Еліміздің Президенті Қасым Жомарт Тоқаев «Балалар – мемлекетіміздің болашағының кепілі. Сондықтан келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» деген болатын.
Осыған орай, 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Ұрпақ жалғасы, кемеңгер елдің келешегі – балалардың балалық балдаурен шағын бақытты өткізуге ат салысу баршамыздың басты міндетіміз. Бүгінгі таңда, өнегелі, саналы, білімді, қоғамның азаматын тәрбиелеуде кітапхана қызметінің ролі зор екендігі рас. Балалар жылына орай, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және насихаттау, ел руханиятын көтеріп, балалар әдебиетін дәріптеу, балалардың дамып, жетілуіне ықпал еткен ғибратты еңбектерімен таныстыру, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, әлемдік және ұлттық мәдениетпен таныстыру бағытында көптеген іс-шаралар жоспарланып, өткізілуде.
Жуырда «Достар» мәдениет сарайының жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының қызметкерлері мен №8 орта мектебінің 4 «Ә» сынып оқыушылары, сынып жетекшісі А.Қ.Оралова бірлесіп, оқушылардың ішкі жан-дүниесін байыту, шығармашылық қабілеттерін, кітап оқуға деген құштарлық пен қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітапхана – ғажайып қазына» атты әдеби калейдоскоп өткізді.
Іс-шара барысында ұлы Абай, Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Қадыр Мырза Әлі, Сырбай Мәуленов, Ескен Елубаев, Мұзафар Әлімбаев, Баянғали Әлімжанов, Толымбек Әбдірайым, Қастек Баянбай, Ермек Өтетілеуұлы, Қайырбай Төреғожа және тағы басқа ақын-жазушылардың кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Әдеби калейдоскопқа қатысқан оқушылар көрмеге қойылған қызықты кітаптармен танысып, өздерінің көңілдеріне ұнаған жазушылардың өмірбаяндарын, өлеңдерін оқыды. Т.Әбдірайымның «Жалқаулыққа кім үйір?» кітабындағы «Кітап мұңы» әңгімесі бойынша балалардың өз ықыластарымен қойған сахналық көріністері оқырман көңілінен шықты.
Ұйымдастырылған шара балалардың кітап оқуға деген ынталарын арттырып, өй-өрістерін кеңейтуге, тіл байлықтарын дамытуға, сөйлеу мәнерін жетілдіруге, өз ойларын ашық жеткізе білулеріне жол ашса нұр үстіне нұр. Әсіресе, өскелең ұрпақты, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау кітапхана жұмысының басты бағыты. Кітапхана – тілі таза, сөзге шешен, ойы жүйрік ұрпақ тәрбиелеудің алтын діңгегі. «Кітап білім бұлағы – демекші», кітап нәрімен сусындаймын деген әрбір жас оқырманға кітапханамыздың есігі айқара ашық. Кітапхана қызметкерлері оларға кітап таңдаудың және оқудың қыр-сырын түсіндіріп, қызмет етуге әрдайым дайын.
Айгүл ТЫШТЫҚОВА,
«Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі
кітапханасының кітапханашысы.