Қайният атбегі

Жасым он-он бірдің шамасы. Күбіленнен апам мені Таволжанка деген ауылға нағашыма жіберетін. Бұл алпысыншы жылдары болуы керек. Сол жылдары Астрахан ауданы сабантой өткізіп тұратын. Жаз ыстық, ел егін салып болып, бойларын бір жазатын.

Аудан орталығының батысында суармалы бақша бар болатын. Биік теректермен қоршалған үлкен алаңқай жер. Сол бір жерде сабантойдың саудасы да қызып, түрлі ойындар, əн байқауы, спорт жарысы, әсіресе, күрес өтетін. Балалар лимонад, балмұздаққа бір тоятынбыз. Маңайдағы ондаған колхоз-совхоздар өз аттарын аламан бəйгеге дайындаған. Ол аттарды он бес-жиырма шақырымға салатын.

Доданың басын Таволжанка ауылының батысында Сулыкөл деген жерден жіберетін. Содан мен де әтəйіме еріп, Деркачтің газонының кузовында Астрахан жаққа жүйткіп келеміз. Қарасам, жолда бір ат сұлап жатыр, зорығып кеткен болса керек, қасында шабандозы отыр. Сөзге сараң нағашым «ол бала тізгінді ерте жіберген ғой» деп қысқа қайтарды.

Аудан орталығына да жетіп қалдық. Сабантой у-ду думан. Спортшы жастар айнала жүгіруде. Күн қапырық. Жүгіріп, әбден шаршағандардың үстіне біреулер су құюда. Ендігі бəйге аттары да көмбеге жақындап қалды-ау дегенде, біз де солай қарай беттедік. Біреулер ең алдында біздің Буланый келеді деп айқайлап жатыр. Шабандоз Ғалым деген өрімдей жас бала мәреге құйғытып келеді. Шабысы əлі тың.

–Иə, жарайсың жануарым, – деді Қайният нағашым. –Сеніп едім сен де сертіңде тұрдың, ризамын құлагерім деп қатарласа біраз жер бірге жүгіріп, баланы аттан көтеріп алды. Қаумалаған халық құтты болсын айтып жатыр.

Енді біреулер мынау ат бəйге атына ұқсамайды ғой, аяқтары қыйқы-шойқы, көзге тартымсыз көрінеді, қалай ғана бірінші келді деп таң қалуда. Каньят Иваныч қалай баптағайсыз, мына ат озады деп ойлағамыз да жоқ деп тамыр орыстар таң қалуда. «Ат шаппайды, бап шабады деген осы» деп Қайният Тəжіұлы қысқа түйіндеді сөзін.

Атбегінің өзі ғана білетін құпия əдісі бар екенін көбі біле бермейді. Əке-шешеден ерте қалған Қайният ұлы шешесі Кəтира əжесінің қолында өседі. Жасынан шымыр, əрі атқа үйір. Малға да қырағы. Шөптің түр-түрін тани білген ол Есіл бойының шабындық жерлерін жақсы біледі. Бір шеті Байзақтан Қалғұтан өзені бойымен борандарда сонау Күбілен ауылындағы апасына адаспай салт баратын. Далада өсетін бүлдірген, жуа, жалбыз, итмұрын, қымыздық сияқты өсімдіктерді оп-оңай тауып алатын болған.

Әрі шебер еді нағашым. Ат əбзелдерін өзі жасап алатын. Жүген, тұсамыс, шідер, құрық, қайыстан таспа тіліп қамшы өру тағы да басқа керек үй жабдықтарын қолымен жасаушы еді. Өзі ат үстінде нық отыратын жəне жылқыны тани білетін.

Бірде тамыр неміс Тринкеншу маған шаруаға мықты ат таңдап берші дейді. Сонда Қайният əтəйім бір кіші тайды көрсетеді. Түбі ол өте мықты, күші көп ат болады дейді. Айтқандай əлгі шабдар ат кейін шанамен ауыр шөп, сүрлем, жарманы тарта беретін қазан ат болды.

Біздің үйге де бір тонна мұзды өзеннен ойып, Павло жарықтық шанамен тартып əкелетін сол атпен. Бəйге атын қалай баптау жайлы да да естігенмін сол нағашымнан. Жемнің өзін елеп беріп, сұлы, қу шөппен, аса тойдырмай, күніне бір рет бес-алты шақырым желдіртіп əкеп суытатын. Шауып келген сайын сауырынан терін сыпырып дəмін татады екен. Тері əлі ащы, тұщы тер шықса бабына келеді дейтін. Сөйтіп, əбден сыбдығырдай болып арам еттен ада болған ат оқыранып, тыпыршып тұрады дейді. Қамыс құлағы тік, кеудесі кең, санның бұлшық еттері жүргенде ойнақы көрінетін. Сол Буланый атты бертін келгенше бақташылар мініп жүрді.

Арада жиырма жылдай уақыт өтіп кетіпті. Мен бірде бұзау бағып жүр едім, жаныма салт атты бақташы Николай Бондарев келе қалды. Кел, ат жарыстырайық деді. Жарайды дедім. Бірақ, менің атым айқай-шу шықпаса шаппайды дегесін екеуміз желе бере айқайға бастық. Сол-ақ екен əлгі аттың төрт аяғы дөңгелене жөнелді. Артқы аяқтары алдыңғы аяғының алдына түсіп алған, мойны құлаштай ұзарып, менің тыз етпе күрең дөненім оның шаңына ілесе алмай қалды. Сұрай келе ол баяғы Буланый боп шықты. Жарықтық əлі сергек, дүбірлі шуға қозып кететін қасиетін ұмытпапты.

«Осылай достым, кезінде бəйгеде топ жарып жүргенде мені бүкіл ауыл сыйлайтын, үстіме шапан жауып күтетін, қазір міне, мал соңындамын, кейде қожайыным күнұзақ қаңтарып та қояды. Өзім болсам жиырмадан асып барамын. Қайтейін, бəріне көндім» дегендей жайды көзінен аңғардым.

Ақыры сол көнбістігімен жаздың бір ыстық күнінде арбаға жегілген күйінде Буланый дүниеден өтті. Ертеде тұлпар сəйгүліктер қартайса оларға ер салмай бос жібереді екен. Өлген жағдайда оларды арулап көмген деседі.

–Жүсіп пен Кəтирадан он үш ұрпақ тарап, оның көбі қайтыс болып, беріге жеткені осы Тəжі, Мағишат, Қарабала. Қарабаладан Сабыр. Тəжіден Қайният атбегі, – деп отыратын менің нағашымның жұбайы Күлмайра апай Таволжанка ауылында қайтыс болды. Қазір ұрпақтары бар: Бағдат, Сағадат, Алпамыс, Лəйлі, Қаншайым, Айгүл және Асқар.

                Совет БЕКІШЕВ,

қазақ радиосының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар