Берлиннің Трептов саябағындағы азат етуші жауынгер ескерткіші

Осы бір ақмолалық даңқты жауынгердің тағдыры таңқаларлық. Біздің бұл жерлесімізді көп адам біле бермеді. Алайда, оның  бет-әлпеті бүкіл әлемге белгілі десе болады. Тағдырдың жазуымен атбасарлық жігіт Ұлы Жеңістің ең басты символдарының біріне айналды. Бұл арада әңгіме Берлинде қойылған азат етуші кеңес жауынгеріне арналған ескерткіш туралы болып отыр. Ондағы орыс жауынгерінің бейнесі Иван Степанович Одарченкоға қарап жасалған.

Иван Одарченко 1926 жылдың 6 қыркүйегінде Ақмола облысы Новоалександровка селосында, Колутон өзенінің жағасында дүниеге келеді.  Балалық шағын жалаң аяқ өзен жағалауында өткізді, балық аулап, қамыс арасынан үйрек ұстады. Отыз бірінші жылы қазақ жеріне үлкен қасірет әкеліп, миллиондаған адам өмірін қиып кеткен қолдан жасалған жалмауыз аштық кезінде оның ата-анасы бала-шағасын алып, сол кезде домналар салынып жатқан, жұмыс табатын, демек, аш қалмайтын Магнитогорскіге қоныс аударды. Соның арқасында тірі қалған олар бірнеше жылдан соң туған жерлеріне, Ақмола өңіріне оралды.

Ұлы Отан соғысы  басталғанда Иванның әкесі Степан Михайлович майданға алынып, 1942 жылдың күзінде Сталинград түбінде қаза тапты. Ал, келесі жылы майданда ағасы Петр осы тағдырды қайталады. Иван 16 жасында колхозда бригадир болып, анасына өзінен кейінгі балаларды өсіріп, жеткізуге көмектесті. Алайда, 1944 жылдың қаңтарында 18 жасында әскер қатарына шақырылып, майданға аттанды. Басында Семей облысының Аягөз қаласында әскери жаттығудан өткен Иван Одарченко Ұлы Отан соғысындағы қанды ұрыстарда 9-ыншы гвардиялық армияның 144 гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында зұлым жауға қарсы ерлікпен шайқаса білді.  Ол Венгрия, Аустрия, Чехияны азат етуге қатысып, соғысты Праганың түбінде аяқтады. Дунай өзенінен өту барысындағы ұрыстарда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Соғыстан кейін Германиядағы кеңес әскерлері тобында әскери қызметін одан әрі жалғастырды.

1947 жылдың тамызында Дене шынықтырушы күні Берлиннің Вайсензее ауданындағы стадионда кеңес жауынгерлерінің спорт жарыстары өтіп жатты. Оған қатардағы жауынгер Одарченко да қатысты. Кроссты жүгіріп болған, Иван Степанович жарысты тамашалап отырды. Осы сәтте оның жанына кеңес елінің атақты мүсіншісі Евгений Викторович Вучетич келіп, трибунаға өтуін сұрады. Вучетич оның бейнесінен азат етуші жауынгерге монумент сомдағысы келетіндігін айтты.

Иван Одарченко жарты жыл осы жұмысқа қатысып жүрді. Алғашқы кезде сол қолында неміс қызы отырды. Кейін оны Берлиннің коменданты Александр Котиковтың үш жасар қызы  Света Котикова алмастырды. Вучетич Иван Степановичке қолтаңбасымен өзінің фотосуретін сыйлады. Онда «Қымбатты досым И.С.Одарченкоға Берлин ескерткішінен естелік» деп жазылған еді.

Одарченко сондай-ақ, ескерткіш тұғырының ішіне мозаикалық панно жасаған суретші Анатолий Корпенкоға да оның тұлғасынан көшіріп, суретін салуына көмегін берді. Бұл паннода Иван Степанович екі рет бейнеленген. Біріншісінде кеудесінде «Алтын Жұлдыз» медалі және қолында шлемі бар жауынгер ретінде, ал, екіншісінде көк комбинезондағы басын иген жұмысшы қалпында.

1949 жылы 8 мамырда мемориал салтанатты жағдайда ашылды. Бірнеше рет қатардағы жауынгер Одарченко өзінің түр-тұлғасынан көшіріліп жасалған ескерткіштің жанында әскери күзетте де тұрды. 1944 жылы ол кеңес әскерлері қатарынан босатылып, Қазақстанға үйіне жолға шықты. Алайда, жолда қарындасына шаруашылық жөнінен қол ұшын бергісі келіп, Тамбовта аялдады. Сөйтіп, туған жеріне дәм жазбай, ақыры осында тұрып қалды.

Сонда үйленіп, «Автотрактордеталь» зауытында токарь және фрезерші болып жұмыс істеді. Майдандағы ерлігіне қоса, еңбектегі ерлігі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Берлиндегі Трептов саябағында тұлғасы тұрса да, көп уақыт бойы ескерусіз қалған Одарченкоға сый-құрмет 1965 жылы келді. Бұл еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығын атап өтіп жатқан тұс болатын.

Кеңес елінен барған делегация мүшелерімен ол Германия Демократиялық Республикасында жеті рет болды. Елге танылып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жоғарыда аталған зауытта 37 жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Әлемді неміс-фашист басқыншыларының езгісінен құтқарған кеңес жауынгерлерінің жиынтық бейнесі ретінде бүкіл дүниежүзіне танымал болған Ақмола өңірінің тумасы 2013 жылдың 2 шілдесінде Тамбов қаласында қайтыс болып, Петропавл зиратында жерленді.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар