Көкшетаудағы «Болашақ» сарайы қазақтың ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап, 13 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жастар арасында айтыс өткізді. Алты жұп сөз сайыстырған додада Ерейментаудан келген он сегіз жасар Жаңылжан Жолдымұрат бас жүлдені жеңіп алды.
Айтыс десе арқасы қозатын қазақтың пандамея әкелген тиым аяғына тұсау болып, талай тартысты айтыстар өтпей, опындырып жүргені рас-ты. Бұл шара сол олқылықтың аз да болса, орынын толтырып, бұлтын сейілткендей болды. Әрине, залды толтырып, иін тірескен көрермен жиюға рұқсат етілген жоқ. Дегенмен, «Аламанға түспеген соң айтыскер ақындар қайралмай, шыңдалмай, тоқырап қалады-ау, жас ақындар тәрбиеленіп, өспей жатыр-ау» деген уайымды арылтқан тартысты бір айтыс болып өтті. Жас айтыскерлердің қалыптан шығып, «қарайып» қалмауына олардың өнеріне бас-көз болып жүрген ұстаздарының ықпалы тиген.
Сайыстың әділ қазылар алқасына арқалы айтыскер ақын Арман Бердалин төрағалық етті. Мүшелігінде ақын Қуаныш Оспан, қызылжарлық айтыскер Жұмабек Рахымов, әдебиетші-ғалым Гүлден Қажыбаева болды.
Жас ақындардың әрқайсысы өздерінің ерекше мәнерлері бар, ерекшеліктері бар екенін дәлелдеді. Қайсысы болсын қазақтың осы айшықты өнеріне өз қолтаңбаларымен келіп, көрерменнің көзайымына айналуға тырысты. Мысалы, бірқатар республикалық жарыстарда жүлде алып, жеңімпаз атанып жүрген 13 жасар Еліш Нұрғиса екпіндетіп, төкпелеп айтып, тыңдағанның делебесін қоздыруға құштар. Мақамына орай сөзі де ірі. Кесек сөйлеуге тырысады. Алда тыңдарманның құлақ құрышын қандырар, қызу қанды, өрнекті ақын боп кетеріне сендіреді. Қызылжардан келген он сегіз жасар Ермек Жүминнің жас та болса, сөзі салмақты, ойы жүйелі көрінді. Бурабайлық Кәусар Сейілханның әттең, әлі тәжірибесі аз. Әйтпесе, қазақтың ізет-әдебінен аспай, сызылтып отырып, сәнді айтыс өткізер мүмкіндігі барын байқатты. Болашақта тыңдарман талабынан шығар, таңдаулы ақынның бірі атанар деген ойда болдық. Ерейментаулық Сәттібек Серікболат, бұландылық Ақтілек Хайымхан, Берденбек Мырзат сияқты ақындар да ұтымды сөз айтып, қарсыласын қапы қалдырып отырды. Ақтілектің домбыра тартуы шебер, әншілігі тәуір, дауысы жақсы екен. Жаңылжан Жолдымұраттың әні сазды, мінезі жайлы, сөзі салмақты. Қарсыластары қалай ойқастаса да, жүрісінен жаңылмай, сөз тауып, жығып кетіп отырды.
Айтысты жүргізген «Болашақ» сарайының әдіскері, айтыскер ақын, көп жыл жас ақындар мектебіне жетекшілік еткен Мұхамед Қоңқаевтың жас өнерпаздарды қолдап, қажет тұста ақыл-кеңесін жеткізіп, жөн сілтеп отыруын орынды көрдік.
Қазылар алқасы ақындардың айтыс тақырыбын ашуы, қарсыласының сөзіне жауап қайтаруы, суырып салмалық шеберлігі, сахнада өздерін ұстау мәдениетін саралап, талқылай келе оларға берілген орындарды жария етті.
Осылайша тартысты өткен айтыс қорытындысында Ақтілек Хайымхан 3-ші орын, Сәттібек Серікболат 2-ші орын, Ермек Жүмин 1-ші орынға, Жаңылжан Жолдымұрат бас жүлдеге ие болды. Жүлдегерлер мен барлық қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.
–Біз алда балалар өнерін жетілдіру мақсатында осындай айтыстар өткізіп тұратын боламыз. Алғашқы айтысымыздың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновқа арналуын үлкен жақсылық нышанына балаймыз, – деді жеңімпаздарды құттықтап сөз сөйлеген «Болашақ» сарайының директоры Айнагүл Балташева.
–Айтыс неғұрлым жиі өтсе, солғұрлым айтыскерлер шыңдала береді. Сондықтан, осы айтысты ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Айына бір немесе екі айда бір келіп, жас ақындарға шеберлік сағатын өткізуге дайынбыз. Білгенімізді айтып, тәжірибемізбен бөлісуден тартынбаймыз. Өйткені, айтыс – халқымыздың ерекше құрмет тұтатын өнері, – деп қуаттады оның сөзін Арман Бердалин.
Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.