Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізіледі

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ақкөл және Шортанды аудандарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар елді мекендердің тұрғындарымен көкейтесті мәселелерді талқылап, олардың шешімін қарастырды.

Ақкөлдіктермен аудандық мәдениет үйінде өткен кездесулерде өңір жылдың бірінші тоқсанында тәуір көрсеткіштерге қол жеткізгендігі атап өтілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 миллиард теңгені құраған. Өндірілген өнімнің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 131,6 пайыз. Құрылыс жұмыстары екі есе өсіп, 1,5 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы тапсырылған.

Тұрғындар облыс әкіміне жеткізген өзекті мәселелердің ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау, ауыл-селоларды жарықтандыру басым орын алады. Бұл мәселелердің бәрі бюджеттің мүмкіндігіне қарай  заң негізінде шешілмекші.  Соның ішінде жолдарды ұстау және жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 244,6 миллион теңге бөлініп отыр. Ақкөл аудандық мәдениет үйі де 268,4 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілмекші.

Осы мәдениет үйінде Ермек Маржықпае азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Мектеп директоры Гүлжан Сейітова өздерінің оқу орнының 1957 жылы салынғанын жеткізді. Мектеп 192 балаға арналған, алайда, қазір онда екі ауысымда 400-ден астам бала оқиды. 2020 жылы 10 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілген. Басты мәселе – мектептің өз асханасының жоқтығы.

Бұл проблема таяуда шешілетін болады. Мектепке барған облыс әкімі осыны мәлімдеді. Қазір мектеп жанындағы қосымша ғимараттың бірінші қабаты тұрғызылуда. Онда асхана да, жаңа спорт залы да, оқу кабинеттері де болады. Жобаның құны 359,5 миллион теңге.

Ақкөл қаласында Ермек Маржықпаев сондай-ақ, 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысында да болды. Мұнда жұмыс құрылыс материалдарының қымбаттауынан созылып кеткен. Қазір жобаға түзетулер енгізіліп, 95  миллион теңгеге бюджеттік өтінім жолданыпты. Облыс әкімі құрылыс мерзімін қатаң сақтауды тапсырды.

Сол күні аймақ басшысы Шортанды ауданында да болды. Шортандыдағы орталық саябақ қайта жаңартылмақшы. Облыс бюджетінен осы мақсатқа 70 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. «Фортуна» серіктестігі бұл жұмыстарды осы мамыр айында қолға алмақшы. Ермек Маржықпаев саябақты жақсылап жаңартып, тұрғындардың көзайым қуанышына айналдыруды тапсырды. Бұл ауданда әкімнің жұмыс сапары тұрғындармен кездесумен және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен аяқталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар