Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел…

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бүкіл халықтың  рухани өміріне әсер етті, ұлттық сананы өсірді, ұлттық рухты жандандырды. Алматыдағы 17-18 желтоқсан көтерілісі күшпен басылса да оның жалғасы бүкіл республикаға кеңінен жайылды. Шерулер мен наразылық жиындар Қазақстанның басқа қалаларында болды. Бұл шерулерге сан мыңдаған адам қатысты. Ал, Көкшетау қаласында 19 желтоқсанда наразылық  шеруіне жастар мен жұмысшы жастар шықты. Бұл оқиға көптеген жастардың  тағдырларын  шайқалты, қуғын-сүргінге ұшыратты.

Жанат Сәбитұлы Қасымов 1986 жылы 19 желтоқсан күні Көкшетау  қаласында өткен шеруге қатысушы. Жанат Сәбитұлы 1965 жылы 19 қаңтарда  Көкшетау облысының (қазіргі Ақмола) Абылайхан ауылында көп балалы отбасында дүниеге келді. Ауыл Қызылағаш деп те аталған. Осы табиғаты тамаша өңірде қазақ халқының ұлы ханы Абылайдың ордасы болған.

Жанаттың балалық және жасөспірім шағы  туған ауылында өтті. Барлық  жасөспірімдер секілді  мектепті бітіргеннен соң 1983-1985 жылдары аралығында Кеңес армиясы қатарында қызмет атқарды. Әскерден келген жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетінің қазақ бөліміне оқуға түседі.  Оқуын да бітірер ме еді,  егерде 1986 жылдың желтоқсаны тағдырына араласпағанда.

Көкшетау қаласындағы желтоқсан шеруіне қатысқан «қоғамға қарсы қылығы» үшін институттың ІІ курсынан оқудан шығарады. Сол кезде ол әлі 22 жасқа толмаған еді.  Жанат Сәбитұлы айтады: «Шеруге қатысуыма не себеп болды?  19 желтоқсан күні әдеттегідей сабақта болдым. Бірінші сабақтан кейін, үзіліс кезінде  курстас жігіттер келіп:

– Сендер естідіңдер ме? Кеше Алматыда сондай жағдай болыпты, біз неғып отырмыз! Өкімет басынан  Дінмұхаммед Қонаевты алып тастап,  Колбинді әкеліп оның орнына қойыпты, – деді.

Біздер олардан тыс қалмай, алматылықтарды және басқа қалалардағы жастарды қолдайтынымызды білдірмек болдық. Әрине, сол кез кеңестік Қазақстан үшін оңай емес еді, қоғамдағы өзгерістердің «қайта құрудың» басталғанына екінші жыл болатын.  Сол күні курстастарыммен, сонымен қатар, басқа топтың біраз  жігіттерімен, қыздарымен қаланың бас алаңына шықтық. Сол кезде сағат 11:30  болатын. Біз шеруге шыққанда милиционерлер жоқ еді,  тек жоғарғы шенді  офицерлер ғана болатын, олардың арасында қазақтар болған жоқ.

Сонымен қатар, таксифф мен автобус жүргізушілері өз транспорттарымен болды. Біз келе жатқанда жолымызды бөгеп, сол  Кеңестер үйінің алдында  ұстап алып кетті. Әрине, Алматыдағы секілді қан төгістер, үлкен қақтығыстар болған жоқ. Соған қарамастан, шерудің белсенді мүшелерін ұстап алып, ішінде мен де бармын,  тұтқындап, Келлеров аудандық ішкі істер бөліміне жіберді. Келлеровка кентіндегі түрмеде бізді саяси тұтқын есебінде ұстады. 15 күн тұтқында болдым.

…Түрмеден босатылған соң, Көкшетауға келсем 1986 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрықпен қоғамға қарсы қылығым үшін оқудан шығарылыппын және одан ертерек 24 желтоқсанда комсомол мүшелігінен босатыфпты. Оқудан шығарылған соң туған ауы-лым Абылайханға (ол кезде Фрунзе атындағы кеңшар) бардым. Орта мектепте дене шынықтыру сабағынан беретін  мұғалімінің  бір орны бар екен. Мектеп директоры  мені көріп, қуанып қалды. Енді аудандық білім басқармасының меңгерушісі Ыбыраевтың рұқсаты ғана керек еді. Біз Щучинскіде аудандық білім бөлімі меңгерушісінің кабинетіндеміз, менің еңбек кітапшамды алып қарады да қайтадан жаба салды. – Мә, ал мынаны, – деді.

Директорға айғайлап: «Мынаумен екеуміздің басымыз кетеді» деді. Жұмысқа  мені алған жоқ. Одан кейін Көкшетауға барып, бірнеше жерге жұмысқа тұруға тырыстым, Бірақ, еңбек кітапшамда жазылған  жазбаны көрген жұмыс берушілер менен ат-тондарын ала қашты. Ақырында, аспап жасау зауытына ұста болып орналастым. Туған жерге оралған соң, әртүрлі құрылыс нысандарында жұмыс істедім. 1995 жылы орта мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа тұрдым, көп жыл бойы сол жерде от жағушы  болып істедім».

Бүгінде жігіт ағасы, Желтоқсанның құрбаны Жанат Қасымов жұбайы Көгершін  екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ата-ана. Балаларының болашағы жарқын болуын, жақсы азамат болып ержетуін тілейді.

Жанат Қасымов Қазақстанның Тәуелсіздік алған жылдары, 1992 жылы 5 қыркүйекте Мұхтар Шахановтың шақыруымен Алматы облысы, Жамбыл ауданында өткен «Желтоқсан жаңғырығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан» атты қазақ-қырғыз жастарының кездесу жиынына барды. Қазақстанның әр түпкірінен желтоқсанға қатысқан жастар мен қырғыз жастарының өкілдері жиналды.

Осы жиынға Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының басшылары  Н.Назарбаев пен А. Ақаев және Қазақстанның көрнекті өнер және мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы кездесуде  1986 жылғы желтоқсанда құрбан болған жастарды еске алды, оларға тағзым  етілді.  Отанын, туған жерін сүйетін азамат тәуелсіз еліміздің баянды болуын, еліміздің өркендеуін тілейді.

Боташ Мырзағалиұлы Қажымов 1986 желтоқсан көтерілісі болып жатқанда
Степногорск қаласында орналасқан қатаң тәртіптегі колонияны күзететін ішкі істер әскерінің №6636 әскери бөлімшесінде қызмет атқаратын. Барлық жердегідей мұнда да «қазақ ұлтшылдығын айыптайтын» жиналыс өткізілді. Онда батальон командирі,
подполковник Георгий Школиннің өзі сөйледі:

– Алматыдағы  нашақор, маскүнем қазақ жастары орыстарды ұрып-соғуда, балконнан лақтыруда. Олар балабақшаларға барып, орыстың бүлдіршін қыздарының қарнын пышақпен тіліп, аяқтарынан ағашқа іліп қойған…. Жиналғандар оның сөзін сілтідей тұнып тыңдасты. Сенгендерін ашу-ыза кернеді. Сенбегендері үндемеді, үндей алмады. Өйткені, қорықты. Қорықпаған прапорщик Қажымов Боташ  болды:

– Мен бұл  сөздерге сенбеймін, – деді ол. – Мен қазақпын, өз ұлтымды өзгеден артық білемін. Қазақтар қанішер халық емес. Үлкенді де кішіні де сыйлау біздің қанымызға сінген. Сондықтан біздің жастарымыздың ондай айуандыққа баруы мүмкін емес.

Өзге емес әскери адамның бұлай сөйлеуі батальон командирінің де, басқасының да көздерін атыздай қылды.

– Сен, мүмкін, бүлік шығарған қазақтардың іс-қимылын да қолдайтын шығарсың? – деді подполковник.

– Қолдаймын! – деді Боташ қасқайып тұрып. – Егер мен сол күндері Алматыда болсам, олардың қатарына қосылар едім. Өйткені, басқа да одақтас республикадай Қазақстанды жергілікті ұлт өкілі басқаруы тиіс. Бұл – біріншіден, менің халқымның ұлттық намысын аяққа таптау. Екіншіден, сырттан келген адам республиканы басқара алмайды.

Жиналыста айтқан сөзі аздай, Боташ қолымен листовка жазып, оны қатардағы жауынгерлер арасында таратқан. Листовка мазмұны: «Командирлеріңнің айтқанына сенбеңдер!» Осы сөздері үшін Боташ Қажымовты жұмыстан қуды, ҚазМУ-дің соңғы курсынан шығарып тастады. Жеті жылдан астам шындыққа жетемін деп табанынан таусылды.

Боташ Мырзағалиұлы Қажымов Көкшетау облысы, Арықбалық ауданында  (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Арықбалық ауылы) 1955 жылы 15 мамырда дүниеге келген. 1972 жылы Қызылжар орта мектебін бітіреді. Кеңес Армиясы қатарында қызмет  атқарған соң Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау  педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оқу орнын 1980 жылы бітіреді. Айсары және Қайнар орта мектептерінде  дене шынықтыру, алғашқы әскери даярлық пәндерінен мұғалім болады. Ішкі әскер қатарында қызмет етуге тілек білдіреді.

Өтініші қабыл болып, Степногорск қаласындағы ішкі істер әскерінің № 6636 әскери бөлімшесіне сержант қызметіне қабылданады. Бір жыл өткен кезде прапорщик атағы беріледі. 1986 жылы желтоқсанда «партия саясатына қарсы болғаны үшін»  бір мезгілде жұмыстан және ҚазМУ-нің журналистика факультетінің сыртай оқу бөлімінің соңғы курсынан қуылады. Ал, одан кейінгі Боташтың басынан өткерген теперіші шаш-етектен. Қолында  мұғалімдік дипломы бар  жас жігіт   жұмысқа орналасса  болды, соңынан полк командирі, полковник Дәулет Салмановтың хаты қуып жетеді: «Б.Қажымов партия саясатына қарсы болғаны үшін әскерден қуылған. Оны ұстаздық жұмыста ұстауға болмайды».

Сілеті ауданындағы Ақсу тоғызжылдық орта мектебінен, Көкшетау аудандық «За коммунизм» газетіндегі қызметінен қуылады. Өз мамандығымен жұмысқа орналаса алмаған Боташ Қажымов Краснояр селосындағы бала бақшада аула сыпырушы жұмысына орналасады (музей қорында 1987 жылғы суреті сақтаулы). Салмановтың құрығы жетпес деген оймен Боташ түкпірдегі Куйбышев ауданына барып сондағы «Вперед» газетіне қызметке орналасады. Бір жылдан соң Д.Салманов оны тағы да тапты.

Оның хаты келісімен, аупартком «Қажымовты редакциядан аластату керек!» – дегенді бірден айтты. Редактор орыс жігіті Владимир Брюллов «Редакцияда онсыз да кісі аз. Орнына адам тапқанша, Б.Қажымовты шығара алмаймын», – деп біраз қасарысыпты. Бұл кез 1989 жылдың жазының басы еді. Мәскеуде Жоғарғы Кеңестің алғашқы сессиясының өтіп жатқан кезі. Бір күні теледидардан Мұхтар Шахановтың әйгілі сөзі естілді. Оны бүкіл редакция болып тыңдады. Сөйтіп, Б.Қажымовты жұмыстан шығару мәселесі өз-өзінен аяқсыз қалды.

1994 жылы Алматы горнизоны Әскери сотының шешімімен әскери қызметтен қуылғаны заңсыз деп табылып, әскери қызметке қайта келді.

Содан кейін ғана Боташ Қажымовтың тағдыры өз қалпына келді. Сол жылдың күзінде ол журфакқа қайта қабылданды. Оны бітірген соң Қостанай облыстық газетінде қызмет атқарды. Уақыт өте әскер қатарына қайта оралды. Майор шенімен республика Ішкі  әскерлер органы – «Қалқан» газетінің Петропавл әскери горнизоны бойынша меншікті тілшісі болды.

– Егер мен дүниеге шыр етіп келгеннен бастап ұлттық, достық рухты бойыма сіңірсем, басқа ұлт өкілдерінің қарадомалақ, сарыдомалақтарымен құлын-тайдай тебісіп өссем, қайтіп қана «ұлтшыл» болармын? Бәрінен де тұтас халыққа «ұлтшылдық» қара күйені жаға салу арқылы намысымызды таптап, арымызға өшпес таңба салған жоқ па? Құдайы қонағын құдасындай күтетін халқымыз ар-намыстан жұрдай болып шыға келуі еш ақылға симайды. Өз басымды өсек-жаладан арашалау үшін ашпаған есігім қалмады. Жеті жылдан астам шындыққа жетемін деп табанымнан таусылдым. Ақыры, сот арқылы  әділдікке қолым жетті. Қаншама жүйке таусылды десеңізші! Қазір шүкіршілік дейміз. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Дербес елміз. Бірақ, Желтоқсан оқиғасын ешқашан жадымыздан шығармауға тиіспіз. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіз ел болуына жол ашқан осы оқиға, – дейді ол.

Кенжетай Досмағанбетқызы Көлбаева 1986 жылы 19 желтоқсан күні Қарағанды қаласында өткен шеруге қатысушы, Желтоқсан құрбаны. Сары-арқаның  сайын даласында туып-өскен, арманы асқақ  Кенжетай саяси қуғынға ұшыраймын деп ойлап па еді? Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Еңбекші ауылында 1963 жылы 30 желтоқсанда дүниеге келген  Кенжетай  КСРО-ның  барлық жасөспірімдері секілді мектеп табалдырығын аттап, 1982 жылы орта мектепті  Атбасар  қаласында бітіреді. Өмір жолын Атбасар ауданындағы «Простор» газетінде әдеби қызметкер болудан бастайды, балабақша меңгерушісі де болады. 1985 жылы Қарағанды педагогикалық институтының дефектология факультетіне оқуға түседі. Оқу озаты, топ старостасы, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.

1986 жылы 19 желтоқсан күні  Гагарин алаңында Қарағанды қаласының жоғары оқу орындары студенттерінің шеруі өтеді, одан көшеге шеруге шығады. Осы жастардың арасында Кенжетай Досмағанбетқызы да болады. Сол жерде біраз студенттерді, ішінде Кенжетай да бар, милиция қызметкерлері ұстап алып, қамайды. Сол жерде таң атқанша ұстайды. Милиция, ҰҚК адамдары тергеу жүргізеді, жеке-жеке суретке түсіреді.

Желтоқсан оқиғасына қатысып ұсталғаннан кейін топ жиналысына, институттың комсомол комитетінің отырысына салып, желтоқсанның 30-ында комсомолдан шығарады. Одан институттың ректоры талқыға салып, соңында  институт ректорының бұйрығымен 1987 жылы 6 қаңтарда институттан шығарылады. Жарты жыл жұмыссыз жүреді. Еш жерде жұмысқа алмаған соң, Кенжетай  ауылға келеді. Аудандық орталық кітапхананың директоры  Рашида Мұқатқызы Жұрқанова барлық жауапкершілікті өзіне алып, кітапханашы  етіп орналастырады.

Уақыт өтті, жастардың армандары біртіндеп іске аса бастады. «Тіл және мәдениет» қоғамының аудандық құрылтайында Кенжетай қазақ тілінің жандану, ұлттық мектептер мен балабақшалардың ашылу мәселелерін көтерді. Халық ол кезде осы өзгерістердің қажеттілігін түсінген еді. Қорытындысында, Атбасар ауданында қазақ тілінде газет  шыға бастады.

Саясаттың сары аязы буып тұрғанда Кенжетай 1988 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясы орталық комитетінің органы «Правда» газетіне «Сердце и разум возьмут верх» деген тақырыппен өз хатын жібереді. Хатта «Мен Қазақстанның Қарағандысындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысымын. Мен басқалар жайында айта алмаймын, бірақ, өзімді алаңға апарған бір-ақ нәрсе – өз ұлтыма жанашырлық. Қозғалысқа қатысқаным  үшін мені не күтіп тұрғанын білдім, бірақ, ақиқатқа жету мені жоғары итермеледі. Мен туған тілім, қазақ халқының  тағдыры, оның тарихы, біздің халқымыздың мәдениеті туралы көп ойландым. «Неге?» деген сұрақтар соншама көп еді.  Айтылған істер бір  басқа да,  істелген істер бір басқа болатын. Бұлардың бәрі қалыпты жағдайға айналған өзі. Рухани күйзеліс із-түзсіз өтпейді», –деп жазды.

Әр түрлі қызметте референт-аудармашы, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметінде жұмыс істеді. 2002 жылдың сәуірінде Ақмола облысының  прокуратурасы Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде  ақтау құжатын берді, саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды. Көп жыл бойы Атбасар аудандық тілдер басқармасында  аудармашы болып қызмет атқарды. 2004 жылы  Көкшетау «Фемида» заң университетін бітірген.

 Рауша Қалқаманқызы Мұханова туған халқының  тілі мен  рухани мәдениетін көтеруге ат салысып жүрген аналарымыздың  бірегейі.  Ресейдің Омбы өңірінде қашанда қаймағы бұзылмаған қазақ халқы тұрған. Ағайындар алыста тұрса да, Қазақстанмен мәдени қатынастарын  ешқашан үзбеген. Рауша  Қалқаманқызы 1953 жылы 13 қаңтарда Омбы облысы, Одесса ауданы, Көктерек ауылыңда дүниеге келген. 1979 жылы Омбы қаласындағы педагогикалық институттың шет тілдер  бөлімін бітірді. Одан соң Нововаршов ауданы, Қараөзек 8 жылдық орта мектебінде директорлық қызмет атқарды. Содан Омбы қаласына қоныс аударды. Рауша  Қалқаманқызы туған Отанынан алыс жүрсе де, қазақ  тіліне  жанашырлықпен қарады. Ана тіліндегі мектептердің, балабақшалардың  жабылып қалуы көңіліне мұң ұялататын. Тілінің, ұлтының болашағы Раушаның ойларында, жан жүрегінде небір мақала боп өрілді. Ол өз мақалаларын Қазақстандағы «Мәдениет және тұрмыс», «Социалистік Қазақстан», «Алматы ақшамы», тағы басқа да газет-журналдарға жолдады. 1990 жылдың басында журнал редакциясынан № 2-640 хат келді, онда: «Сіздің редакциямызға жолдаған өлеңдеріңізді алдық. Қазақ тілі үшін шырылдап жүрген жан екеніңізді сол өлеңдеріңізден ұқтық. Омбыдағы бір туған бауырларымыздың да журналымызбен жиірек хабарласып тұрғаны жөн болар еді. Осы орайда өзіңізді сол өңірдегі қазақтардың мұң-мұқтажын, хал-жағдайын, тұрмыс-тіршілігін жазып тұратын штаттан тыс тілшіміз етіп алсақ деп едік. Қарсы болмасаңыз, өзіңіз туралы қысқаша мәлімет және 3х4 көлемді 2 фотосуретіңізді бізге жолдасаңыз», – депті.

Қазақстандағы  Желтоқсан  туралы қалай естігені туралы сұрағанымызда, сол күндер өміріндегі ең қиын кезең болғанын жасырмады. – «1986 жылы Омбыда  аспап жасау институтында қызмет істейтінмін, – деп бастады Рауша апай өз әңгімесін.

– Желтоқсанның 20-21 күндері менің үстелімнің үстіне Қазақстандағы желтоқсан оқиғасы жазылған «Вечерний Омск» газетін әлдебіреулер әдейі үстеліме қойып кетіпті. Сенің қазақтарың не істеп жатыр, оқы дегені. Газеттегі жазылғандарды оқып отырып, көз жасымды тия алмай, өксіп жылағаным есімде. Тіпті, жанымда отырғандарға қарауға батылым жетпеді. Қазақ жастары Г.Колбинге қарсы шығыпты, кісі өлімі көп деген сыбыстар қаланы кернеп тұрды. Бұл менің өмірімдегі ең қиын кезең болды. Кейін Көкшетау облысының Талшық кентіндегі Қоңырша апамның үйіне келгенде оқиғаның анық-қанығын бір-ақ білдім. Қолымнан келгені «Жер – әр ұлттың жүрегі» деген өлең жазып, әнін шығардым.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматыда  Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы ашылды. Құрылтайға әлемнің 30-дан астам елінен 700-ден артық делегат келді. Омбы облысынан «Мөлдір» клубының жетекшісі  Әлжанова Майра, Мұханова Рауша шақырылды. Осы құрылтайда Рауша Қалқаманқызы мінбеге  көтеріліп,  ұлт, тіл мәселесін ашына айтты. Сол құрылтайда көптеген достар тапты,
адрестер алмасты. Бірде алматылық Анар атты құрбысы хат жазып «Сендей өткір
алмастай жандарға Аллам денсаулық берсе, басқасын жігермен жанып жүретін өзің-ақ орнына келтіре алатыныңа сенемін (мақтағаным емес, сүйсінгендіктен айтып жатқаным), Рауша! Істеп жүрген қызметің – ұлы іс! Сәтті болғай! Халықтың санасын оятуға қарлығаштай қанатыңмен су сеуіп жүрген көрінесің. Азаматтығың болар! Ұрпақ алғысын айтар. Рахмет, Саған!» – деп ақ тілегін жолдапты.

Рауша Қалқаманқызы 1989-1990 жылдары Омбы қаласында көтерілген игі бастамалардың қашанда басы-қасында болды. 1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамында қазақ тілі курсын ашты, «Омбы үні»  газетінің  редакторы қызметін атқарды. «Шұғыла» атты 10 минуттық радиохабардың редакторы болды. Туған Отанына оралғанға дейін жастарға тіл үйретті, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттады, ұлттық ойын-сауық кештерін ұйымдастырды, «Қазақ тілі» қоғамының конференцияларын өткізуге ат салысты. «Омбы үні» газетінің № 2 (12) наурыз, 1994 жылғы санында «Қайдасыңдар, аяулы, зиялы азаматтар!  Елің үшін, жұртың үшін қол ұшын беретін кездерің келген жоқ па ?!– деп шырылдады.

1999 жылы  туған жеріне келіп, Көкшетау қаласына қоныс тепті. Көп жылдар бойы қаладағы №19 орта мектептің  орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ берді. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілік Рауша апайды оқу әдістемелерін ойлап табуға итермеледі. Шәкірттерінің сканвордтар, шағын шумақтар арқылы тілімізді тез, әрі жеңіл үйренулеріне қол жеткізді. Оқушылары қалалық олимпиадада жүлделі орындарға ие болып, ұстаз мерейін өсірді. Қалада өтетін мәдени, рухани шараларға әлі де үзбей қатысып тұрады. Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының, Науан Хазірет атындағы облыстық мешітінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Рауша Қалқаманқызы Мұханова бақытты ана, жолдасы Мұрат Мусин екеуі Қасен, Құсайын  атты ұлдарын да мәпелеп өсіріп, ер жіткізді.

Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының ұлт-азаттық тарихында ерекше орын алады. Қазақстанның көрнекті тарихшысы, академик Манаш Қозыбаев  Желтоқсан көтерілісін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен қатар қойып, олардың ортақ мақсаттарын салыс-тырды. Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің біздің замандастарымыз бен болашақ ұрпақ үшін де тарихи рөлі өте зор.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ елі тарихындағы ақтандақтарға байланысты халқымыздың басынан кешкен қилы кезеңдерді, талайлы тағдырларды ғылыми тұрғыдан зерттеу, зерделеу шаралары жүзеге асырылуда. Осыған байланыс-ты музейдің заманауи тарих бөлімінің ұйымдастыруымен 1986 жылғы Желтоқсан қаһармандарына арналған «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» атты тақырыпта іс-шара өтті.

Желтоқсан көтерілісі біздің азаттық пен бостандыққа, тәуелсіздікке жету жолымыздағы биік белес болды. 1986 жылғы  Желтоқсан бүкіл халықтың  руханияты мен әлеуетіне  әсер етті. Ұлттық сананы өсірді, ұлттық рухты жандандырды.  Қазақ жастары ғасырлар бойы үстемдік құрып келген тоталитарлық жүйеге батыл қарсы тұрды, сөйтіп, бұрынғы Кеңес Одағының аумағында ұлттық-демократиялық қозғалыстың өшпес туының  жарқын көрінісі болды.

Іс-шараның мақсаты: Ғасырлар бойы жүргізілген ұлт-азаттық көтерілісінің заңды жалғасындай болған ең шешуші әрі Кеңес одағының аумағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбастаушысы ретінде тарихта қалған Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдары оның құрбандары туралы тақырыптың тарихи маңызын, мәнін ашу болып табылады. Студенттерді Желтоқсан оқиғасының құрбандарын мәңгі есте сақтауға және олардың аңсап қол жеткізіп кеткен Тәуелсіздік тұғырын биік ұстауға, Отанының адал азаматтары болуға тәрбиелеу болып табылады.

«Желтоқсан жаңғырығы» атты жоба аясында облыстық музейдің қоры құнды жәдігерлер мен жеке мұрағаттық деректерімен толықтырылуда.   Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың  музейге сыйға тартқан заттарынан көрме ұйымдастырылды.

Кештің құрметті қонағы, Көкшенің тумасы, Алматыдан арнайы келген Желтоқсан қаһарманы – Қайыргелді Күзембай,  «Желтоқсан 1986 Ақмола» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәуренбек Жарылғасов,   «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық ұйымы облыстық бөлімшесінің төрағасы – Төлеген Ерден. Желтоқсаншылар Жанат Қасым, Ертай Жұмажан, Бақыт Смағұл, Кенжетай Көлбаева, Қайыргелді Ахетов, Ибрагим Балтабай, Еркін Есілбай, Ақан Рахымжан, Әділбай Шүйінішев, Дәуіт Сүгірәлі, Алтынбек Жарылғасов, Мереке Нұрбаев, Орал Төлеу, Тимур Сыздықов, Толқын Арғынбайқызы, тағы басқалары. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезіңдегі алаңға шыққан студенттердің алды бүгінде ел ағасы болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына әр салада қызмет атқарып, өз үлестерін қосып жүр.

Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген әртісі, атақты әнші Бисара Мәкенқызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенттері,  аталмыш оқу орнының оқытушысы, тарих магистрі Әмина Шәріпова,  Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің жанындағы балалар музыка мектебінің  оқушылары, сонымен қатар, «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының тілшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де осы шараға қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан Қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деген болатын.

Қазақ тарихын, көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі өткен жолын зер сала қараған адам сол дәуірдің бәрінде де жалғасып, үзілмей келе жатқан бір ұлттық идеяны көре алады. Ол – халықтың бірлігі, тәуелсіздік, ешкімге бодан болмай дербес ел болу идеясы. Сол арқылы халық өзінің намысын, биік мәртебесін қорғаған.  Әйгілі Желтоқсанда да солай болды. Алда да еліміздің еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай.

Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Суреттерде: Алматы қаласындағы Желтоқсан және Сәтпаев көшелерінің қиылысында қойылған Желтоқсан монументі; Желтоқсан көтерілісінен кейін қудалауға ұшыраған әскери қызметкер Боташ Қажымов және мақала авторы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар