Өртпен алысқан өжеттер

«От пен су – тілсіз жау» деген халық сөзі әсте есте естен шықпау керек-ау. Бірақ, күнделікті күйбеңмен жүріп, қатеге жол берушілер кез болып қалады. Ондайда, арнайы мамандар ғана қол ұшын бере алады. Әйтпесе, жалақтаған жалын мен будақтаған түтін қойнауына кім бас тігіп бара қояды.

Сондай жұмыста жүріп, талай рет қатерден қаймықпай, адам өмірін арашалап, алғыс арқалаған жандардың бірі – Көкшетау қалалық №10 өрт сөндіру бөлімшесінің қарауыл бастығы Әділет Серік. Әңгімесін тыңдасаң, жасыратыны жоқ, денең түршігеді. Оқыған-тоқығаны, кәсібі сол болған соң бір жағы жөнін біледі, екіншіден тәжірибесі толығып, еті үйренетін шығар.

–Қоңырау түсіп, дабыл қағылған соң, жедел жеткенбіз. Келсек, үй жанып жатыр. Темір есік екен. Берік. Мұндайда тез шешім қабылдау маңызды. Ол есікті бұзуға кіріссек, бөгелеріміз кәміл. Терезеден түсуді ұйғардық. Жеке құрамға өрттің жайылып кетпеуін қадағалауды тапсырдым да, аға сержант Әлімжан Мұстафинді ертіп, екеуіміз терезеден ішке ендік. Алғашқы оймыз,  отқа оранып, тұншыққан адам болса, құтқару. Үстімізде тыныстау аппараты болса да, түтін мен жалыннан жол тауып жүру оңай емес. Әйтеуір, қарманып жүріп, ес-түссіз жатқан адамды тауып алдық. Әр секунд қымбат қой. Жанталасып, далаға шығардық. Әлгі адам аман қалды. Бұл Гастелло көшесіндегі №6 үйде болған оқиға, – дейді ол. Оның еңбек жолында мұндай оқиғалай баршылық.

Тағы бір жолы Боровской шағын ауданындағы  №56 үйден өрт шығып, жасақ жолға шығады. Бұл ағымдағы жылдың сәуіріндегі оқиға. Көпқабатты үйдің бірінші қабатын өрт шалған. Бұл жолы да, темір есікті бұзып кіруге уақыт оздырмай, терезеден ішке түседі. Жанында аға сержант Олжас Оқапов бар. Екеуі қою, бұйра түтін арасынан іздестіріп жүріп, кереуеттің жанында бүк түсіп жатқан адамды табады. Қанша дегенмен, төменде әлі бір жұтым болса да ауа бардай екен. Алайда, енді сәл кешіккенде ол адамның тағдыры не болары белгісіз еді ау…

–Бұл таңдаған мамандығымыз, күнделік атқаруға тиісті жұмысымыз ғой. Сондықтан, адамды ажалдан аршалап қалғанымызға қуансақ та, онымызды алабөтен ерлікке санамаймыз. Әрқайсымыздың атқарар жұмысымыз, міндетіміз, – деп түйіндейді Әділет әңгімесін.

Әділет Серік Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылында дүниге келген жігіт. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтын үздік тәмамдаған. Одан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің өмір тіршілік негіздері факультетін де үздік аяқтаған. Қазір білімін жалғастырып, магистратурада оқып жүр. Біліміне ерлігі сай жас жігіт өз мамандағына деген құрметті жоғары ұстап, жан-жақты жетіле түсуді көздеп, ізденісін жалғастыруда.

Оның әңгімесін тыңдай отырып, бәлкім, оның қызметіндегі қиындықтар, кезігетін сынақтар оны өмір мәнін терең түсінуге, барды қадірлеуге бастайтын шығар деп ойлайсын. Министрліктің, департаменттің Алғыс хаттарына, тұрғындардың алғыс-рахметіне бөлініп жүрген жігерлі жігіттің алға қойған мақсатына жетуіне бек тілектеспіз.

                                Серік САПАРҰЛЫ,

                                «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар