Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Тәуелсіздік алаңында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Талғат Бигелдиновтың туғанына 100 жыл толуына және 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне арналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқушылары арасында сап түзеу және саптағы әндер байқауы салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі және жеңімпаздарды марапаттады.
Парадты Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон штабының бастығы, майор Василий Гунько басқарды. Байқауға өңіріміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан барлығы 30 команда, 500-ге жуық адам қатысты. Олардың 8-і қыздар командасы.
–Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, азаматтық борышты орындау үшін жауапкершілік сезімі мектеп қабырғасынан бастап, өмір бойы жалғаса беретінін айта кетуіміз керек. Біз басты құндылықтар тәуелсіздікті, бейбітшілік пен татулықты ғасырлар бойы сақтауға тиіспіз. Осы құндылықтарды қорғай білу әрбір қазақстандықтың борышы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген мақсатты үдеден шығып, тұтастықты, ұлттық бірлікті, ынтымақтастықты сақтау өте маңызды, – деді өңір басшысы марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», – демекші, байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының ұйғарымымен ер балалар арасында жүлделі бірінші орынды Көкшетау азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің командасы жеңіп алды. Ал, екінші орынды Краснояр ауылы, агротехникалық колледжінің командасы мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің командасы иеленді. Үшінші орынмен Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің, «Арна» колледжінің және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің командалары марапатталды. Қыздар арасында жүлделі бірінші орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің қыздар командасы, үшінші орынды «Арна» колледжінің қыздар командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен, кубоктармен және дипломдармен марапатталды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.