Мұраттас, мұңдас досым еді

«Өткен күннен белгі жоқ» деген бабаларымыз уақыт өткен сайын көргенің мен естігенің жадыңнан өшетінін немесе көмескі тартатынын қаперге салу үшін әдейі айтқан шығар, осы сөзді сірә.

Ерейменнің абзал азаматы Тұрсынбай Байжановпен мектепте бірге оқыған күндер кеше ғана еш ұмытылмастай санада сайрап тұратын. Енді міне, естелік жазуға ғана тіршіліктегі сол көп дүние жанданып, көз алдыма қайта оралды. Ол Ереймен жұртшылығына жақсы танылған атақты баһадүрдің, ірі әулеттің бір тамаша өкілі еді.

Тұрсынбай жасынан сегіз қырлы, бір сырлы азамат боп өсті. Өнерге өзгеден бір табан жақын болды. Түр-әлпетіне, жүріс-тұрысына, әсіресе, әншілігіне кім де болсын таңқалушы еді. Бір басынан асатын атақ-марапаты өз алдына бір рухани дүние болды. Сондай-ақ, ол қай қуаныш-қайғыда да оңай сыр беріп, сына қоймайтын мейілінше ерекше сырбаз жан болатын. Бұл мен білетін Тұрсекеңнің бір қыры ғана болар.

Кімнің де өзі шығатын биігі, ешкім таласа алмайтын асуы болады ғой. Біреулер сол шыңға қиналмай шығады. Енді біреулер үлкен еңбекпен, ауыр мехнатпен, маңдай терімен жетеді. Тұрсынбай досым осылардың соңғы тобына жатады. Қашанда алар шыңын шыдамдылық пен төзімділік нәтижесінде бағындырған жан. Оның өмір жолының тағылымы да, сыры мен үлгісі де осында жатыр. Елге адал еңбек етудің шынайылығын көрсеткен абзал  жанның ардақты есімі көңіліміздің төрінде әрдайым жарқырап тұрары хақ. Оның бойындағы зор кісілік қасиет, азаматтық келбет пен мінез басқалардан өзгеше ерекшеленіп тұратын. Арда туған қимас бауырымыздың өмірден озғанына тура 17 жылдың жүзі болыпты.

Әкесі Иманғали Байжанұлы өзі өмір сүрген кезеңнің қайталанбас дара тұлғасы, еңселі ел перзенті, жаны аяулы, сирек жақсылардың бірі дейтін көз көрген қариялар. Ол кісі Тұрсынбайдың он жасында бақилық болған екен. Алланың жәрдемімен анасы Күлжан маңдайынан төгілген ащы терімен, ұлын өрге сүйреп, оқытып, үйлі-баранды отбасы қылды. Анасы ақжарқын, қабағы ашық, маңдайы жазық, қол берекесі мол, дастарханы жиылмайтын, әмәндә күліп жүретін жайдары  адам болғанын білеміз. Әрине, досым туралы өткен шақта сөйлеу көңілге өте ауыр. Бұл күндері өзімді алты жылдай жоғарғы оқу орнында бірге болған  кездер елесімен ғана жұбатамын.

Маңайына жүрек жылуын сол досымдай молынан шашқан адамдарды өмірде сирек кездестірдім. Жасаған ісінде, сөйлеген сөзінде еш жасандылық болған емес. Құдай қосқан жары Бағдат үлгілі жанұядан өсіп-өнген кісі. Жасынан мәдениет пен білімді жетік меңгере білді.

Әкесі Баспақ ақсақал Кеңес заманында ұзақ жылдар партиялық жүйеде қызмет етті. Анасы Мәпруза шырайлы, үлкен-кішіге де жібектей есіліп тұратын өте бір парасатты аяулы жан болғаны көпшіліктің есінде шығар.

– Тұрсынбай екеуіміз бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкенде оның  тарапынан бір ауыз артық сөз естімедім, – деп еске алды жастық күнін өмірлік серігі Бағдат Баспаққызы. – Өйткені, ол мінезді, отбасына өте жайлы жан болды. Өзімді гүлдей аялап, балаларыма асқар таудай әке болған  азаматтан айырылу маған оңай болған жоқ.

Ұрпақтарымдызды қатарға қосуға талпынып келемін. Бірақ, жатсам, тұрсам, құлыным Абайым естен кетпейді. Ол жастайынан зейінді еді. Жарық дүниемен ерте қоштасқаны жаныма қатты батады. Құдайға шүкір, қазір балалары өсіп келеді. Осы күндері сол кезеңдерді  жиі сағынышпен еске алып  отырамын. Тұрсынбай қайтыс болғанда қоштасуға халық орасан көп жиналып, туған елі орны толмас қайғыға қабырғаларының қалай қайысқандығын білдіріп еді.

Тіршілікте ол да елі мен жерін, батыр бабаларының аруағын барынша сыйлап өтті. Сондықтан шығар, күні бүгінге дейін оның есімі елдің аузында жүр. Жақсының аты өлмейді деген сөз бекерден бекер айтылмаған. Қандай қиын-қыстау заман болса да, жібі үзілмей келе жатқан ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, асыл достарымыздың еселі еңбектерін келесі буынға жеткізу – біздің асыл парызымыз. Көзі тірі жақындары үшін ең аяныштысы, оның арқа сүйеген ардақты ұлы Абайдың жарық дүниемен ерте қоштасқаны. Жарық жұлдыздай жарқ етті де, жоқ болды.  Алланың ісіне не шара. Үміт артқан ұлы Абайдың қазасына ел қайғырды, тосыннан болған ажалына қиналды. Оның бітім-болмысы, кісілік келбеті, парасат-пайымы күн өткен сайын ұлғайып, туған-туысқандардың оған деген сағынышын барынша арттыра түсуде. Әрдайым суреттерін көргенде, өн бойымнан сағыныш сезімі жүйткіп өтеді. Бұл бір менің емес, оны білген, сырлас, жолдас болған әрбір азаматтың басында болатын құбылыс шығар.

Әрдайым елге барған кезде міндетті түрде атбасын бұрып, қимас досымның бейітіне барып, аруағына тағзым етіп отыруды өзіме парыз санаймын. Тұрсынбай көрмеген қуаныш-шаттықты, немерелері мен жиендерінің күміс күлкісін, сүйкімді қылығын қазір сүйген жары Бағдат көруде. Сол үшін Аллаға тәуба қылып, марқұм досымыздың жатқан жері жайлы, жасаған игі істері, ел алғысының сауабы марқұмның рухына шарафат болып тисе деп тілеймін. «Арттағыға ісің мен сөзің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең», – деп Абай атамыз айтқандай, досым туралы ойымның бір қысқаша сыры осы.

Тіршілікте асыл дос болған Тұрсынбай мен оның сүйікті ұлы Абайдың аруақтары ұрпақтарын желеп-жебеп жүретініне сенімім мол. Алла бәріңізге жар болсын!

Талғатбек ЖАНАЙДАРҰЛЫ,

Ерейментау ауданының Құрметті азаматы.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар