Жемқорлық және қоғам

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биліктің ашықтығын, халыққа жақындығын жүзеге асыруды талап етіп келеді. Қоғамдық кеңестердің қағаз жүзінде ғана тіркеліп, есеп үшін ғана құрылмауын, қоғам белсенділерінің ештеңеден қаймықпай, жасқанбай талап қоюы керектігін де айтты. Сөйтіп, Жаңа Қазақстан құруға, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықты жоюға барлығымыздың, еліміздің әр тұрғынының атсалысуына қол жеткізсек, деген ниет бұл. Әрине, мемлекеттің халық үшін салып жатқан мектеп, балабақша, емхана, аурухана сияқты нысандардың сапасын тексеру, оған қарастырылған қаражаттың жұмсалуын  білу, құрылыс ауқымын, басталу-аяқталу мерзімін, игерілу қарқынын бақылауға белсенділердің араласуына жол ашылуын тапсырды.

Алайда, жылдар бойы қалыптасып қалған ахуалдың бір күнде өзгере қалмасы тағы белгілі. Іргеде салынып жатқан нысанды, көшеңде төселіп жатқан жолды, тартылып жатқан су немесе жылу желісін күнде  қалай тексеріп тұрасың? Жағаласып, жұмыстарына бөгет болмайсың ба? Әрбір жұмысшының әр қадамын бақылап, қате ісін әшкерелеп, айғай шығарып жүрмексін бе? Өйтпей, тағы болмайды. Айда-жылда келіп кететін комиссиялардың еш ықпалы болмайтынын, ақыр-соңында қате табылып, бөлінген қаржы игерілмей, сан соғып жату жиі кездесіп келді.

Өкініштісі сол, қарапайым тұрғындар салынып жатқан көлемді, ауқымды нысан, көпір, ені мол жол көрсе «Е-е, бұдан басындағылар мен жоғарыдағылар қарпып-қарпып жейді ғой» дейтін болды. Оны айтушыны өзгелер бас изесіп, бір ауыздан қолдай кетеді. Бүгінде оқымаған-тоқымаған адам жоқ. Бәрі де сауатты, көзі ашық. Ол пікірді жоққа шығарайын десең, екі күннің бірінде мекеме басшысы, басқарма жетекшісі, министр мемлекет қоржынына қол салып, ұсталып, қамалып жатады. Бұл жаңалық үнемі жаңғырып, жаңа деректер тіркеліп тұрады. Талай жылдардан бері сап тиылған кезі жоқ. Сонда, әлгіндей пікірге не деп жауап бере аласың?

Енді, биліктің ұсынысы, бастамасымен қоғам белсенділері барлық халық үшін салынатын нысандарға бақылау жасамақ. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев халықпен есеп беру кездесулерінде қай ауданға барса да осы мәселені түсіндірді. «Сіздер қалаларыңызда, ауылдарыңызда салынып жатқан нысандар құрылысын бірден қадағалаңыздар, оның басшыларымен қарым-қатынаста болыңыздар. Көрген қателіктеріңізді соларға жеткізіп  тұрыңыздар. Егер, өрескел кемшіліктер, заң бұзушылықтар көрсеңіздер әкімшіліктерге, заң орындарына жазыңыздар. Сөйтіп, дер кезінде қателіктерді түзетіп отырыңыздар. Сонда, өкініш болмайды», – деп тұрғындарды мемлекеттен бөлінген қаражаттардың орынды жұмсалып, игерілуін қадағалауға, жанашыр болуға шақырды. Аудандардағы жер жөніндегі, тағы басқа комиссияларға, қоғамдық кеңестерге мемлекеттік қызметкерлерден гөрі қарапайым адамдарды, белсенділерді, журналистер мен болгерлерді көбірек тартуды міндеттеді. Расында да, облыс орталығынан алыс аймақтарда қалам ұстаған қауым мен блогерлердің көптеген күрделі мәселелерді үзбей зерттеп, үзбей жазумен келеді. Оларға сенім артылуы әбден орынды. Бұл – орынды бастама.

Тағы бір айта кететін жағдай көптеген кәсіпкерлер, құрылыс прорабтары, жобалаушылар  сияқты іс басындағылар қоғам белсенділерімен ақылдасып отыруға, олардың құрылыс сапасын бақылауына мүлдем қарсы емес. Оларда жүріп жатқан жұмыстары аяқталғанда сынға ұшырамауын қалайды. Бұл да құптарлық оң үрдіс.

Не салып, не қойып жатқанын тұмшалап, көрсетпеушілер, қаражат жөнінде жақ ашпаушылар саны азайып келе жатқандай. Міне, осы қалып жалғасын тауып, тұрғындар мен кәсіпкерлер, мемлекет тапсырысын орындаушылар арасында ымыра-бірлік орнаса, жемқорлық та азаяр еді.

Міне, бүгінгі таңда Президент талап еткен биліктің ашықтығы, халыққа жақындығы өмірде  осылайша көрініс таба бастады. Демек, жайлап кеткен сыбайлас жемқорлықтан арылар күн де жақындай түсер. Ол үшін қоғам белсенді болудан айнымауы керек. Көп болып, жұдырықтай жұмылып қана бұл кеселден біржола құтыларымыз кәдік.

Серік САПАРҰЛЫ,

                                                 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар