Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеті бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда - АРҚА АЖАРЫ

Жеті бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда

Ақмола облысында Балалар жылын өткізу жоспары жеті бағыт бойынша жетпіс бес іс-шарадан тұрады. Атап айтсақ, «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлымекен», «Balaqorgau», «Bala_time.kz» осындай жеті бағыт бар. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен жоспар бойынша 16,6 миллиард теңге сомасында қаражат бөлінген. 

Жоспар аясында ол қаржы білім беру нысандарын салу, қосымша білім беру, балаларды спортқа және салауатты өмір салтына
баулу, шығармашылық дамыту, әлеуметтік бейімдеу қызметтерін ұйымдастыру, аутизмі бар және психорекулярлық дамуы тежелген балаларды қолдау, демалыс кезеңінде мектеп оқушыларының қала сыртындағы демалысын ұйымдастыру және тағы басқа игі бастамаларға  бағытталған.

2022 жылғы қаңтар-маусымда әртүрлі форматтағы 485 мыңнан астам бала қамтылған 1608 ірі ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың 13 сәуірінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың, мемлекеттік органдар, ардагерлер кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар басшыларының қатысуымен Ақмола облысында «Балалар жылының» ашылуына орай салтанатты жиын өтті.

28 сәуірде Ақмола облысында бес мемлекеттік орган басшылары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен Балалар жылының іс-шараларын іске асыру жөніндегі брифинг ұйымдастырылды. Ақмола облысы әкімінің қатысуымен Балалар жылы аясында 4 облыстық іс-шара өткізіліп, оған 2100-ге жуық бала қатысты. Барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен осындай 180-нен астам іс-шара өтті.

Өңірімізде балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 25 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, 13 мектеп, екі қосымша оқу корпусы, жеті балабақша, үш колледж жатақханасының құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылы алты мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Тарқатып айтар болсақ, Целиноград, Аршалы аудандарында бір мектеп, Қосшы қаласында екі мектеп пен оқу-тәрбие кешені. Көкшетау, Ақкөл қаласындағы №4 орта мектеп қосымшаларының құрылысы жүргізілуде.

Облыстық бюджет қаражатынан және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 60-тан астам білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Балалар жылы аясында Көкшетау қаласында 2022 жылғы қаңтар айынан бастап, республикалық балаларға кешенді оңалту көмегін көрсететін ірі «Қамқорлық» орталықтарының бірі жұмысын бастады. Орталық – балаларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалту қызметін көрсетеді. Жыл сайын орталық 650-ге жуық балаға көмек көрсетеді. Сонымен қатар, биыл қаңтар айынан бастап Степногорск қаласында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы (3 айдан 3 жасқа дейін) жұмысын бастады. Бұл орталықта балалар кешенді оңалту көмегін алады. Жыл басынан бері бес жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымы пайдалануға берілді.

Биылғы жылы Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешені балалардың демалысы мен сауықтыру бағдарламалары аясында «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының қарауынан Ақмола облысының коммуналдық меншігіне берілді. Орталықтың жобалық қуаты 200 орын. Ағымдағы жылы орталықта шамамен 1400  баланың қатысуымен 7 ауысым өткізу жоспарланған.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Сұңқар» сауықтыру орталығының базасында 212 республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің слеті өтті. Жеңімпаздар  алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Бұл мақсатқа 5 миллион 430 мың теңге қаражат бөлінді. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына жазғы демалысқа 1 мың жолдама табыс етті.

Балаларды қорғау күніне орай өңіріміздің аудан және қала әкімдерінің қатысуымен мерекелік іс-шаралар өтті, онда 75 мың бала қамтылды. Іс-шараларда аз қамтылған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына жалпы сомасы 3 миллион теңгеге сыйлықтар берілді.

Ақмола облысында 3 151 мүгедек бала тұрады. 388 мүмкіндігі шектеулі бала арнаулы әлеуметтік қызмет алады.

2022 жылы Бурабай, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында әлеуметтік оңалту орталықтары ашылды.

Балалар жылы аясында облыста алты инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 63,3 миллион теңге қаражат бөлінді.

Жалпы Ақмола облысында инсклюзивтік білім беретін 15 кабинет жұмыс істейді, 2025 жылға дейін инклюзивтік білім беру желісін кеңейту жоспарына сәйкес 103 кабинет болады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы есту қабілеті бұзылған балалардың жағдайын жақсарту мақсатында Көкшетау қаласының №4 облыстық арнайы мектеп-интернатына жапсарлас құрылыс салынуда.

Балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында облыста жалпы сомасы 3,4 миллиард теңгеге мемлекеттік тапсырысты іске асыру басталды. Бұл бастама 12 мыңға жуық баланы шығармашылық үйірмелер мен секциялардың әртүрлі түрлерімен қосымша қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қосымша білім берумен 94 мыңға жуық бала қамтылған.

Облыс мектептеріне оқушыларды тасымалдаумен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 366 миллион теңгеге 65 жайлы автобус сатып алынбақшы. Бұл шара 207 елді мекеннен 5,5 мыңнан астам баланы тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі балалар үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны ұйымдастыру болып табылады. Білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мен оқытуға қолайлы жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 1323,1 миллион теңгеге турникеттер, бейнебақылау камераларын, физика, химия, биология кабинеттерін, STEAM-зертханасын, оқушы жиһаздарын сатып алуға бағытталған.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан 15 мыңнан астам мектеп оқушыларын әлеуметтік қолдау үшін тегін мектеп формасымен қамтамасыз етуге 692 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда 1-ші сыныптың барлық оқушылары, яғни, 15074 бала тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.

Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Атап айтсақ, аутизмі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу және психологиялық-педагогикалық қолдау мақсатында облыстық бюджеттен 35,5 миллион теңге бөлінді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтерді көрсету үшін облыста 4,5 миллион теңге қарастырылған.

Жалпы өңірімізде балалар жылы аясында осындай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланған. Олардың бір парасы жүзеге асып та жатыр. Қалай дегенмен де балаларға көңіл бөлу, олардың болашағы жолында жұмыстар атқару бір күннің, я болмаса бір жылдың ауқымымен шектелетін шаруа емес. Ілкімді істер әлі де өз жалғасын табады. Осылай болуы заңды да.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар