Маржанын  теріп  өмірдің…

2022 жылдың 18 наурызында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде (ҚазҰТЗУ) ғұлама ғалымдар Ақжан Машановтың 115 жылдық және Жақан Ержановтың 100 жылдық мерейтойлары құрметіне арналған «Геоақпараттық цифрлық инженериядағы инновациялық технологиялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция жұмысына Ресей, АҚШ, Қытай, Өзбек, Қырғыз  университеттерінің,  отандық жоғары оқу орындарының профессорлары  және өндіріс орындарының қызметкерлері қатысты.  Бас қосуды  университет ректоры М.Бегентаев ашып, конференцияның мән-маңызына тоқталды, ғалымдар туралы естелік айтты. Қазақстанда   геомеханика ғылымы мен тәжірибесінде ерекше терең із қалдырған, есімдері әлемге әйгілі, өзінің түлектерін мәңгі есте сақтау іс-шаралары жүргізіліп жатқандығы тілге тиек етілді.  Осы университетте жарты ғасыр қызмет еткен  акжан Әл-Машаниға арналған жаңарған дәрісхана салтанатты түрде ашылды. Дәрісханаға ғалымның өнегелі өмір жолынан хабар беретін құжаттар, қайтадан басылған ғылыми еңбектері қойылды.  Ал, Ж.С.Ержановты мәңгі есте сақтау үшін университеттің ғылыми кітапханасына оның есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығы айтылды. Бұл құнды дүниелер жас ұрпақтың білім, ғылымға деген құлшынысын арттыра түсетініне сенім мол. Осы қыруар жұмысты ұйымдастырып, дархандық жасап, ұстаздарға арнап ас беріп жүрген, Машановтың шәкірті, профессор М.Б.Нұрпейісоваға ризашылығын білдірді.

Енді міне, 25 сәуір күні, Қазақстанда  маркшейдерия  саласының дамуына зор еңбек сіңірген  академик, техника  ғылымдарының докторы Маржан Байсанқызы  85 жасқа толды. Осы күнге орай, университет ректоры Маржан Байсанқызына арнайы  тәлімдік кабинет ашты. Машанов  атындағы дәрісханасы  киелі  қара шаңырақ  десек, тәлімдік  кабинет  сол шаңырақтың ақ отауы сипатына ие болды. Кабинеттің бір қабырғасында  ғалым-ұстаздың шәкірттері алып ағаштың жайқалған жапырақтары сияқты бейнеленген және оның маңдайшасында «Маржанын теріп өмірдің…» деп жазылған.  Сол ақ отау иесі Маржан Нұрпейісовадан алған  сұхбатқа назар аударыңыздар.

Орыс халқының «кеме қалай аталса солай жүзеді» деген қағидасын мықты ұстанып, соған орай қам-қаракет жасайтыны кісіні қызықтырмай қоймайды. Ендеше, Маржанның  ата-анасы да қыздары туғанда  осы  мақалды еске алып, өмірде не бар (жердің бетінде, қойнауында, ғарышта), соның барлығын жинап-теріп жүрсін, оны елінің игілігіне жұмсайтын болсын деп ырымдап атын қойған шығар, кім біледі? Иә өмірі де солай!

М.Б.Нұрпейісова  өмірдің маржанын теріп келе жатқан  жан.  Екі дүркін (2016, 2011жж) ҚР ЖОО «Үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының, екі дүркін (2012, 2018 жж) салалық «Алтын Гефест» сыйлығының иегері және бірнеше конкурстардың жүлдегері. Алған марапаттарын ұзақ тізуге болады.

–Маржан Байсанқызы, осы университетте қызмет атқарып келе жатқаныңызға 62 жыл болыпты, университеттің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай?

– Осы сұрағыңызға байланысты өте танымал бір мысал әңгімені еске салғым келеді. Бір күні жоғары комиссия көне ағылшын университетін тексеру үшін келеді де, ректорды оның жұмыс кабинетінен таба алмайды. Оларды таңғалдырғаны – ректор бақшада Шекспирді оқып отыр екен. Таңғалған комиссияның: «Сіз мында отырсыз, сонда университетті кім басқарады?» –деген сұрағына ол күлімдеп: «Университетті дәстүр басқарады», – деген екен.

Бүгінгі Сәтбаев университетінің тыныс-тіршілігі мүлдем басқа. Университетімізде соңғы жылдары туындаған қиын жағдайлар  түзетілуде. Жас та болса, бүгінде бас болып отырған ректорымыз Мейрам Бегентаев құрылғанына 88 жыл толғалы отырған   ҚазҰТЗУ-дың құндылықтарын көрсетуден, қалыптастырудан  бастады. Университеттің құндылықтары, ең алдымен, оның тарихынан басталады. Қазақстанда тұңғыш техникалық университетті ашқан Қ.И.Сәтбаевтан бастап, осы тарихи жылдар аралығында  осы оқу орнын басқарған  барлық ректорлардың атқарған еңбектері жазылған портреттері ілінді. Университет жүріп өткен жол, оның сіңірген еңбегін көрсете білуден басталды. Мұнда бұл университеттің бүкіл тарихы, әр салада қызмет атқарып жүрген азаматтар да  аталуда. Аудиториялар жөндеуден өтіп,   сол дәрісханаларды осы университетте қызмет атқарған ұлы ұстаздардың, профессорлардың аттарымен  атау қолға алынды. Сөйтіп, бүгінде ұжымның алдында  университеттің құндылықтарын қалыптастыру, яғни, ұстаздарды қадірлеу;  ұрпақты жалғастыру;  студенттерді құрметтеу; болашаққа ұмтылушылық;  халыққа қызмет ету;  мамандықтың беріктігі;  университет абыройын көтеру мәселесі жүзеге асырылуда.

–Маржан Байсанқызы, Сіз бірнеше конкурстың жүлдегері болудағы  жетістіктеріңізді  айта кетсеңіз.

–Мен соңғы үш жылдың ішінде 3-оқулық, 1-оқу құралы, 2-монография, 10 шақты оқу-әдістемелік нұсқаулар, 50-ден астам  ғылыми және көркем әдебиет мақалалар жазып,  баспадан жарық көрген. 2015-2017 жылдар аралығында «Техногендік апаттардың тәуекелін басқарудың инновациялық әдістерін жасақтау жолымен төмендету»  мемлекеттік жобасының  және қазір  «Орталық Қазақстанның кен орындарын кең ауқымды игеру кезінде жер бетінің баяу деформациялық процестерінің кешенді мониторингтеу» жобасына ғылыми жетекшісік жасаудамын. Бұл ғылыми жұмыстар аясында ҚР-ның  5 инновациялық патенттері алынды, 4- PhD  докторлық және магистрлік диссертацияларға жетекшілік жасадым. Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына өзімнің  авторлық 30 кітабымды (14 оқулық, 10 монография және 6 көркем) сыйға тарттым.

  • Сіз білім стандарттарына сай оқулықтар жазудағы еңбегіңіз үшін «Саңлақ автор» ретінде А.Байтұрсынов атындағы металмен марапатталғансыз және 2006, 2011 жылдың «Үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының игерісіз. Оқулықтарға қандай талаптар қойылады? Сіз өзіңіз қандай оқулықтардың авторысыз?

Бүгінгі біздің студентіміз – болашақтың көшбасшысы. Сондықтан, ертеңгі маманның заман талабына сай адам болып шығуы үшін әрбір дәрісіміздің, жазған оқулығымыздың өзегінде жағымды жаңалық пен маңызды идеялар болуы керек. Мәселенки, білім берудің кредиттік  технологиясы бір жақты студенттен сұралатын тәртіп қана емес, оқытушыға да  қойылатын талап. Ұстаздың жазған оқулығы өндіріспен тығыз байланыста болса, оқыған дәрісі күнделікті деректерден алынып жатса, ондай оқытушыны студент өзі таңдап алады. Студенттің оқытушы таңдауға толық құқығы бар.

Кейбір оқулықтардың оқулық деген аты дардай болғанымен, ішіндегі мәліметі бордай үгітіліп тұратынын да білеміз. Аты бар да заты жоқ мұндай күмәнді, мазмұны маңызсыз оқулықтарды сараптайтын арнайы комиссия құрылып, кітапхана қорынан шығарылуы керек. Оқулықтың тілі түсінікті, мазмұны терең, тақырыптары мәтіндегі оймен ұштасып жатпаса,  онда одан алар тағылым, үйренер үлгі болмайды. Мен оқулық жазуға осы тұрғыдан қараймын. Өйткені, ол жастардың болашағына жол ашады, білімді, білікті  болуына мүмкіндік жасайды. Оқулық студенттің бағдаршамы екендігін ұмытпағанымыз ләзім. Ал, мен өзім мамандығыма және жүргізетін  пәндеріме байланысты  екі тілде «Геодезия», «Ғарыштық геодезия», «Маркшейдерлік іс», «Геодезиялық  және маркшейдерлік аспаптар», «Геомеханика», «Магистранттардың ғылыми жұмыстарын  ұйымдастыр» және  т.б. оқулықтар жаздым.

– Енді осы грантты ұтып алған қаржыны қалай жұмсайсыз, соған тоқталсаңыз?

  • Бұл қаржы  белгіленген жоспар бойынша ғылыми ізденістерді жақсартуға, зертханаларға құрал-жабдықтар алуға, шетелдерге  барып тәжірибе алмасуға, оқулықтар мен әдістемелер жазып шығаруға жұмсалынады. Мәселен,  менің жоспарымда  «Ғарыштық геодезия»  және  «Маркшейдерлік іс» атты екі оқулықты, «Геомеханика рудных месторождений Казахстана» атты монографияны, магистранттар мен  PhDдокторанттарға арналған оқу-әдістемелік   нұсқауларды басып шығару,  2 магистрантты қорғату, А.Ж.Машановтың 110, 115 жылдығына арналған  конференция өткізу, шет елдерге халықаралық конференцияларға  қатысу және т.б жұмыстар жасалынады.

–Сіз 2012 және 2018 жылдары «Алтын Гефест»  сыйлықтарының иегері болдыңыз, 2012 жылы сол сыйлық ҚазҰТУ-дың Ғылыми кеңесінде тапсырылды. Ол қандай жетістіктер үшін беріледі?

–2012 жылы ҚР Тау-кен металлургия кешенінің «2012 жылдың Ғалым-ұстазы» номинациясы бойынша «Алтын Гефест» конкурсының жеңімпазы болғанымды мақтан тұтамын. Ол сыйлықты жариялаған кезде мен шет елде іссапармен жүріп, Астанаға бара алмағандықтан, ректорымыз ҚазҰТУ-дың ғылыми кеңесінде тапсырды. Ал, 2018 жылы Астанада марапатталдым. «Алтын Гефест»  – өз ісінің ұстасы деген мағынаны білдіреді.

–Сіз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесісіз. Оған қалай қол жеткіздіңіз?

–Жас кезімнен өнерге-шығармашылыққа жақын едім. Ол мақсатым да орындалды. Бірнеше өлең және прозалық кітаптарым жарық көрді: «Көкшенің көлдеріндей тасып жүрем» (2013 ж.), «Қазағымның қыздары-ай» (2006 ж.), «Атамекен» (2008 ж.), «Машановты ғылыми мектебі» (2010 ж.),  «Мың тағзым» (2013 ж.), «Үш орта» (2014 ж.) атты көркем шығармаларым үшін   «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі» деген куәлік алдым.

–Сіз 60 жылдан артық бір орында қызмет атқарған екенсіз, жұмысыңызға қанағаттанасыз ба?  Жанұяда өзіңізді бақыттымын дей аласыз ба?

Қазір әлемде өте үлкен өзгерістер болып жатыр, біздер соның куәгері болып отырмыз. Оның ішінде мен де бармын. «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат» деген Әл-Фараби. Мен сол мақсатқа жеткендеймін, демек бақыттымын.

Біріншіден, мен академик Ө.А.Байқоңыров директор болып тұрған кезде КазТКМИ-ге оқуға түсіп, оны тәмамдадым. Мені оқу озаты ретінде аспирантураға ұсынды,  академик А.Машановтың ғылыми жетекшілігімен ғылым кандидаты, ғылым докторы болдым. Бұл бақыт емес пе?

60 жыл ішінде университетте болған елеулі оқиғалардың куәгері болдым. Ол жылдар менің өміріме өшпейтін із қалдырды. Алтын ұям –ҚазҰТУ-да 62 жыл аянбай еңбек етіп келе  жатырмын. Мен үшін бұл да бақыт.

Қазақтың бір қызының басына  лайықты атақ-дәреженің бәріне ие болдым. Еңбегімнің жанғаны бақыт емей немене?

Мектептегі кезімнен бастап, студент кездерімде де өнерге-шығармашылыққа жақын едім. Ол мақсатым да орындалды. Бірнеше өлең және прозалық кітаптарым жарық көрді.  «Машановтың ғылыми мектебі» атты үш тілде жарық көрген кітабымды «Үздік оқытушы-2006» мемлекеттік грантының қаржысына шығардым. Осының бәріне қолдау көрсеткен, кафедрам, тау-кен институты, әрине, алтын ұям – ҚазҰТЗУ-ым. Еңбегім бағаланды. Университет Кеңесінің ұсынысымен  бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталдым.

Мен баларымның да қызығын көрудемін. Балаларым өмірде өз орындарын тапқан, сүйікті  кәсіптерімен айналысады. Екі ұлым ғылым докторлары, бір ұлым ақын. Қазақ баларының санын айтпайды дейді ғой, бірнеше немерелер, шөбере де баршылық. Бұл бақыт емей немене?

Ең  бастысы еңбегіммен  адаммын!

85-ке келіп қалыппын, «мен туралы жазыңызшы» немесе «маған орден беріңізші»  деп тіленбедім. Бұдан былайғы жерде де еңбегімді сатпай, өмірден адамдық қалпыммен өтсем, бұл жалғандағы бақытым – сол демекпін.

Мен 50, 60 жасқа келгенімді  атап өте алмадым. Оның өз себептері болды.     Сөйтіп жүргенде, міне, биыл 85 жасқа келіп қалыппын.

«Ассалаумағалейкум!

Біз келдік», –

Деп есіктен еніп тұр.

«Қорықпа» – деп қолымнан,

Ұстағысы келіп тұр.

«Ол ауылда сый-құрмет,

Көрерсің оны кезінде,

85 -де емес мәселе,

Бар мәселе өзіңде!» –

Деп ол мені үгіттеп,

Алып жатыр ерікті,

85 жас маған келіпт!

Данышпан Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға…» деген ойы осындай сәттерде еріксіз ойға оралып, Маржан Байсанқызына алда жоспарлап отырған оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарының табысты орындалуы үшін мықты денсаулық,  сарқылмас қажыр-қайрат тілейміз.

                                        Әңгімелескен,

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,  

                                                Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар