Биіктікті бағындырған Екатерина

Әдетте кәдімгі бағанаға шығып, электр сымдарын жалғап жататын электр монтері мамандығын ер адамдардың жұмысы деп жатамыз. Біздің Ақмола облысында оған келіспейтін бір адам бар. Ол – Екатерина Глушкова. Бүкіл облыста әйелдер арасынан шыққан  жалғыз электр монтері. Биіктікке шығуға рұқсат қағазы бар. Сондықтан да, осы бір ханым электр монтері мамандығын еркек-әйел деп бөле-жаруға болмайтын, бәрімізге де ортақ кәсіп деп есептейді.

Екатерина Владимировна Қарағанды облысының Ақжал кентінде туып, жұмысшы отбасында тәрбиеленген. Биіктіктерге құштарлық оның бойында бала жасынан бар. Себебі, біздің кейіпкеріміздің анасы Лилия Леоновна мамандығы бойынша құрылыс және көпір крандарының машинисі. Құс ұшатын биіктікте отырып, талай жылдар небір үйлердің құрылысын жүргізуге, көпірлер салуға маңдай тер үлесін қосқан. Ол аздай 1987 жылы «Электр монтері» қосымша мамандығын алып, сол Ақжал кентіндегі подстанцияға кезекші электр монтері болып жұмысқа орналасады.  Сөйтіп, еліміз үшін қиын кезеңде, 1995 жылға дейін өзі тұратын  кент тұрғындарын жылумен және жарықпен қамтамасыз етеді.

Ал, әкесіне келсек, Владимир Петрович әуе күштері бөлімінде әскери қызметін атқарды, одан кейін карьерде БелАЗ самосвалында жүргізуші болды, соңында дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп, зауытта еңбек етті. Қарап отырғанымыздай, ата-анасының екеуі де кез-келген мамандықтан қаймықпайтын, жігерлі жандар екендігі көрініп тұр. Бұл қасиет жастайынан Екатеринаға да жұғысты болды десек, артық айтпағанымыз.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында бұл отбасы Бурабай ауданының бұрынғы Вороновка, қазіргі Баянбай ауылына көшіп келеді. Мұнда да ата-анасы жұмыстан қалмайды. Кейін отбасы аудан орталығының өзіне қоныс аударып, Екатерина да қала тіршілігіне төселе бастайды. Осы тұста орта мектепті бітірген қыз болашақ мамандығы туралы көп ойланады. «Бурабай су арнасында» бақылаушы болып та көреді. Бірақ, неге екені белгісіз, әсте ата-анасынан жұққан құштарлық па, басқа бір өзін сынап көруге болатын ауырлау мамандыққа есіл-дерті ауады да тұрады. Сөйтіп, анасының ізімен қалалық электр желілері кәсіпорнына жұмысқа орналаспақ болады. Бірақ, ол үшін арнайы білім керек еді. Біздің кейіпкеріміз көп ойланбастан Щучинск жоғары техникалық колледжіне оқуға түсіп, оны 2014 жылы «электр механигі» мамандығы бойынша ойдағыдай бтіріп шығады.

Ауырдан қаймықпауы шығар, сол орта арнаулы оқу орнында оқып жүріп, бір мезгілде «Санаторная» подстанциясында кезекші электр монтері болып жұмыс істеп те үлгереді. Уақыт бір орында тұрған ба, 2017 жылы оқу бітірген соң да осы кәсіптің тізгінін ұстап қала берген. Екатерина белгілі бір себеппен басқа қалаға қоныс аударуға да мәжбүр болады. Алайда, екі жыл өтер-өтпесте Щучинск қаласындағы өзі үйренген электр желілері кәсіпорнына қайта оралып, сол бұрынғы кәсібін таңдайды. Сол 2019 жылдың қарашасында биіктікте жұмыс істеу жөніндегі сынақтан ойдағыдай өткен кейіпкеріміз күні бүгінге дейін электр монтері мамандығымен айналасына, ұжымы мен қоғамға өз пайдасын келтіруде.

Осы арада көз алдыңызға бір сәт елестетіп көріңізші, мойныңды созып қарайтын ұзын бағана. Оның ұшар басында сым жалғап жатқан электр монтері ер адам емес, әйел адам. Сен жүрексінетін, сен өрмелеп шыға алмайтын биіктікте ол еш қаймықпастан, өз жұмысын атқарып жатыр. Міне, Екатерина Владимировна Глушкова да солай, жұмыс бабымен бағананың басында тұру ол үшін үйреншікті жағдай. Бұған бұл күнде еті де әбден үйреніп кеткен. «Мына келіншек сонау биікке шығудан қалай қорықпайды?» деп басқалар ойласа ойлай жатар, бірақ, Екатерина емес. Бұл оның күнделікті жұмысы.

Көп адамдар одан «мына ер адамдардың мамандығын қалай таңдадың?» деп сұраудан жалықпайды. «Менің анам энергетик!» дейді ондайда ерекше бір мақтанышпен Екатерина. Ерлер ұжымында біздің кейіпкеріміз өте зор құрмет пен беделге ие. Ол жұмыстан аянбай жатқанда, қасындағы ер азаматтар да бірі қымсынып, бірі үлгі алып, өз міндеттеріне сергек қараумен болады. Жұмыстан бос уақытында немен айналысады десеңіз, саяхатты жанындай жақсы көреді. Биіктіктен қорықпайтын болған соң ара-арасында альпинизм спортымен де айналысып қояды.

Міне, Щучинск қалалық электр желілері кәсіпорнында осындай бір мамандық иесі бар. «Биіктікті бағындырған Екатерина» дейді ол туралы әдетте ұжым мүшелері мақтаныш сезімімен.

Еркін СЕЙІТОВ,

«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспасөз хатшысы.   

 Бурабай ауданы.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар