Өнерге машық  өрге жетелейді

Балалар жылына байланысты бағалы бастамалар қолға алынып, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты еліктіріп, елітіп алға жетелеуде. Осындай шараның бірі – «Junior Skills» чемпионаты.

Чемпионатқа 11 мен 18 жас аралығындағы талапты оқушылар қатысуда. Алдымен байқаудың негізгі мақсаты дарынды балалардың алдынан кең жол ашып, қиялдарына қанат бітіру екендігін айта кетелік. Шын мәнінде байқауға қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Әсіресе, дизайн саласына ынталары ауып тұр. Оның ішінде графикалық дизайнға қатысушылар өте көп. Сән технологиясы, интерьер дизайны, флористика, графикалық дизайн және сәндік киім мен акссесуарлар дизайны құзыреттілігі бойынша бақ сынасқан балалардың бойындағы талап пен қабілетке қарап көңілің өседі.

–Өскелең ұрпақты өнерге баулып, кәсіпке тәрбиелейтін шараны «Уорлд Скилсс» құралдары негізінде ұйымдастырудамыз, – дейді Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Ұлболсын Мәмбетова, – жас толқын әсемдік әлемін қалыптастыруды үйренсе, шығармашылықпен жұмыс істеуге тәрбиеленсе, мақсаттың орындалғаны.

Байқауға қатысқан жастардың жұмысын бажайлап қараған адам әлгі ойдың сәтімен сабақталып жатқандығын айқын аңғарар еді. Жасалып жатқан жұмыс бірінен бірі өтетіндей айшықты да әсем. Сұлулықтың сиқырлы кеңістігіне қадам басқан жастардың да жан-дүниесі өздерінің қолынан туған осынау дүниелердей құлпырып-ақ тұрған шығар.

–Осындай бақ сынаулар талапкерлердің бойына күш-қуат құйып, ынталарын үстей түседі, – дейді №6 орта мектеп-лицейінің директоры Райхан Омарова, – себебі сайыс оқушыны жан-жақты болуға баулиды. Өнері озық өзгелерді көріп үлгі алады, аз да болса тәжірибе жинақтайды. Дайындық кезеңінің өзі дарынды балалардың бойындағы қарым мен қабілетті ұштай түседі. Ал, байқауда жеңіске жетсем деген үміт оты жас жүректі тебірентпей қоймайды.

Қатысушылардың да айрықша күшті ынтасы көзге ұрып тұр. Білсем дейді, үйренсем дейді. Кейін сол білім мен білікті ұштап жетілдірсем деген ұмтылыстың өзі бір ғанибет емес пе?!

–Сән технологиясы бойынша бақ сынамақшымын. Тігін тігуді жарты жыл бұрын бастадым, – дейді мектеп оқушысы Дариға Нағманова, – көңіліңдегі көркем көрініс кестедей болып түскенде жан-дүниең бір рахат сезімге бөленеді. Тігісі жатық тігіншілік өнердің тылсым сыры аз емес екен ғой.

Өміршең өнерді қапысыз үйреніп, қалтқысыз кәдесіне жаратуға ұмтылған жастар машықтарының қалыптасып қалғанын көрсетті. Ал, шын өнер шырайлы болуы үшін қалыптасқан машықтың қажет екендігі әлмисақтан белгілі. Байқау жеңімпаздары дипломдармен марапатталып, сертификаттарға ие болды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар