Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен және «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қорының демеуімен «Абылай ханның қара жолы» экспедиясы осымен төртінші мәрте зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру үшін Көкшетаудан батыс өңірлерге сапарға шықты.
Еске сала кетсек, «Абылайханның қара жолы» жобасы 2018 жылы бастау алған болатын. Биылғы экспедиция ағымдағы жылғы маусым айының 12 мен 26 аралығына жоспарланыпты. Осы орайда, Ақмоланың бір топ ғалымдары мен белсенділерінен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған экспедициялық топ еліміздің батыс өңірлеріне аттануды жөн көріпті.
Танымдық экспедиция Алтын Орданың 750 жылдығына, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150, шығыстың қос жұлдызы Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туғандарына 100 жыл толуларына арналып отыр.
Облыс орталығындағы Абылай хан алаңында өткен шығарып салу рәсімінде Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талған Жүнісов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, аталмыш экспедиясы жетекшісі, өлкетанушы, ҚР БҒА академигі Мұрат қажы Ыдырысұлы құттықтау сөз сөйлеп, экспедиция құрамының жұмысына сәттілік тілеп, ыстық ықыластарын білдірді.
–Біз бүгін үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың алаңынан осымен төртінші рет экспедицияға аттанғалы отырмыз. Жобаның жалғасын тауып, жаңа бағытқа, яғни еліміздің батыс жағына қарай бет алуынан үлкен жаңалықтар күтеміз. Біздің экспедицияның басты мақсаты – Қазақстанның батыс өңірлерінің ерлікке толы тарихи, рухани-мәдени өмірі мен салт-дәстүрін зерделеу, сол топырақтан нәр алған ұлы тұлғалардың өмірі және шығармашылығымен танысу, киелі орындарын көзбен көріп, ежелгі қала орындарын зерттеп, қазақтың азаттығы үшін болған шайқас орындарына бару, тарихи-өлкетану музейлерінінің жұмысымен жан-жақты танысу, –деді өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы.
Сапардың бағыты 8500 шақырым жолды құрайды Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған экспедиция құрамында Мемлекет тарихы институтының ғылым-ақпарат меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, Ақмола облысы өлкетану музейінің тарихшы ғалымы Бибігүл Бисенбайқызы, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Гәкку Бәйішева, «Көкше» телеарнасының телеоператоры Сабырбек Шериязданов, Кенесары ханның ұрпағы Құрманғазы Арыстанов секілді азаматтар да бар.
Экспедиция мүшелеріне «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ермек Нұғыманов ақжолтай тілеп, ақ батасын беріп, шығарып салды.
Ы.ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.