Аспанның ақиық қыраны

ЕКІ МӘРТЕ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ, ДАҢҚТЫ ҰШҚЫШ ТАЛҒАТ ЖАҚЫПБЕКҰЛЫ БИГЕЛДИНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 100 ЖЫЛ

Авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының  Целиноград  ауданындағы Майбалық деген шағын ауылда дүниеге келген. Кейіннен оның отбасы қазір Қырғызстанның астанасы Бішкек, Фрунзе қаласына көшіп кетеді.

Талғат аға жан-тәнімен аспанға берілген адам. Ол бала күнінен ұшқыш болуды армандады. Орыс тілін білмесе де, 13 жасында барлық қиындықтарға қарамастан, арманына қол жеткізу үшін өз еркімен орыс тілді мектепке ауысады. Өжет жігіт 16 жасында «Екі капитан» романының кітабындағы кейіпкерлерге қызығып, ұшақты, жауынгерлік ұшуларды және аспанды армандай бастайды. Сөйтіп, ұшқыш болуды армандаған жігіт Бішкектегі аэроклубка оқуға түседі. Бірақ, ондағылар Талғат Бигелдиновты бірден қабылдағылары келмеді, өйткені, оның бойы өз жасы үшін кішкентай болды және ұшақ кабинасынан сәл ғана көрінген еді. Алайда, ол алға қойған мақсатынан қайтпай, өз арманына жетіп, ақыры оқуға қабылданады. Сол уақытта жас жігіттің қиын күндері басталды, оған мектеп пен аэроклубтағы оқуын бір уақытта алып жүруге тура келді.

Жас жігіт аспан әлеміне әуестеніп жүргенін әкесінен ұзақ уақыт бойы жасырып жүрді, себебі, ол ұлының дәрігер болғанын қалады. Алайда, көп ұзамай Талғат аға ата-анасы мен нұсқаушыларына (инструктор) тек ұшқыш қана емес, сондай-ақ, батыл әрі алға қойған мақсатынан қайтпайтын адам екенін дәлелдей алды. Бірақ, ауыл баласына аэроклубта оқып, диплом алу жолы оңай болған жоқ. Ондағылар ауылдан келген қазақ жігітіне ұзақ уақыт дұрыс қарамағандай болып жүрді. Дегенмен, Талғат аға қиындықтарға төтеп беріп, барлық емтихандарды өте жақсы тапсырып, тіпті қоғамдық нұсқаушы болуды үйреніп шығады.

Оқу бітіргеннен кейін Талғат Бигелдинов аспан мен ұшақсыз өмір сүре алмайтынын түсінеді және көп ұзамай ол ұшқыштық білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. Сол кезде Саратовтағы ұшу мектебінде курсанттар таңдау үшін аэроклубқа комиссия келіп, Бигелдиновты бірден таңдайды. Сөйтіп, 1940 жылы ұзақ уақыт бойы туған жерін көрмейтінінен хабары болмастан, Саратовқа кетеді. Мұнда да Талғат Бигелдинов бойы мен ұлтына деген менсінбеушілік қарым-қатынасқа кез болады. Бірақ, соған қарамастан,  алғашқы өмір мектебінің және әртүрлі құрылғыларда ұшудың керемет тәжірибесін алады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап жас курсанттар майданға аттанғылары келді. Бірақ, командирлер ұшқыштардың әлі де кәсіби дайындықтан өтуі керек екенін алға тартып, қанаты қатпаған бозбалаларды майданға, ажал аузына жіберуді қаламады.

Бірнеше ай өткен соң, Талғат Бигелдинов өз қалауымен Орынбор маңындағы бомбалаушы авиация мектебіне ауысады, онда жігіт ауыр әуе көліктерін  жылдам игеріп, көп ұзамай ефрейтор дәрежесін алды. Кейін Талғат аға өзінің болашақ темір тұлпары ИЛ-2-мен танысқан жері – жауынгерлік жойғыш мектепке ауыстырылды. Сол кездің өзінде бұл ұшақ туралы небір аңыздар айтылып жүрген еді және барлық ұшқыштар аспанға тек сонымен қана қалықтағылары келді.

Ақырында, училищеге майдангерлердің бір бөлігін майданға жіберу туралы бұйрық келіп, қатарында Талғат Бигелдинов те бар жас ұшқыштар нағыз соғыс ошағына аттанады. Жас жауынгерлер мұнда бірнеше сағат бұрын сөйлескен адамының базаға қайта оралмауы мүмкін екенін түсінді. Шайқастар ауыр болды, тіпті аспанда ұшу тәжірибесі бар ұшқыштар да аман оралмады. Бірақ, жау шабуылынан ешкім қорықпады, Талғат аға мен оның жолдастары ештеңеге қарамастан, қалың майданға ұмтылып тұрды.

Талғат Жақыпбекұлы өзінің алғашқы «Алтын жұлдыз» медалі мен Кеңес Одағының Батыры атағын 1944 жылы алды. Оның басшылығындағы ұшақтар Кировоград  пен Знаменка қалаларын батылдықпен қорғады. Бигелдиновтың өзі сол кезде жаудың төрт шабуылдаушысын атып түсірді. Бір жыл өткен соң, Бигелдинов сол атаққа екінші рет ие болды. Шебер ойластырылған стратегиясының арқасында, оның эскадроны жау техникасы мен жаяу жүргіншілердің үлкен санын жоя алды.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов соғыста зұлым жауға қарсы екі жыл ғана күрес жүргізсе де, осы уақыт ішінде 305 әскери шабуылға шығып, көптеген жау ұшақтарын құлатып, жүздеген командалық тапсырмаларды орындады. Ол жау ұясы Берлин үшін жүргізілген шайқастарға қатысып, ұлы Жеңіс мерекесінен кейін мыңдаған жауынгерлермен бірге Қызыл алаңда жүріп өтіп, елге нағыз батыр ретінде оралды.

Талғат Бигелдинов екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақ.  Ол өмірінде болмысынан еті тірі, алға қарай ұмтылып тұратын адам болды. Аты аңызға айналған қаһарман ұшқыш 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Батырдың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды. Оның есімі бірқатар жоғары оқу орындарына берілген. Жерлес ағамыз туралы бірнеше фильм түсірілді.

– Соғыс болсын деп ешқашан қаламаймын. Бірақ, егер осындай ауыртпалық басымызға түссе, Алла бермесін, сіздер және немере-шөберелеріміз бізден кем болмай, жауларға соққы берсін! Біздің өсиетіміз осындай, – деп бата береді екен үнемі аты аңызға айналған ұшқыш.

Биыл батыр ағамыздың туғанына 100 жыл. Оның ерлігі өскелең ұрпаққа тамаша үлгі. Қазақ халқы жер бетінде тұрғанда, тәуелсіз елімізде де осындай даңқты перзентті дүниеге әкелген Ақмола облысында да батырдың есімі ешқашан ұмыт қалмайды.

Аружан ЖАНБОЛАТ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар