Курортты аймақта жазғы маусымға үлкен дайындық жасалды

Өңірлік коммуникациялар орталығының алаңына келген облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Андрей Подгурский Ақмола облысының курортты аймақтарының жазғы маусымға дайындығы туралы хабарлама жасады.

–Өңірде 600-ден астам туризм саласына жататын мекемелер  бар. Оның 341-і орналастыру нысандары, 12-сі сауықтыру-курортты мекемелер, 207-сі жол бойында қызмет көрсету нысандары, 34 –і туристік фирмалар, 3-еуі- «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау»  мемлекеттік ұлттық табиғи парктері және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, – деп бастады сөзін Андрей Подгурский.

Саяхаттап, демалушыларға 900 мәдени-тарихи ескерткіштерді тамашалау ұсынылады. 73 туристік маршруттар қызмет көрсетеді.2021 жылғы пандемия қиындықтарына қарамастан, өңірдің туризм саласы айтарлықтай дамып келеді.

Өңірдің ішкі туристік келімі 1,0 миллион адамның үстінде. Тарқатып айтар болсақ, жергілікті орналастыру нысандарына тоқтаушылар-324,8 мың адам; сауықтыру-курорттық мекемелерінде демалушылар -27,2 мың адам; «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде келешілер-655,3 мың адам, «Көкшетауға» түсушілер-22,3 мың адам, «Бұйратауға» ат шалдырушылар -2,0   мың адам.

Келушілерді қабылдайтын барлық орындардың жалпы саны 341 нысан. 2021 жылы кереует-орын саны 18 пайызға өсіп, 15,1 мың болды. Бұл өңіріміз бір сәтте 15,0 мың туристі қабылдай алады деген сөз.

Қызмет көрсету ауқымы өткен жылмен салыстырғанда  64 пайызға өсіп, 10,5 миллиард теңгені құрады.Курортты аймақта қонақтарды орналастыру орындары өткен жылға қарағанда 11,5 пайызға өсіп, 3770 дана бөлме ұсынса, қызмет көрсету көлемі 9,1 миллиард теңге болды.

Щучье-Бурабай курортты аймағы еліміздің туристік мүмкіндігін жүзеге асыратын, Қазақстанның ең тартымды 10  туристік нысандары қатарына кірген өлке.2022 жылы Щучье –Бурабай курорттық аймағында туристерді орналастыру нысандарының саны 189, оларда 3233 бөлме, 8584 кереует-орын болмақ. Қазірдің өзінде жазғы маусымда 1 миллион адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар.

Щучье-Бурабай курорттық аймағында инженерлік құрылыс және жол инфрастуртурасы Жоспарының үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Облыстық әкімшілік  46,7 миллиард теңгелік 27 жұмысты орындамақ. Бүгінгі таңда 8,1 миллиард теңгеге 11 жұмыс атқарылған. 16 жерде жұмыс жүріп жатса, 1 жоба қаражаттандыруды қажет етпейді.

Жобаны жүзеге асыру барысында 49 шақырым жол салынып және жөнделген, 262, 5 шақырым  су желісі тартылған. Жазғы маусымға дайындық  мақсатында жергілікті атқарушы органдар да бірқатар жұмыстар атқаруда.Мысалы, Бурабай кентіндегі орталық алаң мен Кенесары көшесінің архитектуралық көрінісін жақсарту жоспарланған. Щучинск қаласында аялдамалық павильондар орнатылып, темір жол вокзалының  алаңы жаңғыртылмақ.

«Бурабай» мемлекеттік паркіндегі қасиетті орындар маңайы абаттандырылатын болады.Щучинск қаласында жергілікті бюджеттен 7,6 миллион теңге қаражат бөлініп, телемұнара маңайынан жан-жақты тамашалайтын орын жасалмақшы. «Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі вело және жаяу жүрушілер жолы  бойындағы нұсқаулық көрсеткіш тақталарды жаңғыртты. Кент әкімшілігі жол жиектерін ақтап, бағандарды  сырлап, көше шамдарын ауыстырып, арам шөптерді орып, гүлдер отырғызып, рұқсатсыз жерге төгілген қоқыс қалдықтарын шығырып, ретке келтірді. Орталық көшелер аулалары да абаттандырылып, көпқабатты үйлердің кіреберістері жөндеуден өткізілді.

А.Подгурский одан әрі Бурабайдағы тазалық мәселесіне тоқталды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесімен «Clean City Nc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Бурабай кентінде  бөліп қалдық салуға 17 жерге 50 контейнер қойылған.  Кент әкімшілігі 2021 жылы 11 санитарлық- гигиеналық құрылғыны  «Бурабай» паркіне қолдануға беріп, өз кезегінде олар оны «Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырған. 30 сәуір күні  оның 3-еуі «Оқжетпес» шыңы маңайына, 2-еуі көл жиегіндегі қайық стансасы жанына қойылған. Қалғандары Бөлектау, орталық жағажай, Үлкен Шабақты көлі мен аттракционға жеткізіледі. Бурабай курортты аймағында жазғы маусымда осындай санитарлық-гигиеналық қондырғылардың 30 данасы қолданыста болады.

Жол картасына сәйкес полиция Департаменті ұйғарымымен Бурабайда 5 полиция қызметкері тәптіпті қадағаламақ. Олар қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамсыз етілген. Сондай-ақ, 61 кәсіби құтқарушы, 4 құтқарушы бөлім, суға сүңгу-құтқару бөлімшесі дайын тұрмақ. Олар да 13 автокөлік пен құтқару техникалары, 27 жүзу құралдары, 2 катер, 10 моторлы қайық, 8 ескекті қайық, 7 резенке қайықпен қамтамасыз етілген.

Баяндамашы Зеренді ауданында атқарылған жұмыстарға, жазғы маусымға дайындық барысына да кеңінен тоқталды. Зеренді курортты аймағын жетілдіру үшін 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар бекітіліп, 2025 жылға дейін 14,1 миллиардқа 45 жерде жұмыс жүрмек. «Зеренді кенті өлкетану музейінің құрылысы» жобалау-сметалық құжаттарын дайындау үшін жергілікті бюджеттен 3,9 миллион теңге бөлінген. Туристер аралап, баратын орындарға суретке түсуге қолайлы орындар жасақталып, ақы төлеу терминалдары орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көрсеткіш тақталар орнатылған. Үлгілі  сарқырамасы маңайын  да абаттандыру қолға алынған.

Жалпы, курортты аймақтарға келіп демалушыларға сақтық пен тазалық шараларын сақтау үнемі насихатталып тұрмақ. Тосын оқиғалардың болмауы, қолайлылық пен мәдениетті тұрақтандырудың ең негізгі мәселесі де осыған келіп тіреледі.

                                 Серік Сапарұлы,
                        «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар