Балаларға кедергісіз орта қалыптастыру жайы талқыланды

«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік сала мен білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі бірлескен қоғамдық кеңес отырысында  ерекше балалары бар ата-аналардың өтініш-тілектері қаралып, туындаған проблемаларды бірлесе шешу мәселелері пысықталды.

Ақмола облысында мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпыға бірдей орта білім алуына жағдай жасалғанымен, нақты аутизмге шалдыққан балалардың білім алуы мен олардың демалысын ұйымдастыру, тіпті, еміне қатысты бірқатар қиындықтар туындап отыратыны жасырын емес. Әсіресе, «Ерекше өмір» қоғамдық қорының төрайымы Әлия Рақымбекова бұл мәселе туралы бірнеше рет дабыл қаққан болатын. Алайда, оған көңіл бөлінбеді. Сол себепті, «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалынан қолдау сұрады.

­–Партияның қолдауының арқасында біз жауапты орган өкілдерімен кездесіп, аутизмге қатысты проблемалық мәселелерді ортаға салудамыз. Мәселен, балалардың аутизмге шалдыққанын ерте жастан анықтау мәселесі бүгінде өткір тұр. Себебі, өңірімізде білікті  мамандар тапшы. Ерте жастан балалардың бойындағы түрлі патологияны анықтаудың маңызы зор. Сондай-ақ, аутизмі бар балаларға  түзету және педагогикалық көмек қажет. Балаларды оңалту мекемелеріндегі орын санын ұлғайту сияқты мәселелер тағы бар. Негізі, айта берсек проблемалар көп, – ­деді жоғарыда аталған қоғамдық қордың төрайымы.

Кеңес отырысында білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру тәрізді басқармалардың осы бағыттағы ведомствоаралық жұмысы талқыға салынды. Әр ведомствоның жауапты қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалып отырған жұмыстарын тілге тиек етті. Мәселен, инклюзивті білім беруді қолдау бойынша  ресурстық орталықтар ашылып, жұмыс істеп жатқандығы белгілі. Бұл ретте, олардың санын көбейту туралы ұсыныс айтылып, ол қолдауға ие болды.

Сонымен, бүгінде облысымызда ерекше балаларға арналған 15 ресурстық орталық жұмыс істеуде. 2025 жылға дейін тағы 93  инклюзивті білім беруді қолдау бойынша ресурстық орталықтар ашу жоспарлануда.

–Ия, осындай орталық, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде арнайы топтар ашу, тіпті толық бейімделген арнайы балабақшалар ашу, мектептерде кедергісіз орта қалыптастыру – осының барлығы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен арнайы партиялық жобаларында қарастырылған. Нәтижесінде соңғы жылдары оң өзгерістер орын алуда, – дей келе, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ғалым Бекмағамбетов, мамандар тапшылығын шешу үшін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Сырлыбаевқа кадрлар даярлау бойынша ұсыныс жасады.

–Мамандар тапшылығын өзіміздің педагогикалық университет арқылы шешу мәселесін қарастыруымыз керек. Сізге өтініш, осы мәселені жан-жақты сараптап, шешу жолдарын қарастырсаңыз. Бұл бағытта біздің тарапымыздан қолдау керек болса, біз дайынбыз, – деді Ғалым Мәдешұлы.

Қоғамдық кеңес отырысына қатысқан ата-аналар тарапынан басқа да көптеген өтініштер мен ұсыныстар айтылды. Бұл орайда, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік қарастыру, мүгедек балаларды санаторлық емдеуге қатысты мәселелерді шешу, балаларға кепілді және әлеуметтік қорғалған стоматологиялық емдеуді ұйымдастыру мәселелерін алға тартты. Басқа да көптеген мәселелерді қоғамдық кеңес мүшелері жауапты орган қызметкерлерімен бірлесіп шешуді қарастыратын болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар