Ағымдағы жыл Щучинск қалалық электр желілерінің бөлімшесі болып табылатын «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аға шебері Алексей Литвинов үшін мерекеге толы жыл. Биыл ол 50 жасқа толады және осы кәсіпорында қызмет істегеніне 30 жыл.
Бұл, әрине, құр сандар тізбегі емес, оның артында оның өмір тарихы, қызметі, тауқыметі мен қызық-қуанышы бар. Сондықтан да, осынау белеске шыға отырып, оның өткен жолына ойлана қарар жайы бар. Оқу орнындағы ұстаздары, олардан оқып-біліп, түйгендері, жұмыс барысында кездескен тәлімгерлері, қатар-құрбылары…бәрі-бәрі тізбектеліп, есіне орала береді. Өйткені, кім болмасын оқып, көріп-біліп өседі, қалыптасады.
Алексей өз мамандығын таңдауда көп қиналмаған адамдардың қатарынан. «Кім боламын?» деген сұраққа жауабы ерте дайын болды. Осы салаға деген қызығушылығы ерте оянған. Сол қызығушылығы уақыт өткен сайын ұлғаймаса, бәсеңсіген жоқ.
Осы жұмысында 30 жыл жүріп, ол қомақты тәжірибе жинады. Өз шешіміне сенімді, кәсіби маман болып қалыптасты. Енді, сол жиған-терген тәжірибесін жастарға үйретуді мақсат еткен. Қазіргі ойланатыны-толғанатыны сол тақырып. Жас мамандардың қателіктерін көрсе, кемшіліктерін білсе, айтпай тұра алмайды. Жек көргеннен емес, жаны ашығаннан. Сол себепті де көп уақытын осы бағытқа жұмсайды.
Алексей Щучинск политехникалық техникумын бітірген соң мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Әрине, ең төменгі сатыдан бастады. Учаскенің жүйелік электромонтері болды. Ол жұмыста жарты жылдай қызмет істеген соң, әскер қатарына алынды. Отан алдындағы міндетін атқарып, туған қаласына, өз жұмысына қайта оралды. Кезінде өзі таңдаған мамандығы болған соң, еш алаңсыз қызметіне кірісіп кетті. Ұзақ жылғы еңбек жолында осы жүйенің барлық дерлік сатысынан өтті. 2013 жылдан күні бүгінге дейін аға шебер болып, жауапты жұмысын абыроймен атқарып келеді. Арнайы білімі мен тәжірибесі өзіне демеу.
Әйтпесе, оған жүктелген жүк жеңіл емес. Инвестициялық және жөндеу бағдарламалары оның басшылығымен жүзеге асуда. Ол ауқымды бағдарламалардың орындалуы қала тұрғындарының үздіксіз электр қуатын пайдалануына тікелей әсер етеді. Осыны анық түсінетін аға шебер, әр істің межелі әрі сапалы атқарылуын қадағалайды, байыппен ұйымдастырады. Күрделі жұмыс барысында үнемі шұғыл шешім қабылдауға тура келеді. Олай болмаған күнде бүкіл жұмысшы аңтарылып, тұрып қалмақ. Білім мен тәжірибенің керегі осындайда. Соның арқасында дер кезінде тығырықтан шығар жол тауып отырады.
Өзі туып-өскен Щучинск қаласында Алексей Эдуардович жүздеген шақырым электр желісін тартты, бұрыннан қалған, күні өткен ағаш бағандарды бетон бағандарға ауыстырды, ондаған трансформаторлар орнатты. Электр желілерін қадағалау, реттеу, арнайы қондырғыларды жөндеп, күтуге қаншама уақыт жұмсады. Ол осындай жауапты жұмысынан бірде жалыққан емес. Әріптестері Алексейді жұмысқа деген жауапкершілігі, іскерлігі үшін құрмет тұтады. Оның пікіріне құлақ түріп, ақылдасуға құштар.
Оның осындай тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Алексей Литвинов 2020 жылы «100 лет плану ГОЭЛРО» медалін омырауына тақты. Ал, 2021 жылы «Ардагер Көкшетау Энерго» медалі берілді. Сондай-ақ, жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін ол Ақмола облысы әкімінің, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның еңбек және өмір жолы жастарға үлгі.
Еркін Сейітов,
«Көкше Энерго» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігінің баспасөз хатшысы.