Шолпысы сыңғырлаған қыз әдемі…

Ақмола облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінде облыстық «Бұрымды қыз» байқауы болып өтті.   Байқауға Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан барлығы 16-25 жас аралығындағы 12 бұрымды қыз қатысты. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – ұмыт болуға айналған ұлттық төл мәдениетіміз бен өнерімізді қайта жандандырып, салт-дәстүрді жаңғырта отырып,  қыз балаларды инабаттылық, ізеттілік сияқты адами абзал қасиеттерге баулу болып табылады.

Әдемілігі мен әдебі үйлескен, ажары мен ақыл-парасаты ұштасқан, өнері мен өнегесі өзгелерге үлгі болған ибалы қыздар кезек-кезек сахнаға шығып, өзара бақ сынасты. Бұрымы тілерсегіне дейін төгілген,  инабатты мінезімен тәнті еткен  қазақ қыздарының өнері көпшілікті сүйсіндірді. Бүрмелі көйлек киіп, шолпысы сыңғырлаған қыздар қандай әдемі десеңізші! Кешегі Қыз Жібектің көзіндей, ақын Саралардың сөзіндей,  көз сүріндіріп, көңілдерді көктем етті.

Бойымда бар тәнті қылар қылығым,

Сүйсіндірер шашбау таққан бұрымым,–

деп кезек-кезегімен бірінен соң бірі өнерін ортаға салған аймаңдайлы аруларға көрермендердің де ықыласы ерекше болды.

Бұрымдылар байқауы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің шарты бойынша қыздар туралы бейне-слайдты қолдана отырып, өздерін және отбасыларын таныстырса, екінші «Білікті қыз» аталымында байқауға қатысушылар салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға қатысты сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтелдерді жатқа айтты. Үшінші кезең  «Қыз – елдің көркі» деп аталды. Оның барысында қатысушылар ұлттық киімде дефиле көрсете отырып, бұрымдарының ұзындығын сарапқа салды.

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Төлеубек Көңбай бастаған  қазылар алқасы бұрымды қыздардың өнерін бағалап, байқау қорытындысы бойынша Жақсы ауданынан келген  София Жолдыбай есімді аруға Бас жүлдені табыс етті.  Ал, «Білікті қыз» аталымына ерейментаулық Дильназ Әлмағамбетова лайық деп табылды. Аршалылық Аружан Ғалымжанова «Көрікті қыз» аталымының иегері атанды. «Сымбатты қыз» аталымы бойынша көкшетаулық Нұршырақ Бахытбек марапатталды.

Байқауға қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар