Егіс айналымында әр түрлі парларды қоладанудың ерекшеліктері

Соңғы жылдары өңделген егістік жерлердің құрылымын тиімді пайдаланудың оңтайлы талдауы көрсеткендей, өңірдің әр түрлі топырақ-климаттық аймақтарында әр түрлі парларды өндіріс жағдайында пайдаланудың мүмкіндіктерін қолдану арқылы оны одан әрі жақсартудың қажеттілігі байқалады. Өңірдегі ауыспалы егіс жүйесінде әр түрлі парлардың түрлерін өндіріс жағдайында пайдалану аса маңызды екенін соңғы 30 жылдың ғылыми деректері мен тәжірибе нәтижелері көрсетті.

Атап айтқанда таза пар, екпе пар, жасыл пар, ықтырмалы пар, минималды пар және нөлдік пар түрлері өңделген егістік танаптарында ерекше рөл атқаратыны белгілі болды. Ауыспалы егіс алқаптарының құрылымында осы аталған әр түрлі пар танаптары өз міндеттерін атқаруы тиіс және нарық жағдайында тауар өндірушілерге финанстық таза табыс әкелуі қажет. Өкінішке қарай, осы аталған парлар өндіріс жағдайында өте аз (таза пар ғана) қолданалады және ұмытылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан пайда болған жер иеленушілердің (шаруа қожалықтары, фермерлер, үлкен астық компаниялары) біреуі білсе, басқа біреуі білмеуі мүмкін. Сондықтан, бірнеше парлардың түріне ғылыми тұрғыдан көзқараспен қарап қоймай, тауар өндірушілерге өндіріс жағдайында алғы дақылдар ретінде дұрыс пайдаланудың қандай мүмкіндіктері бар екенін білуге болады.

Таза пар. Топырақтың физикалық, химиялық, технологиялық қасиеттерін, танаптың фитосанитарлық жағдайын жақсарту мақсатында егіншілікте жерді бірнеше қайтара өңдеуге тура келеді. Көп жылдар бойы осылай топырақты бірнеше рет қайта қайта өңдеу танаптарды эрозияға ұшыратады, одан қалды өзі қуаңшылық өңірде атмосферадан аз түсетін ылғалды топырақтан буланып ұшып кетуіне және еңбек пен қаржыны көп жұмсауға мәжбүр етеді. Атап айтқанда, топырақ өңдеуге егіншілік саласында жұмсалатын барлық шығынның 25-30 пайызы кетеді. Пардың осы түрі өндіріс жағдайында кеңінен қолданылады. Бірақ, кейбір шаруашылықтарда таза пардың дайындау технологиясын сақтамайды. Мысалы, егіншілік аймақтардың ерекшеліктеріне сәйкес таза пар танабында топырақ өңдеу жүйесін бұзбай дұрыс қолданып және пардың алдына қойылған міндеттерін толығымен ойдағыдай орындаса топырақ қабаттарында қоректік заттар жиналуына жағдай жасайды және жақсы егін өнімін алуға болады.

А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы ауыспалы егіс зертханасының және өңірдегі ғылыми зерттеу институттардың, ауыл шарушылығы тәжірибе станциялардың жүргізілген көп жылдық ғылыми деректерінің нәтижесінде таза пардан келесі кемшіліктер байқалды. Біріншіден танап таза парға қалдырылған жылдары егістік алқап тиімді пайдаланылмайды, яғни, таза парды дайындау барысында 21 ай уақыт бос кетеді, екіншіден вегетация кезеңінде бірнеше (5-6 өңдеу) рет қарқынды механикалық өңдеу жүргізіледі нәтижесінде топырақ қабатының тез азып тозуына әкеп соқтырады, ол өз кезегінде жел және су эрозиясы пайда болуына әкеледі немесе топырақтың құнарлығының төмендеуіне әкеледі, үшіншіден біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер жыл сайын ауыспалы егістің бір танабынан таза парға қалдыру арқылы өсімдік шаруашылығы өнімдерін ала алмайды, төртіншіден таза парды дайындау барысында танапқа азот пен фосфор минералдық тыңайтқышын толық мөлшерін енгізу арқылы, тек 2 жылы ғана өнім алады, бесіншіден бұл финанстық шығынмен қатар қоршаған ортаға біртіндеп экологиялық зардап әкеледі (сурет-1).

Астықты-парлы ауыспалы егісіндегі дәстүрлі таза пар танабы

 Ақмола өңірінің қара топырақты алқаптарында 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған дəнді-сүрлі ауыспалы егістердегі таза пардағы қарашіріндінің мөлшері 18,1 пайызға азайып кеткені анықталды. Мұның басты себебі топырақты қайта-қайта механикалық өңдеуге байланысты екенін ескерте айтуға тура келеді.

Екпе пар. Пардың бұл түрі де ауыспалы егістің бір танабына жатады, екпе парға арналған жерде жаздың бірінші және екінші жартысында әр түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріледі. Екпе парда өсірілген дақылдар ерте жиналып алынады, өзінен кейінгі өсетін өсімдікке жақсы алғы дақыл болады, топыраққа органикалық заттар қоры жиналады, ең бастысы екпе парда топырақтың беткі құнарлы қабаты әр уақытта өсімдік жамылғысымен жабылып тұрады, бұл өз кезегінде танапты жел және су эрозиясынан қорғайды.

Екпе парды өндіріс жағдайында жақсы өнім беретін дақылдармен қатар, бір жылдық екпе дақылдарды ауыспалы егістерде өсіру жақсы нәтиже береді. Шаруашылықтың мақсаттары мен міндеттеріне байланысты вегетация кезінде таза пар танабын екпе парға мал азықтық дақылдарына алмастырудың екі түрін (нұсқаларын) пайдалануға болады (сурет -2).

Астықты-шөпті ауыспалы егісте асбұршақ-сұлы қоспасын пішенге өсіру

Екпе пардың 1-ші нұсқасы – жаз айларының бірінші жартысында таза пар танабын орнына бір жылдық астықты-бұршақты шөптерді жасыл балаусаға себу және әр түрлі астық-шөпті ауыспалы егістерінен мал шаруашылығы саласы үшін әр түрлі жемшөп өнімдерін алу мен қатар жем шөп қорын көбейтуге болады.

Екпе пардың 2-ші нұсқасы – жаз айларының екінші жартысында таза пар танабының орнына бір жылдық астықты-бұршақты шөптерді жасыл балаусаға себу және әр түрлі астық-шөпті ауыспалы егістерінен мал шаруашылығы саласы үшін әр түрлі жемшөп өнімдерін алуға болады. Осылай екпе парды қолайлы пайдалану арқылы мал шаруашылығында пішен, пішендеме, көк азық, сүрлем және витамині мол шөп пен пішен ұндарын дайындап қамтамасыз етуге болады.

Сидералды (жасыл) пар. Сидералды пар екпе пардың бір түрі болып табылады. Тек бір ерекшелегі сидералды дақылдар жасыл тыңайтқыш мақсатына өсіріліп, кейіннен өсімдіктің жасыл массасы соқамен жыртылып топырақ қабатына енгізіледі (сурет-3).

 Сидералды ауыспалы егісте қышаны жасыл тыңайтқышқа өсіру

Әсіресе, Ақмола облысының кейбір аудандарында қарашіріндінің мөлшері төмен құрайтын топырақтарында және егістік алқаптарының құрылымында сидералды дақылдарды жасыл тыңайтқышқа өсіру топырақ қабатындағы қоректік заттар құрамы мөлшерін азотты тыңайытқыштарды енгізбей ақ қажетті деңгейде толықтырады және келесі жылы өсірілген дақылдан (жаздық бидай) таза табиғи экологиялық өсімдік өнімі алынады және қарашірінді құрамын біртіндеп қалпына келтіреді. Өңірдегі қарашіріндісі өте төмен топырақ түрлері үшін келесі сидералды дақылдарды өсіріп және жасыл тыңайтқышқа жыртып пайдалануға болады. Жасыл тыңайтқыш ретінде көбінесе бір жылдық және көпжылдық бұршақ тұқымдастары арасынан асбұршақ, асбұршақ-сұлы қоспасын, түйежоңышқа, жоңышқа, майлы дақылдардан жаздық рапс, қыша өсімдіктерін өсіріп пайдалану мүмкіндігі бар.

Бір айта кететін жағдай сидералды пардан кейін топырақта азот қорының мөлшері молаяды, қосымша азот тыңайтқышын енгізуді қажет етпейді және танаптардың құрылымы жақсарады. Сондықтан да, ауыспалы егіс жүйесінде сидералды пардың әсері өзінен кейін өсірілетін дақылдар үшін өте жақсы алғы дақылдар болып табылады. Өндіріс жағдайында сидералды парларды таза пардың орнына жаз айларының бірінші және екінші кезеңдерінде пайдалануға болады.

Ықтырмалы пар. Ықтырмалылар таза пардың ерекше бір түрі, қысы қатты салқын, ылғал мөлшері аз түсетін тапшы өңірлерде және қыс айларында жауған қарды егістік алқаптан жел айдап әкететін жазық далалық аймақтарда қолданады. Бұл үшін пар танабына биік сабақты өсімдіктер күнбағыс, қонақ жүгері т.б. өсіріледі. Соңғы жылдары жүргізілген ғылыми деректердің мәліметі бойынша ықтырма үшін ең қолайлысы қыша дақылы екені анықталды. Қыша дақылы шілде айының бірінші онкүндігінде пар танабына қыша тұқымын СЗС-2,1 дән сепкіш сеялкасымен дән себетін аппаратының 2-3 қатары мен ғана себеді. Ал оның қалаған 7 қатары жабық болады. Таза пардың гектарына 500 грамм қыша тұқымын себіледі. Тұқым 4-5 см тереңдікке себеді (сурет-4).

Ауыспалы егісте ықтырмалы парда қышаны өсіру

 Осылай ықтырма парға тоқтатылған қардың биіктігі 1 метрден асады және қалыңдығы қалың болып келеді, нәтижесінде топырақтың төменгі қабатын қатып қалудан қорғайды. Ықтырмалы парда қыс кезеңдерінде түскен негізгі ылғал қоры жинақталады және бұдан басқа да қосымша ылғал жинайтын шараларды қолдануды қажет етпейді. Алайда, кейбір жылдары көктемнің ерте келуі және ауа температурасының тез көтерілуі, сондай-ақ ықтырмалы парда ылғал қорының шамадан тыс көп жиналуы танапты су эрозиясына әкелетінін ұмытпау керек.

Минималды пар. Минималды пар термин сөзі соңғы 15-20 жылда пайда болды. Негізгі міндеті

ауыспалы егіс танаптарында минималды өңдеуді қолдана отырып топырақты өңдеудің санын бірнеше есе азайту болып табылады. Ол үшін бір жұмыс процесінде, яғни танапта бір жүріп өткенде бірнеше агротехникалық шараларды бір агрегатпен жүзеге асыратын техникалар мен агрегаттарды қолдану болып табылады (сурет-5).

Ауыспалы егісте минималды пар танабын дайындау

Мысалы, СЗС-2,1 дән сепкіш сеялкасы бір жүріп өткенде 4 операцияны бірден жүзеге асырады. Атап айтқанда, топырақты беткі қабатын өңдейді, арамшөптерді жояды, тұқым себеді және катокпен топырақты жеңіл тығыздайды, нәтижесінде атқарылатын жұмыстың санын қысқартуға жәрдемдеседі. Бұдан басқа қазіргі кезде елімізде бір жүріп өткенде 6-8 технологиялық операция жүргізетін шетел агрегаттары да бар.

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы жүргізілген кейінгі зерттеулер нәтижесі келесі қортындыға келді. Ауыспалы егістердегі топырақты өңдеуде тереңдігін азайту. Ол үшін топырақты жылда тереңге өңдей бермей, оны таяз өңдеумен алмастырып отыру. Терең өңдеу топырақты уатып, оның құрылымы мен құрылысын бұзады, танаптың төменгі ылғалды қабаты жер бетіне аударылғаннан кейін ылғалдың буланып ұшып кетуіне жол ашылады. Сонымен қатар таза пар танабында механикалық өңдеудің санын қысқартып, оның орнына гербицид қолдану тиімді болады. Мысалы, таза парды бір рет механикалық өңдеп, оған қосымша гербицид қолданса, парды 2-3 рет механикалық әдіспен өңдеуге тең екендігін ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері толық дәлелдеді. Осы зерттеулердің нәтижесінде ауыл шаруашылық өндірісіне топырақты минималды өңдеу (аз) жүйесі енгізілді. Агрономиялық тұрғыдан алып қарағанда топырақты минималды өңдеу танапты эрозияға ұшыраудан сақтайтын, ал экономикалық жағынан алғанда еңбек пен қаржыны үнемдейтін тиімді агротехникалық шаралар жиынтығы болып табылады.

Нөлдік пар. Кейінгі 10-15 жылдың көлемінде ауыл шаруашылығы өндірісінде топырақты нөлдік өңдеу немесе топырақты ешкандай өңдеусіз оған бірден егінді тікелей себу технологиясы пайда болды. Нөлдік парға өңделмеген жерге дақылдарды тікелей себу немесе танапты өңдемей ондағы өскен арамшөптерді тек қана гербицидтердің көмегімен жою арқылы жүзеге асады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын себу үшін арнайы тікелей себетін сеялкалар қолданылады. Нөлдік парды осылай пайдалану технологиясы өндіріс жағдайында аңыздық танапты жылдың кез-келген кезеңдерінде жел және су эрозиясына ұшыраудан сақтайды, себебі танаптың беткі қабаты өсімдік сабақтары және қалдықтары мен жабыңқы болады, нәтижесінде танапта экологиялық тепе теңдік сақталады.

Егінді тікелей себу әдістерін АҚШ, Канада, Бразилия және т.б. елдердің фермерлері кең көлемде пайдаланып келеді. Қазақстанның аймақтарында да, әсіресе ылғал мөлшері аз түсетін, су және жел эрозиясына ұшыраған жерлерде дәнді дақылдарды нөлдік технологиямен өсіру тиімді болады (сурет-6).

Өнімді ауыспалы егісте нөлдік пар танабын дайындау

Бұл жаңа нөлдік пардың ерекшелігі мен тиімділігі күзде егінді жинау кезінде өсімдік сабақтарын биік қалдыру және майдалап турап шашып тастау шаралары, көктем айларында топырақтың беткі қабатындағы ылғалды буланудан сақтайды, қыс айларында биік қалдырылған өсімдік сабақтарында қар өздігінен тоқтайды,  әр түрлі агротехникалық шаралардың саны азайып және оған кететін шығынды азайтады, сонымен қатар экологиялық (жел, су эрозиясы) жағдайға оң ықпалын тигізеді, біршама уақыттан кейін танаптың қарашірінді қабатын сақтап біртіндеп бастапқы қалпына келтіреді. Одан қалды шаруашылыққа өндіріс құралдарын үнемді де тиімді пайдалануда аз шығын жұмсап, үнемді технологияларды жасақтап өндіріске және жергілікті топырақ- климаттық факторларға сәйкес техникалық құралдарды тиімді қолданылады. Өңірлерде нөлдік парды қолдану барлық топырақ түрлеріне келе бермейді, сондықтан астық өндіруші фермерлер өздері шешуі керек немесе осы саланы білетін ғалымдардан кеңес алуы керек.

Сонымен қорыта келе Солтүстік Қазақстан аймақтары жағдайында ауыспалы егістердің егістіктің құрылымын ұтымды пайдалану бойынша әр түрлі парлардың барлық түрін өндіріс жағдайында қолдануға болады. Тек әр өңірдің негізгі топырақ-климаттық жағдайларды ескере отырып, Қазақстандағы жерге меншіктің кез-келген нысанындағы шаруашылықтың қажеттілігі мен мүмкіндігіне байланысты болады. Осылайша, әр түрлі парларды өндіріс жағдайында қолдану тауар өндірушілер арасында өзара бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Нәтижесінде қолайлы қысқа мерзімде жоғары сапалы өсімдік өнімдері өндіріледі, материалдық және қаржы шығындары азаяды, қажетті мал азығымен қамтамасыз етіледі және топырақ құнарлылығы сақталады.

Қияс АЛДАБЕРГЕН

Ғылыми мақаланы дайындаған А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар