Отыз жылда әскеріміз көп нығайды

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлықтарына сәйкес еліміздің айбынды әскерінің негізі қаланды. Содан бері 7 мамыр – Отан қорғаушы күні болып аталып келеді. Биыл – Қазақстан қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр.    

   Мемлекет әскерімен айбынды, рухы биік жігіттерімен қуатты. Егемен елімізді  нық ұстап, оған берік қалқан болу әрбір ер азаматтың адал борышы деп білемін.  Сан ғасырлар торабынан үзілмей жеткен ұлттық тәрбие негізінде де елге қорған бол деп мирас еткен ата-бабалар аманаты жатыр. Отанға адал қызмет ету кез-келген ер азамат үшін абырой және  зор мәртебе әрі  үлкен жауапкершілік екендігі анық.

Дәл осы күні, яғни 7-ші мамырда генерал-лейтенант, жерлесіміз Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені тапсырылып, ол еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды.  Осыдан кейін жергілікті әскери басқару органдарымен қысқа мерзімде Қарулы Күштерді барлық деңгейдегі офицерлік кадрлармен жасақтау бойынша міндеттер қойылып, содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу жолында біздің даңқты жерлесіміз бар күш-қуат, еселі еңбегін арнап, үлгі бола білуінің өзі біз үшін зор мәртебе, әрі өнеге.

Екпін түсіре ерекше атап өтерлігі, дәл осы тұста Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптарға көңіл аударылды. Ел егемендік алған алғашқы жылдары елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар саусақпен санарлықтай аз еді. «Көш жүре түзеледі» деген. Тәуелсіздік тұғырға қонған сәттен әскері­мізді заманауи қару-жарақпен, озық үлгідегі әскери техника­мен қам­тамасыз ету жұмыстары қар­қынды жүзеге асып, күні бүгінге деін бұл жұмыс жүйелі атқарылып келеді. Бұл күнде Қазақстанның Қарулы Күштері кез-келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды күшке айналды. Бұл мақсатта қажетті жаңа қару-жарақтар мен техникалар сатып алынуда. Бұған қоса, бұрыннан қолданыста болған құрал-жабдықтар мен әскери техникалар жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылуда. Негізінде еліміздің Қарулы Күш­тері тәуелсіздік жылдарында өз дең­гейінде қалыптасты дегенімізбен, оны одан әрі уақыт талабына сай жетіл­діре түсу ісі тоқтамайды, жүйелі жұмыс өз нәтижесін беруде.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті – Қару­лы Күштердің Жоғарғы Бас Қол­бас­шысы сала қызметкерлері алдында үлкен міндеттер қо­йып отыр. Бұл міндеттер әске­ри жос­парлау жү­йесін жетіл­діру­ге, Қарулы Күш­­тер­дегі әскерлер, қару-жарақ пен рес­урс­­­тарды енгізу­ді ілгері­­лету және басқа өзекті жағдаяттар­ға бағытталған. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылығына әскери қауіпсіздіктің қазіргі жағдайын ескере отырып, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, заманауи цифрлық тәсілдер арқылы әскери басқару жүйесін жетілдіру қажет екендігіне баса назар аударды.

Жаңа қазақстандық патриотизм мен ұрпақтар сабақтастығы негізінде жеке құрамның моральдық-психологиялық рухын қалыптастыру Қарулы Күштердің басты тапсырмаларының бірі.  Ақмолалықтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі, батыр жерлестеріміздің ерен ерліктері ұрпаққа үлгі-өнеге екендігі даусыз. Осы орайда, хабар-ошарсыз кеткен ҰОС қатысушыларын іздестіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жақын және алыс шет елдердің мұрағаттарымен, қоғамдық ұйымдарымен хат алмасып тұрамыз. Қазіргі таңда Ақмола облысында барлығы Ұлы Отан соғысының 10 ардагері бар. Олардың 2-еуі Көкшетау қаласында тұрады. Өскелең ұрпақ үлгі болар аға ұрпақтың ұлағатын, жасаған ерлік істерін мақтан етеді. Ұрпаққа өлмес өнеге, таусылмас ғибрат қалдыру абыройлы іс. Біз қашанда ұрпақтар сабақтастығына зор мән береміз. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті қорғаныс саласының ардагерлерімен тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс істейді. Қазіргі таңда өңірімізде қорғаныс саласының жүзге жуық ардагері бар.

Жалпы, патриотизм – кез-келген мемлекеттің алтын діңгегі. Бүгінгі күні өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу барысында елеулі жұмыстар жүргізіліп келеді. Патриотизмді дамыту, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу мәселесі отбасынан бастау алады. Еліміздегі өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жалпы білім беретін мектептерде әскери-патриоттық клубтар құрылған. Жыл сайын еліміздің жас патриоттары үшін «Айбын» республикалық жиыны өткізіліп тұрады. Мәселен, 2019 жылы республикалық «Айбын» жиынында облыс командасы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, мектептерде жас өрендерге арналған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен «Smart-Sarbaz» үйірмелері бар. Ақмола облысында төрт жүздей білім беру мекемесінде осындай сыныптар мен үйірмелер ашылған. Онда барлығы жеті мыңға жуық  бала тәлім-тәрбие алуда.

Қазақстан Ресупбликасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31-бабына сәйкес, 18 жастан бастап 27 жасқа дейінгі жігіттер әскерге, яғни, Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Қазіргі таңда облыстық штаб бекітіп берген жолдамаға сәйкес ақмолалық бір топ жас сарбаз Қарулы Күштер мен Қорғаныс министрлігінің бөлімдеріне, ҰҚК-нің шекара әскери бөлімдері қатарына, сондай-ақ, мемлекеттік қорғаныс қызметтеріне, әскер қатарына шақырту алуда. Ендігі орайда Ұлттық Ұлан әскери бөлімшелеріне қабылдау жүріп жатыр. Жалпы, өңірімізде көктемгі және күзгі әскерге шақырту науқанына барлығы екі мыңға жуық жас сарбаз тартылады деп жоспарланған. Биылғы көктемгі әскерге шақырту науқанына 900 сарбаз тартылған.

Айта кетуіміз керек, екі жылдан бері елімізді әбігерге салған коронавирус пандемиясы да қорғаныс саласына өзгеріс енгізді. Ендігі орайда әскерге шақырылғандар міндетті түрде ПТР тест тапсыруы керек. Жас жауынгерлер әскери бөлімге келгеннен кейін де тест тапсырып, санитарлық талаптар бойынша жабдықталған казармада болады. Сарбаздардың туыстарымен, достарымен байланыстары уақытша шектетілді. Алайда, әскерилердің жақындарымен сөйлесуі үшін заманауи гаджеттерді қолдану аясы кеңейтілді.

Біздегі басты мақсаттардың бірі – Қарулы Күштердің сапалы резервін құру. Біз әскери борышын атқарып келген жастарды келісім-шарт негізінде қызметін жалғастыруға шақырудамыз. Келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін сарбаздардың айлық жалақысы штаттық лауазымына байланысты қарастырылған. Бұдан басқа коммуналдық қызмет, қосымша төлемақы төленеді. Баспанасы жоқ әскери қызметшілерге ай сайын қосымша пәтерақысы беріледі.

Отанды қорғау ерге серт. Қазақ халқы «Елім деген ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» деген емес пе?! Бүгінгі ашық аспан аясындағы бейбіт өмір кешегі өз заманында Отан үшін от кешкен оғландардың, батыр бабалардың жанқиярлық ерліктерінің арқасында екендігін ұмытпауымыз керек. Ел үшін жанын пида еткен қайсар халықтың бүгінгі ұрпағы  Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінуі тиіс. Өсіп келе жатқан көкөрім жастар ел қадірін жете ұғынатын, Отанын сүйетін ұлағатты ұрпақ болсын деп тілеймін! Қарулы Күштер – қашанда ел қорғаны, егеменді еліміздің берік қалқаны. Себебі, әскері мықты елдің іргесі бүтін. Олай болса тәуелсіздіктің тұғыры бекем, айбынымыз асқақ бола берсін!

7 мамыр мерекесі – батырлық пен қайсарлықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің нышаны. Ел іргесін қорғап жүрген ерлерді тәуелсіз еліміздің тірегі десек те артық емес. Отанды қорғау ерлердің ісі! Мереке баршамызға құтты болсын!

Руслан ҚАСЫМОВ,

Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар