«Өзгерісті өзіңнен баста!»

«Өзгерісті өзіңнен баста!» тақырыбында өткен республикалық еңбекші жастар форумын Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды. Көрікті  Бурабай ауданында болып өткен бұл іс-шараға «Келешек» өңірлік және салалық жастар кеңестерінің төрағалары мен жұмыс істейтін жастар қауымы қатысты.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70-тен астам кәсіподақ төрағалары мен «30 Еңбек Елшісі» кәсіподақ жобасының жеңімпаздары бас қосқан кездесудің басты мақсаты – еңбек жастарының оң имиджін қалыптастыру, оларды кәсіподақ қызметіне тарту, еңбек құндылықтарын дамыту. Бұл республикадағы карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейінгі офлайн форматта бас қосқан алғашқы іс-шара екенін атап өткен жөн.

Екі күнге созылған форум бірнеше бағытты қамтыды. «Жастарды тартудың тиімді модельдері мен нысандарын дамыту», «Қазақстан жастарының кадрлық әлеуетін арттыру», «Жастардың маңызды әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуге қатысуы» сынды негізгі тақырыптар форумның негізгі өзегіне айналды. Тәжірибелі мамандар қатысушылармен білім-біліктерін бөлісіп, өз жұмыстары барысында кезіккен жағдайлардан мысалдар келтірді. Әрбір делегат диалог алаңында өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

–«30 Еңбек Елшісі» жобасы алғаш рет өткен жылы қолға алынды. Форумға қатысушы 70 делегаттың арасында осы кәсіподақ жобасының жеңімпаздары да бар. Олар «Келешек» өңірлік және салалық жастар кеңестерінің көшбасшылары, төрағалары мен мүшелері, – деп атап өтті өз кезегінде форумды ұйымдастырған Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының жастар ісі жөніндегі кеңесінің төрайымы Дария Хамитжанова.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешовтің айтуынша, биылғы жыл әлеуметтік әріптестік жылы болып жарияланып, жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс істеуге баса назар аударылуда.

–2 миллионға жуық қазақстандық кәсіподақтар федерациясының мүшесі болып табылады. Федерацияның міндеті – салалық кәсіподақтардың проблемаларын шешуде оларға барынша көмек көрсету. Біз жас көшбасшыларды диалогты қалай тиімді құруға, кәсіподақ мүшелерінің мүдделері мен құқықтарының қорғалуына қол жеткізуге үйретеміз. Жұмыс беруші өз қызметкерлерінің талаптарын тыңдауға міндетті. Егер жұмыс беруші олардың сұраныстарын қанағаттандыра алмаса, егжей-тегжейлі жауап беріп, себебін түсіндіруі керек. Жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар кәсіподақтарда әлеуметтік наразылыққа жол бермей, мәселені кез келген тәсілмен шешуге тиіс адамдарды емес, өз серіктестерін көруі тиіс, –деді федерация төрағасының орынбасары.

–Форум өте қызықты өтті. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтқым келеді. Өйткені, шара барысында біз цифрландырудан бастап, түрлі өзекті тақырыптардағы тренингтерді көрдік. Мемлекет басшысы назар аударған жаңа тренингтерге қатысып, өндірісте өзін қалай ұстау керек, еңбек дауларын қалай шешу керек, қызметкерлерге идеология мәселелерін қалай түсіндіру керек деген жайларды қамтыдық, –деді павлодарлық жастардың бірі Зарина Әбікенова. 

Соңында өңірлік кеңес төрағалары осы жылға арналған стратегиялық  жоспарларымен бөлісті. Форум қорытындысы бойынша кәсіподақтың жас  көшбасшылары Қазақстанның еңбек нарығындағы жастардың атынан үндеу қабылдады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар