Шабындыққа шалғы салынды

Өткен жылғы қуаңшылық әлі естен оңайлықпен кете қоймас. Еліміздің шөлейтті өңірлерінде әшейінде шөптің тәуірін таңдап жеп, судың тазасын талғап ішер жылқы да қоқыс тастайтын жәшіктен талғажау іздеп кетіп еді ғой. Кейбір өңірлерге пойызбен шөп тасымалданды, жем апарылды, қаражат бөлінді. Қар тез еріп, жазда жаңбыр жаумай қоюының салдары осылай қинаған.

Жыл басынан ауа райын болжаушылар биыл да жаңбыр жауып жарытпайды дегенді айтып, көңілге секем кіргізген. Абырой болғанда, жазымыз жаңбырсыз емес. Бурабай тауларының биіктері бұлт тежеді ме, сексен көлі мөлдіреп бұлт шақырды ма, әйтеуір , облыс диқандарын қуантып, қайта-қайта жаңбыр жауып тұр. Ең қызығы, жаңбыр облыс түгел егінді егіп, дәнді сіңіріп болған соң басталды ғой!.. Соның септігі тиіп, егін екпіндей көтеріліп, мол жиын-терінге деген үміт арта түсті. Оның сыртында көктемгі егіс жұмыстарына техника да, жанар-жағар май да, себілер сапалы тұқым түрлері де, тыңайтқыштар мен адам күші де, бәрі түгел дайын болған. Осы күндері жаздың шуағы, күннің жылуы да мол. Демек, бұйырса, несібесіз болмаспыз.

Жауынды жаздың тек астық өнімі емес, қысқы мал азығының молдығына да игі әсері бары сөзсіз. Есеп бойынша облыста 2022-2023 жылғы қыстаққа 640 мың бас мал түспек. Осынша бас малға 260 мың тонна пішендеме, 190 мың тонна сүрлем, 750 мың тонна сабан, 650 мың тонна жем,  1260 мың тонна шөп керек.

Осы межеден шығу мақсатында  мал азығына арналған жер көлемі 9,1 мың гектарға ұлғайтылып, 184,6 мың гектарға жетті. Оның ішінде көпжылдық шөп 34,2 мың гектар, сүрлемге деген жүгері 10,0 мың гектар,  бір жылдық шөп 141,4 мың гектар.           Оның үстіне биыл 3,1 мың гектар суармалы жер қосылып, ондай шабындық көлемі 32,7 мың гектарға жетпек.

Жалпы, қысқы мал азығын дайындау науқанына 1,5 мың бригада қатысуда. Олардың қолында 8,0 мың трактор, 2,5 мың тіркеме шөп дестелегіш, 1,1 мың орақ, 2,0 мыңнан астам шөп түюші, 700 шөп тиеуші агрегаттар Жеке шаруа қожалықтарын мал азығымен қамтамасыз ету мақстында ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 422 меморандумға қол қойылған. Ол 10 мың  жеке  шаруашылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айлық есеп мөлшерімен алғанда 35,3 миллиметр шамасында ылғал түсіп тұрған бүгінгідей ауа райы жағдайына орайластыра мал азығын дайындау жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Бүгінгі таңда  290,3 мың тонна шөп дайындалса, ол жоспардың 23,0  пайызының орындалғаны. Бұл бағытта алда атқарылар шаруа көп. Тек өткен жылғыдай қуаңшылық болмаса болғаны. Өскен шөпті шауып, малына азық дайындап алуға шаруаның ерінбесі кәміл.

                                                                       Серік Сапарұлы,

                                                                       «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар