Жылдан-жылға жылу жетісе бермейтіндігі байқалады

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифинг қонақтары «Көкшетау жылу» мекемесінің бас директоры Руслан Мақышев пен бас директордің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Асқар Нұрмағамбетов болды.Олар журналистерге коммуналдық қызмет көрсету сапасы, осы орайда кездесіп отырған кейбір қиындықтар  жөнінде хабарлама жасады.

– Көкшетау қалалық әкімдігі жанындағы «Көкшетау жылу» шаруашылық жүргізу құқындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны облыс орталығына  жылу тарататын негізгі көз болып табылады, –деп бастады сөзін Руслан Мақышев, – Оған қаланы жылумен қамтамасыз ететін РК-1, РК-2 қазандықтары, Станционный кентін жылытатын қазандық және  Краснояр кентін жылытатын БМК қазаны қарайды. Жылу желісінің жалпы ұзындығы 188,738 шақырым. Ол желінің 50,1 пайызының тозығы жеткен. Осындай жағдайдағы мекеме 4 765 нысанға жылу жеткізеді. Оның ішінде 995 көп қабатты тұрғын үй, 2530 жеке үйлер болса, жылытылатын пәтерлердің жалпы саны 52 852 немесе 3 069 283 шаршы метр алаңды қамтиды. Сол сияқты, «Көкшетау жылу» 117 білім беру нысандарын, 47 денсаулық сақтау мекемелерін, 158  мәдениет және мемлекеттік орындар, 918  кәсіпорындар тағы басқа ұжымдар ғимараттарын қамтиды. Жылу маусымы аяқталысымен, мекеме жөндеу, қалпына келтіру, жаңғырту, тазарту жұмыстарына кіріседі. Оған қыруар қаражат жұмсалады.

Руслан Мақышев осылай дей келе, өткен жылы қайта жөнделген қазандықтарды, жылу желілері мен құбырлары ауыстырылған көшелерді, бұл бағыттағы алдағы жоспарларды  атады. Алайда, мекеме кез болып отырған қиындықтар аз емес. Әсіресе, жеке үйлерден тұратын аудандарда жылу әр үйге әрқалай беріледі деп арызданушылар көп. Оның себебі, бірқатар тұрғындардың әртүрлі тәсілдермен өз үйін ғана жылытуды көздеуінде. Ондай аудандар тексеріліп, жылу беру процесіне кері әсер ететін ақаулар ретке келтірілуде. Мұндай жағдай «Бірлік», «Жайлау», «Автогородок», «Боровское» шағын аудандарында жиі ұшырасып отыр. Сол сияқты, көптеген көпқабатты үйлер қараусыз, қызмет көрсету ұжымдары ұйымдастырылмаған. Олар қысқы жылу беру маусымына дайындықсыз келіп, жылудың көп бөлегін рәсуа қылады, көрші тұрған үйлерді бірқалыпты жылытуға кері әсер етеді. Жиі жарылатын, тозығы жеткен тұрбалардан келер әлек өз алдына. Жалпы, ТЭЦ жоқтығынан, жыл сайын құрылыс көбейіп, өсе түсіп отырған қалада жылудың жетіспеушілігі байқала беретіні заңды.

Осындай ұлан-ғайыр жұмыстарды уақытында, сапалы атқаруға тұрғындардың жылу үшін уақытымен төлемақы төлеуінің зор ықпалы бар. Өкінішке орай, тұрғындар қарызы шаш-етектен. Қарызы көптермен жұмыс өз алдына бір төбе. Аяғы сотқа беруге дейін жетеді.

«Көкшетау жылу» басшылары мекемеде  соңғы жылдары орын алып отырған жұмысшы мамандар тапшылығына да тоқталды.Бүгінгі таңда 93 бос орын бар екен. Жұмысшылар орташа есеппен айына 125 мың теңгеден алады. Оған жоқ адамдардың орнына жасаған еңбегі  үшін алатын қосымша ақылары қосылады.  Сонда да жастардың жөндеуші болып орналасуға, осы мамандықты игеруге  құлықтары жоқ. Оларға еңбек демалысына қоса  емделу үшін ақы төленіп, балалары демалыслагерлеріне орналастырылып,  санторийлерге жіберу ұйымдастырылып, түрлі жеңілдіктер қарастырылуда.

Осындай, шаралар өз жемісін береді, ұжымға жас мамандар келе бастайды деп сенеді «Көкшетау жылу» мекемесі.

Серік Сапарұлы,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар