Қазақстан Республикасының астанасы күні мерекесіне орай, Көкшетау қаласында бұрын-соңды болмаған мәдени іс-шара болып өтті. Қопа көлінің жағалауында, ашық аспан аясында «Оркестрлер түні» өтіп, қала халқы мен қонақтарын бір керемет күйге бөлеп, көңілдерін серпілтті. Қопа көлінің толқындары, көңіл толқынымен астасып, ән мен күй шашу болып шашылды. Жағалау бойы шалқыған думан, шат-шадыман халық, өнер жәрмеңкесі, бәрі-бәрі мерекенің ажарын аша түскендей. Мерекелік шарада облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз жерлестерінің арасында жүрді.
Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһарына айналған айшықты Елордамыздың іргетасы қаланғанына биыл 24 жыл толып отыр. Ел астанасының әрбір қазақ үшін орны бөлек. Елдігіміз бен егемендігіміздің айнасы, санаулы уақыт ішінде бар әлемге бейбітшілік пен бірліктің киелі ордасы ретінде танылды. Иә, өзгеге мақтанышпен көрсете алатын, ел жүрегіне айналған Елорда күнін аса қуанышпен, осылай ерекше шаттықпен неге тойламасқа?!
Көкшенің қоңыр лебімен, Сарыарқаның дархан даласымен үндескен қобыздың қоңыр үні, сыбызғының салқын сазы, домбыраның киелі күйі кім-кімді болмасын тамсандырмай қоймады. Мерекелік кеште Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі әуенінің әсемдігі мен сырлы сазы тыңдаушысын тәнті еткендігі айқын. Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» күйлері, Е.Хасанғалиевтің «Асыл арман», Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», К.Салықовтың «Көкшетау» тағы басқа күйлер мен әсем әндер кезек-кезек орындалды. Ақкөл, Зеренді, Бұланды, Сандықтау, Атбасар, Шортанды аудандарының әншілері өнер кешіне айшықты өрнек салғандай.
Іс-шара аясында қолөнершілердің де көркем туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. «Палитра Синегорья» жобасының авторы Елена Андроняк және жергілікті суретші Елена Омельченконың сурет салудан шеберлік сыныбы да болып өтті. Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері: Әлия Баймульдина, Рашида Тукеева, Лариса Новобранцева, Наталья Блащук, Светлана Михалец, Ольга Дубова, Ластовецкая Анастасия, Кривоусова Анна, Абраменко Ирина, Ольга Псарь, Зеленцова Таисия, Елена Мельникова, Наталья Александреску, Тамара Ермактың табиғи тастармен безендірілген әшекей бұйымдары, тоқыма қуыршақтары, кәдесый сабындары мен ағаш бұйымдарының көрмесі де көптің көңілінен шықты.
Су спортының әуесқойларынан құралған желкенді регата қатысушыларының шеруі де ұйымдастырылған. Қала тұрғындары халықаралық желкенді регатаның бірнеше дүркін жүлдегері Борис Наенконы, Ақмола облысының спорт ардагері Владимир Останковты және Кеңес Одағының спорт шебері Андрей Вилкинді ерекше қошеметпен қарсы алды.
Думанды кешті шалқыған би ажарландыра түсті. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Реверанс» спорттық-бал биі клубының қатысушылары өз өнерлерін ортаға паш етті.
Ән мен күй шалқыған осындай думан өтті Көкшеде! Қопаның жағалауынан, Көкшенің ән төрінен думан кетпесін, әманда!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.