Референдум өткізу – саяси дамудың келесі кезеңі екенін түсінуіміз қажет

Көкшетау қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының және арнайы құрылған партия штабының мүшесі Нұрлан Жаров өзі директоры болып табылатын көпбейінді облыстық ауруханасының ұжымымен Конституцияға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.

«Біз тарихи таңдаудың қарсаңында ел алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, референдум өткізу – саяси дамудың келесі кезеңі екенін түсінуіміз қажет. Бұл – уақыт талабы. Себебі, ел тағдырын анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысу қажет. Президент Қ.Тоқаев суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы айтты. Сонымен бірге Жолдауды жүзеге асыру аясында Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау ескерілген. Яғни, елдің құқықтық жүйесінің басым көпшілігі өзгеріске ұшырайды және азаматтар ол туралы біліп, оқып, оған дауыс беруі керек деп санаймын. Бұл азаматтардың иглігі үшін жасалып жатқандықтан, қоғам белсенділік танытуы тиіс»,-деді ол өз сөзінде.

Айта кетейік, бүгінде облыстық көпбейінді ауруханада 912 медицина қызметкері еңбек етеді. Денсаулық – баға жетпес байлық десек, адам жанының арашасы болып табылатын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше екені сөзсіз. Сондықтан, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің елдің саяси өміріндегі өзгерістерден хабардар болып қана қоймай, оған белсене қатысуы маңызды.
Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы ғылыми бөлімнің жетекшісі Арайлым Калабаева:

– Біз жалпыхалықтық референдумға қатысу арқылы Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз деп ойлаймын. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам. Алдағы референдум – Қазақстанның болашағын айқындайды. Бұл – пафосты бөспе сөз емес, себебі егер конституциялық реформа қабылданса, онда саяси жүйемізде айтарлықтай өзгерістер жасалады. Ол өзгерістер қоғамды ашық етуге бағытталған. Енді осы өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халықтың қолдауы қажет. Сондықтан, әрбір азаматымыз 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қосуы тиіс. Бұл менің ойым, – дейді ол.

Бүгінде референдум қоғам арасында қызу талқыланып, көбінің қолдауын тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – тамырымен халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі.

Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі – Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделіне енеді, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді.

Реформалар сәтті өтсе, халық ел басқаруға қатысады. Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттары сайланады, мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде облыс әкімдері тағайындалады.

Осынша өзгеріс елде демкоратиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл – бүкіл халықтың деңгейдегі міндет.

Бибінұр Әмірханқызы,
«AMANAT» партиясы
Ақмола облыстық филиалының
баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар