Тұрғындар тыныштығының қырағы қорғаушылары

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен Қазақстан Республикасы полициясының 30 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты жиында тыныштық сақшыларын Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтап, бірқатар үздік полиция қызметкерлеріне ҚР Президентінің Алғыс хаттарын, мерзімінен бұрын берілген арнайы атақтарды, медальдар мен төсбелгілер, ҚР Ішкі істер министрлігінің Грамоталарын табыс етті.

 Өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде облыс полиция қызметкерлерінің тұрғындар тыныштығын күзетуде, қылмыстың алдын алуда және орын алған қылмыстарды ашуда атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, сақшылардың қызметтерін одан 2р3 жетілдіріп, материалдық-техникалық базаларын нығайту бағытындағы қолдаудың одан әрі жалғаса беретінін айтты. Жас полиция қызметкерлерінің тез арада өздерінің теориялық білімдерін жүзеге асырып, тиімді жұмыс жасауына  тәжірибелері кемел аға буын, ардагерлердің тигізер игі әсері мол. Бүгінгі полиция қызметкеріне тұрғындар сенімін, құрметін арттыра түсу, олардың жұмыс нәтижелерін де жетілдіре түспек. Сондықтан, әрқашан тұрғындармен тіл табыса, түсіністікпен жұмыс жасау керек. Әрине, бұл қауіп-қатерге де толы қызмет. Қауіпті жұмыста, өкінішке орай, көлденең оқиғалар да кез болып қалады. Ел тыныштығы үшін құрбан болған батыр ұл-қыздар есімдері ешқашан ұмытылмақ емес.

Залда отырған қызмет үстіндегі полиция қызметкерлері мен еңбек демалысына шыққан ардагерлерді  Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев полиция полковнигі, Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ерболат Хұсайынов, Көкшетау қалалық полиция басқармасы қабылдау тарату бөлімшесінің бастығы Айбек Баймұратов, полиция департаменті штабы бастығының орынбасары Александр Гараж, Көкшетау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторының аға сержанты Әмірхан Жанұлына  Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын табыстады. Ішкі істер органдарының ардагерлері Айдархан Бисембаев, Қанат Айтқожин, Болат Баймурзин, Александр Меньших, Дәуітбек Нұрғалиев, Жасболат Хасеновтерге «Қазақстан полициясына 30 жыл» төс белгісін тақты. Азамат Әшімов, Асылбек Апиевтерге мерзімнен бұрын полиция полковнигі атақтарын ұсынып, құттықтады.

Одан кейін мінберге көтерілген Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Думан Таев Мұрат Әубәкіров, Рамазан Ысқақов, Хабиболла Ғазизов, Болат Жакенов, Ризахмет Жанбеков сияқты ардагерлерге,  тағы басқа қызметкерлерге,  А.Мырзахметов атындағы университет ректоры Сағынтай Елубаевқа,          «КТК»  телеарнасының тілшісі Айзат Дүйсенге, «Литер» респуликалық газетінің тілшісі Сәуле Құсайыноваға, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Дамир Шайдаровқа  «Қазақстан полициясына 30 жыл» төс белгісін тапсырды.

Салтанатты жиын үстінде аттары аталған азаматтардан басқа да марапатталушылар, тосын сыйлықтар, ән шашулар  көп болды. Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев тәртіп сақшыларына – Көкшетау қалалық полиция басқармасының патрульдік батальонына 10 «Chevrolet Cobalt» автокөлігін, тағы осындай 10 көлікті қаланың учаскелік инспекторларына, 5 «ЖАК» автокөлігін облыстық департаменттің арнайы орындар бөліміне табыс етті.

Сөйтіп, Қазақстан полициясының 30 жылдығы мерекесі облысымызда салтанатты түрде  аталып өтті.

                                                       Серік САПАРҰЛЫ,

                                                       «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар