Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Талап солғын болса, тазалық та болмайды - АРҚА АЖАРЫ

Талап солғын болса, тазалық та болмайды

Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін 130 орын болса, тек соның 24-і ғана заңдастырылған. Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Аршалы және Қорғалжын аудандарында қалдық жинайтын арнайы заңдастырылған орындар мүлде жоқ.

Тіршілік болған соң тұрмыстық қатты қалдықтар әрине болады. Оған дау жоқ. Ал, заңдастырылған орын болмағаннан кейін бұл аудандардың тұрғындары қалай амалдауда?! Бар қалдық, лас дүние ауыл-аймақтың іргесінде ақжаңқа болып шашылып жатыр. Жалғыз қалдық қана емес, малдың, ит-құстың өлексесі. Мал өлексесін бос жүрген ит жеп, ауру таратпасына кім кепіл?!

Таяуда Бурабай ауданына қарасты Атамекен ауылдың округінің Шиелі ауылының тұрғындары дабыл қақты. Курортты аймақтың етегін баса қоныстанған елді мекеннің маңы адам көргісіз. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, іргедегі Макинск қаласының кейбір кәсіпорындары мен тұрғындары тұрмыстық қалдықты осы ауылдың маңына әкеліп төге салатын көрінеді.

Сәл жел тұрса болды қолқаны қабатын сасық иістен дем алу мүмкін емес. Іле округ әкімі Қанай Есекеймен тілдестік. Әкімнің айтуына қарағанда, округтегі алты елді мекен кезек-кезегімен тазалануда. Әйтсе де бұл мақсатқа арнайы қаражат бөлінбегендіктен үлгере алмай жатқан көрінеді.

Дәл осындай көрініс жалғыз Шиелі ауылында ғана емес, облыстың бірқатар елді мекендерінде орын алып отырғандығын айтуға тиістіміз. Бір сөзбен айтқанда, экология мәселесі ушығып тұр. Қоқыс полигондарының жай-күйі ертеден айтылып келе жатқанымен, әлі бір жүйеге түспегендігі, тәртіпке көндікпегендігі өкінішті. Шалғайдағы шағын ауылдардағы жылдар бойы қордаланып қалған мәселені былай қойғанда, табиғаты тамылжыған Бурабай баурайының айдай әсем ажарына сызат түсуде.

Осы арада тұрғындардың да жауапкершілігі болуы керектігін айта кеткен жөн. Осылайша қалдықтарды бөлек жинау, өңдеу және түпкілікті табиғатқа да, адамға да зияны тимейтіндей етіп көму қолға алынбай  отыр. Қазір өңірде 130 қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі бар. Оның тек 24-і ғана заңдастырылғандығын жоғарыда айтып өттік. Он ауданның орталығында заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі  жоқ екендігін ескеретін болсақ, осы бір өзекті мәселеге қаншалықты көңіл бөлініп отырғандығын аңғаруға болады.

Мамандардың айтуына қарағанда, бұл мәселені шешу жобалық құжаттаманың қымбаттығында екен. Егер осы мәселе шешілсе, өңірде полигондар салына бастамақ. Бірақ, оның да өз тәртібі бар. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонның астынан жерасты сулары өтпеуі керек. Алдымен осы жайды мұқият анықтаған жөн.

Заңсыз, бейберекет пайдаланылып жатқан қоқыс үйінділері жыл сайын жойылып жатады. Санитарлық абаттандыру айлықтары да ұйымдастырылуда. Бірақ, қиын түйіннің күрмеуі шешілер емес. Биыл тазаласа, ендігі жылы тұрғындар тағы бір жерден заңсыз тұрмыстық қалдық төгетін орын теуіп алады. Осы арада жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың аз екендігін мойындауымызға тура келеді. Осындай немкеттіліктің салдарынан коммуналдық қалдықтарды полигондарда жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша заман талабына сай инфрақұрылым болмай отыр. Соңғы жылдары «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» акционерлік қоғамының көмегімен тұрмыстық қалдықтарды рұқсатсыз төгу оқиғаларын анықтау жүзеге асырылуда. 2020 жылы геопортал арқылы осындай 1593 қоқыс орны анықталып, 920-сы жойылған. Бірақ, өкінішке орай рұқсат етілмеген полигондар қайтадан пайда болып, табиғатқа залалын келтіруде.

Өңірдің өңін кетіріп тұрған экологиялық проблемаға бірқатар аудандарда кәріз тазарту құрылыстарының болмауы немесе олардың жеткіліксіз тазалануы себеп болуда. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 52 табиғат пайдаланушының жұмысын тексерді. Тексеріс нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталып, 13 ұйғарым  жасалды. 175 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, оның 21 миллион теңгеден астамы өндіріліп алынды. 154 миллион теңгеге тағы бір әкімшілік айыппұл мәжбүрлі түрде өндірілді.

Атмосфераны бақылау бойынша ағымдағы жылдың басынан бері өнеркәсіптік кәсіпорындар да тексерілген. Бұл орайда да бірқатар заң бұзушылық белгілі болып отыр. Оларға да қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылды. Су ресурстарын қорғау бағытында да тексерулер жүргізілуде. Облыс кәсіпорындарынан 30 сынама алынып, 1544 анықтау сараптама жасалған. Ішінара тексеріске алынған су сынамаларынан ингредиенттік құрамның мөлшерден тыс 128 жағдайы анықталған.

Целиноград ауданының сумен жабдықтау коммуналдық кәсіпорнының сарқынды суларды жеткіліксіз тазартатындығы анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жасалған ескертуден кейін кәсіпорын тазарту жабдығын алмастырып, жөнге келтірді. Бурабай ауданында алдын алу, бақылау қорытындысы бойынша қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның атмосфераға лас заттарды шығарып жатқандығы белгілі болды. Дер кезінде кемшілік жойылғаннан кейін курортты аймақтың ауасына кері әсерін тигізу тыйылды.

Ауыл-аймақтың маңайын мұнтаздай таза ұстап, төл табиғатымызға тағылық жасамай, аялай білу үшін ең алдымен жалпақ жұртты жақсы іске ұйымдастыра білу керек. Әрине, экология мәселелерін кеңінен талқылайтын әрқилы дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілуде. Бір ғана мысал келтіре кетелік, өңірде 24 сәуірден бастап «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді. Сәуір айының өзінде ғана осы акцияға 35 мыңнан астам адам қатысып, елді мекен маңынан 7152 текше метр қоқыс жиналып шығарылды. Жаз бойы өзен-сулардың бойында рейд ұйымдастырылып, табиғат аясында дем алушыларға ұқыпты болу туралы әңгімелер өткізіледі. Дегенмен, қыруар жұмыс қамтылып жатқан тәрізді бола тұра, қоқысқа батқан, айналасы адам көргісіз елді мекендер әлі де бар.

Біздіңше, қордаланып қалған қыруар мәселенің жалғыз-ақ шешуі бар. Ол – заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар