Кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін алимент өндіріп алудың тәртібі

Неке-отбасы заңнамасына негізделетін қағидаттардың бірі – кәмелетке толмаған балалардың және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың құқықтары мен мүдделерін басымдықпен қорғау болып табылады.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 138-бабына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды. Бұл ретте ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары білім беру жүйесінде білім алатын кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы яғни, алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы. Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға өз еркімен көмек көрсетпеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады. Содан кейін сот атқару құжатын жазып береді және орындау үшін сот орындаушысына ұсынылады.

Өкінішке орай, алимент өндіріп алу туралы атқарушылық өндірістердің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2020 жылы Ақмола облысының жеке сот орындаушыларының орындауында – 11172 атқарушылық құжат болса, 2021 жылы – 12141 құжат болды. Атқарушылық іс жүргізуде оның осы санаты әлеуметтік маңызы бар санатқа жатады. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында (әрі қарай – Заң) алименттерді өндіріп алу тәртібі регламенттелген. Барлық алимент төлемдері бойынша берешекті өндiрiп алу алимент төлеушiнiң жалақысынан және басқа да табыстарынан жүргізіледі.

Алимент бойынша берешектің мөлшерін сот орындаушысы өндіріп алу жүргізілмеген уақыт ішінде борышкер алатын нақты жалақыны немесе кірісті негізге ала отырып, шешімнің орындалатын жері бойынша айқындайды. Бұл ретте алимент борышкердің жалақысынан 50 пайыздан аспайтын мөлшерде ұсталуы мүмкін. Сот орындаушысы өндіріп алушының немесе заңды өкілінің өтініші бойынша кез келген уақытта, бірақ көп дегенде тоқсанына бір рет борышкердің жалақысы мен басқа да табыстарынан ұстап қалудың және ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады. Сонымен бірге, алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және осы Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады, онымен қоса, осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады.

Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер немесе алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады. Мұндай мәселеге тап болмас үшін борышкерге қызметтік жұмыс тауып, ағымдағы алименттерді алынатын жалақысына қарай аударған тиімдірек. Сонымен бірге, егер борышкер жұмыс істемесе, қарызды есептеу орташа айлық жалақыға сәйкес жүргізіледі. Мысалы, қазіргі уақытта орташа айлық жалақы 260 000 теңгені құрайды. Егер бір баланы асырау үшін төленетін алименттерді есептесек, оның ағымдағы қарызы кірістің төрттен бір бөлігін құрайды да, онда ай сайынғы төлем 65 000 теңге болады. Ал, егер алимент төленбесе, қарыз ай сайын өсе береді. Осылайша, жоғарыда көрсетілген шаралар атқарушылық іс жүргізудің мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін бағытталғанын және кәмелетке толмаған балаларды қорғау кепілдіктерінің бірі болып табылатынын атап өткен  жөн.

Жанар ӘБІЛҚАСЫМОВА,
Ақмола облыстық  жеке сот орындаушылары аумақтық палатасының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар