Балаларының біліміне алаң ата-аналар, айы оңынан туған репетиторлар…

 Бұл күнде педагог боламын дейтін түлектер қатары көп. Себебі, мұғалімдердің жалақысы жоғары. Тіпті, кезінде жалақысы аз деп мектептен кетіп, басқа салаға ауысқандардың өзі білім мекемелерінің табалдырығын тоздыруда. Өйткені, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын арта түсуде. Дұрыс-ақ! Жалақы артты, алайда, атқарылып жатқан жұмыс сапасы қандай деңгейде? Қазіргі таңда көптің көңіліндегі жүрген сауалдардың бірі осы.  

Биылғы оқу жылы ақталуға жақын. Жаңа оқу жылында баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналар осыған  қамды өткен жылы бастап кеткен. Яғни, балдырғанын мектепке апармас бұрын алдын ала, ақылы курстарға беріп, бірінші сыныпқа барар баласын әріп танытып апаруға тырысады. Олай болмаса, оқушы бала кейін өз қатарластарына ілесе алмай қиналатыны бар. Иә, рас, балабақша қабырғасындағы ересек топтарда да, кейбір мектептерде де  даярлық сыныптары жұмыс істейді. Бірақ, неге екені белгісіз, ата-аналардың көбі балабақшалардағы осы даярлық топтарындағы білімге күмәнмен қарайды.

Содан барып, мектепке баруға дайындалып жүрген баласын ақылы репетиторларға апарып, біраз ақшасын шығындайды. Мектепке барған күннен тағы да репетитор іздеп әлек. Бұдан басқа баланың мектепте алған біліміне көңілі толмай, қосымша сабақ беретін мұғалім іздеген ата-ана көп. Бір сөзбен айтқанда, қазір репетиторлардың айы оңынан туып тұр.

– Балам ересектер тобына ауысқанда бірден баланы балабақшадан алып кетемін деп шештім. Себебі, балабақшада балалар көбіне ойынға алданып кетеді. Жалпы, бүлдіршін бала мектепте даярлық сыныптарында оқығанын құптаймын. Себебі, бала ұстаздың бейнесін санасына сіңіре бастайды, жалпы мектеп өміріне бейімделеді. Қазіргі ата-аналар лажы болмаған соң, амалсыздан ақылы мектептерді жағалайды. Оны айтасыз сол мектептерге балаңды бере қояйын десең, орын тапшы. Міне, өткен жылдан бері балам ақылы мектептің даярлық тобында оқиды. Айына 40 мың теңге төлеп отырмыз. Қазіргі таңда балам кітапты буындап оқи алады, жазуды да үйренді. Қуанамыз әрине, алайда, осындай даярлық топтардың тегін болғаны жақсы болар еді, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Дана Шынғожина.

Мәселен, облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «AJ school» шет тілін тереңдетіп оқытатын жекеменшік мектеп-гимназиясында мектепке дейінгі даярлық сыныбында оқу үшін айына 100 мың теңге төлеу керек екен. Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, сабақ таңғы сегізден кешкі алтыға дейін. Бала төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі екен. Ал кейбір орталықтарда бір ай оқу құны 28 мың мен 40 мың теңге аралығында. Бұл білім мекемелерінде сабақ тек түске дейін ғана өтеді. Енді санай беріңіз. Баланы нөлінші сыныпта оқыту үшін кем дегенде, жылына 300 мыңға жуық қаражат керек, қалтаңыз қалың болса  бір миллион теңге төлеуіңізге де болады.

Педагог мамандардың айтуынша, оқу бағдарламасының жаңаруы да балалардың білім сапасына біршама әсер еткен. Сонымен қатар,  мұғалімдер қағазбасты болып кеткен де пікір бар.

– Жалақымыз өсіп жатыр. Мемлекетке ризамыз. Бірақ, бізде қағазбастылық көп. Тексерістен көз ашпаймыз. Анау есепті жібер, мына есеп қайда деген тапсырмалар көп уақытты алады.  Сонымен қатар, репетиторлар көбіне бір баламен жеке-жеке жұмыс істейтінін ұмытпауымыз керек. Бізде бір сыныпта кем дегенде 25 бала оқиды. Әр баланың қабілеті әртүрлі, оқу бағдарламасын бұрынғымен салыстыруға болмайды. Жаңа бағдарламаны игеріп әкету жас балаларға оңай емес. Ал, үйге берілген тапсырманы пысықтап, оқытуға ата-аналардың көбінің уақыты бола бермейді. Қазір барлығы да жұмысбасты, – дейді  есімін атамауды жөн көрген ұстаздардың бірі.

Ал, психолог мамандардың пайымдауынша, үнемі репетитормен жұмыс істеп, өзгенің көмегіне сүйеніп өскен баланың өздігінен жұмыс істеуге құлшынысы азаятын көрінеді. Біз тілдескен психолог маман Баян Дулатқызының айтуынша, мұндай балада тіпті, сабақта есеп шығарып, иә болмаса қандайда бір тапсырманы орындай отырып, сол берілген тапсырмасының бұрыс-дұрыстығына үнемі күмәнмен қарайтын бір сенімсіздік әдеті пайда болады деседі.

Жүйесіз білім берудің салдарынан қазіргі таңда мектеп оқушыларының басым көпшілігі қосымша сабақ алып, білімін жетілдіруге мәжбүр. Бұл мектеп мұғалімдерінің білімінің жоқтығынан емес. Мұның өзі алдымен, жүйенің олқы тұстарын аңғартып отырғаны анық.

Қазіргі таңда мектепті тәмамдайтын түлектер ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Баласы тест тапсырмаларынан жоғары балл алып, білім грантын ұтып, қалаған мамандық иесі атануы үшін ата-аналар ақылы курстардың көмегіне жүгінуде. Тапқан-таянғанының барлығын баламның болашағы үшін деп, қосымша сабақтардың көмегіне жүгінетін ата-аналардың қарасы көп қазір.

– Үш баламның жасы тетелес. Яғни, бірінен соң бірі мектеп табалдырығын аттады. Аллаға шүкір, бүгінде осы үш қызымның үшеуі де мектепті ойдағыдай тәмамдап, жоғары оқу орнының студенттері атанды. Өткен жылы кенже қызымыз мектепті бітіріп, Қарағанды мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түсті. Бір аңғарғаным, қазіргі таңда балалардың қосымша білім алмай, өз білімімен қандай да бір нәтижеге қол жеткізуі екіталай. Кенже қызымыз өткен жылы мектептің 11 сыныбында оқу оқып жүрген кезінде облыс орталығы Көкшетау қаласындағы ақылы курстарға барып, қосымша сабақ алуды ұйғарған едік. Алдымен «Достық» білім беру орталығына бардық. Ондағы қызметкерлердің айтуынша қажетті оқулықтармен қоса есептегенде  алғашқы айда 65 мың теңге, келесі айларда 45 мың теңге төлеу керек екен. Біз кейін «USTUDY» тест орталығына баратын боп шештік. Ол жерде «Достық» орталығына қарағанда біршама арзан көрінеді. Біз бұдан да басқа орталықтарды аралап көрдік. Мені таңқалдырғаны жалғыз баға емес. Біз қай орталыққа барсақ та, алдымыздан өзімізге таныс мұғалімдер шығатын болды. Яғни, мектепте сабақ беріп жүрген өзіміздің мұғалімдер сол жерде қосымша жұмыс атқаратын болып шықты. Міне, жаңалық! Бұрын біз мектепте оқып жүрген кезде, оқу үлгерімі нашар балаларды мұғалім апайлар өздері сабақтан алып қалып, қосымша дайындық жүргізуші еді ғой.  Ал, қазір керісінше. Осыдан барып ұрпақ болашағын жоғары қоятын ұстаздар қатары сиреп бара ма деген ойға қаласың осындайда, –деп қынжылады Көкшетау қаласының тұрғыны Әсем Ұланқызы.

Иә, Әсем дұрыс айтады. Қазір не көп, ақылы оқу орталықтары көп. Әрбір ата-ана балам білімді болсын, болашағы жарқын болсын деп ойлайды. Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ақылшысы болған Бұхар жыраудың өзі «Үш рет жұт болса да, байда қазына қалмайды. Үш рет жау жапса да, ханда қазына қалмайды. Қазына білімдінің басында» дегені біліммен қаруланғанның ұтары көп дегені емес пе?! Сол білім сапасы жөнді болмай тұр-ау. Осыған қалай жаның ашымайды!…

                                                              Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар