Күдікті қойып, сенім мен үмітке ден қоялық!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатынан кейінгі ой.

Бұл сұхбатты қазақ қоғамы күткені де рас.Алайда, биылғы қаңтар оқиғасы жайлы, оның себеп-салдары жайлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қай тілде айтса да, алдын ала жасалған қорытынды және белгілі болған жайларды өзі болып жасырмай да, жасқанбай да айтып-ақ келеді. Еске салар болсақ, Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде де, халыққа Үндеуінде де, «Хабар» арнасына берген сұхбатында болсын Президент адал сөзін айтты, ақиқатты жасырмады деп ойлаймын. Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатынан жалған сөйлеуді және жалған айтуды білмейтін жан.Түйсігім соны айтады. Және бұл жайлы «Менің таныған да, таңдаған да тұлғам» атты сөзімде «Тоқаев ардың адамы» деп айтқан да едім. Және дәл қазіргі кезде ТМД мемлекеттерінің президенттері арасындаға ақылды да, парасатты, білімді де, білікті және дипломатиялық жағынан ысылған мол тәжірибелі де беделді, әлемдік саясатта өз орыны мен өз үні бар Тоқаевтан асқан басшы жоқ!

«Митингке шыққандардың бәрі лаңкес пе?» деген журналист Жайна Сламбектің қойған осы бір сұрағы өте күрделі де қиын сұрақтың бірі болды ғой деп ойлаймын. Журналистің сұрағына Президент қалай жауап берер екен деп елең ете қалғанымыз да болды. «Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік… Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингке қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды. Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі», – деп жауап бергендігі ендігі арада баршамыздың иланатын бір ортақ ақиқатымыз осы болуы керек!

Лаңкестердің болғандығы және солардың бейбіт шерушілерді арандатып, елімізде бүлік ұйымдастыру үшін әрекеттер жасағандығына енді көзіміз жетіп отырғаны анық!«Ең алдымен, лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал, бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын», – деген Президентіміздің айтып отырған сөзінде де еш күмән жоқ.

Қазір Мемлекет басшысы күн құрғатпай құық органдарының басшыларын қабылдап отырғандығын біліп отырмыз. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі айтып отырғанындай«бейбіт тұрғындарды лаңкестерден бөліп алуымыз керек» деген адал ойын жүзеге асыру үшін және жазықсыз жандар

құйысқан арасында кетіп, босқа айыпталып кетпесе екен деген таза адами ниетінен туып отырғаны да анық.

«Алаңға шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді»,–деген Президент сөзі де ақиқат сөз.

Бетін аулақ қылсын, басына іс түскен кез келген адам ең әуелі ақталып бағатындығы, өзіне шаң жұқтырмасы да анық. Қаңтар оқиғасы кезінде оқ атылып, кісі өліміне де, әкімшілік мекемелерді басып алу әрекеттері де, дүние-мүлікті бүлдіріп, қирату да орын алған жағдайдан кейін былайша айтқанда, кімнің ақ, кімнің қара екендігін анықтап алу өте күрделі мәселенің бірі.

–Бұзақылар туралы мәселеге келсек. Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж», – деді Президент. Ақиқат сөз!

Мұның бәрінің тергеу жұмыстары барысында анықталатындығын да айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев «көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауап беріледі. Бәрі де айтылады. Халықтан ештеңені жасырып қалмаймыз. Қазір тек мына нәрсені ғана айта аламын. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды», – деді. Сондай-ақ,Мемлекет басшысы болған істің ақиқатына көз жеткізбесе, мұндай қауіп қайталануы мүмкін екенін де ескертуі әбден орынды деп санаймыз. Ақиқаты осы!

«Өз басым «мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді»деген Президенттің сөзіне сенемін»,–деп бұдан бұрын да айтқан және жазған болатынмын.

–Тәуелсіздікке опасыздық жасалғаны емей немене, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті сол кездегі елде қалыптасып отырған жағдайды білмеді ме, білді әрине! Қару-жарақтың жиналған ортасын білмеді ме, тағы да біліп отырды! Елде бүлік шығуына солардың өздері ынталы болғаны да анық! Өйткені, оларға билікті өз қолдарына алу керек болды. Өйткені, оларға қалың қазақтың ояна бастағаны, талап қоя бастағаны жақпады, қорықты! Қара халықтың елді жемқорлық жайлап, биліктегілердің ойларына келгендерін істеп жатқандықтарын біле бастағандарынан қауіптенді! Заңды-заңсыз ие болған байлықтарын сақтап қалуды ойлады!

Және де Қазақстанның екінші Президентінің «халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз», «жемқорлық мемлекеттің болашағына балта шабатын кесел», «әлеуметтік теңсіздікті болдырмаймыз» деген сияқты халықтың ойы мен көкейінде жүрген сөздерді айтып, қоғамда әділдік пен адалдық орнату жолындағы қадамдарын да жақтырмағандар болмады емес, болды.

Міне, қара халықтың жағдайынан да, қара бастарының жағдайын ойлап кеткендер, енді бір амал жасаулары керек еді. Олар халықтың бейбіт наразылығын қарулы қақтығысқа ұластырудың, елдегі жағдайды ушықтырудың жоспарын алдын ала жасамады деп кім айта алар?! Сол топ әуелі Алматыны басып алып, содан соң қазіргі Президентті не өз еркімен биліктен бас тартуға, болмаса шет елге кетіп қалуға мәжүбір ету арқылы, билікке өздерінің өкілдерін әкелуді мақсат еткені де анық деймін.Олар сөйтіп өз байлықтарын да, өз бастарын да арашалап алып қалмақшы болды деп ойлаймын. Бұл менің өз пайымым!

Осы бір аса қиын жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатқа тән салқынқандылық танытып, сабырын тауыспай, қорықпай, үрікпей батылдықпен шешім қабылдап, ОДКБ-ға мүше мемлекеттерден көмек сұрап, әскер алғызғаны өте орынды шешім еді.

Бұл Тоқаевтың Тәуелсіздікке, өз елі мен халқына деген Адалдығы еді!

Бұл Тоқаевтың «өз халқыма адал қызмет етемін» деп берген Антына адалдық танытып, өз басын қауіп пен қатерге, өз кеудесін оққа тосқандығы еді! Тәуелсіздікті сақтап қалу, елді төнген қауіптен аман алып қалу және осы жолда адам шығынына жол берілуі Президентімізге оңай түспегені, оңай болып тұрмағандығы да анық.

Иә, Президент өз сұхбатында ақиқатты айтты.Қазір біздің алдымызда ел болудың басты әрі жауапты міндеті тұр. Әрбірден соң шеруге шығуды да қоя тұрып, елдің қордаланып қалған мәселелерін бірлесіп шешуге, адал еңбек етуге барынша мән де бергеніміз абзал. Осы сәт біздің алдағы уақытта ел болуымыздың тағдыры таразы басына тартылып тұрған сәт. Ел болу үшін бірігейік, ел болу үшін бірлігімізді нығайтайық! Тәуелсіздіктің тағдыры өз қолымызда! Енді әр нәрсеге күдіктене бермей, әрқайсымыздың көңілімізде алдағы жақсы күндерге деген, жаңа Қазақстанның жарқын болашағына деген сенім болсын!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар