап кетіпті. Көршісі Жарылғасын Шадыров өз үйіне келіп тұрған судан су желісін тартып беремін депті.

Кәмиланың төрт баласы мектепке барған соң, негізгі орта мектептің жабылу қаупі сейілген. 38 оқушы еді, енді 42 болған. Оларға 18 мұғалім сабақ беруде. Әр пәнді  өз мамандары оқытады. Мектеп асханасы жұмыс істейді. 15 бүлдіршін тәрбиеліп жатқан бала бақша мен 9 бала тәрбиелеп отырған  бөбекжай да осында. Ал, 10, 11 сыныптар жабылған соң, жоғарғы сыныптағы ауыл балалары Щучинскінің №9 мектеп-интернатында оқып жүр. Сол интернат автобусы оларды демалыс күндері әкеліп-әкетіп тұрады екен.

Осы игі бастаманың, көпті ұйымдастырудың басы-қасында жүргендердің бірі ауыл азаматы Нұрлан Қабдуллин ауылға Қызылордадан наурыз  айында төрт балалы тағы бір отбасының көшіп келетінін айтты.

–Басқа ауылдардан да келем деушілер бар. Көп балалы отбасылар келе қалса 3 үй дайын тұр. Біз осы жұмысымызды жалғастырып, көшіп кетушілердің үйлерін сатып алып, жөндей бермекпіз. Сөйтіп, ауылдағы бала санын көбейтіп, 11 сыныпты  орта мектебімізді қайтадан ашсақ дейміз,–деп, обалылықтардың тас-түйін бекінген жоспарын айтты.

Көп жиылса, алынбайтын қамал бар ма? Қазір ауылдағы үш қабатты мектептің үшінші қабаты түгел қаңырап бос тұр. Ауыл тұрғындары мектептері балаға толып, толыққанын, сән-салтанаты қайта жарасқанын аңсайды.

Обалылықтардың білек сыбана кіріскен игі істері өзгелерге үлгі боларлықтай. Ауылды сақтап қалу үшін алдымен қотандағы мектеп жабылып қалмауы керек. Соған ұмтылып жатқан Обалы ауылы тұрғындарының оң бастамасына сүйсініп аттандық.

Серік Жетпісқалиев,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар