Барлық мүмкіндіктер пайдаланылуда

Осы күндері жаңбыр жиі жауып тұр. Сондықтан, қысқа шөп дайындау оңайға түспей, күннің әрбір ашық сәтін тиімді пайдалану қажет болып отыр.

Осыны жақсы сезінген Атбасар ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғындары қысқы мал азығын дайындауға үлкен жауапкершілікпен, жұмыла кірісті. Алда 82 мың гектар жердің  шөбін шабу жоспары тұр. Оның 30 мың гектары табиғи шөп болмақ. Оған қосымша 11 мың гектар бұрынғы жылдары егілген көпжылдық шөп, 14 мың гектары біржылдық шөп дайындалмақ.  27 мың гектар жердегі су келетін ойпаң жерлерге өскен дала шөбіне орақ салынбақ.

Өйткені, алдағы қысқа аудан бойынша 80,0 мың тонна шөп керек. Ағымдағы жылдың 20 шілдесіндегі есеп бойынша 43 мың тонна шөп дайындалған, ол барлық қажет шөптің 54 пайызы. 2400 тонна сүрлем дайын. Осы жауапты науқанды уақытымен аяқтау үшін ауданда 25 шөп шабушылар бригадалары құрылған. Шабылған шөпті қыстақтар басына жеткізуге 100 трактор шығарылған.

Атбасарлықтар биыл қардың жеткілікті мөлшерде түспей, дала өзендерінің сай-салаға құймауы салдарынан шөптің аз шығуына алаңдаулы. Сол себепті, жеке шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жетекшілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың қосалқы жерлерінің шөптері де шабылуда.  Ауыл тұрғындары рұқсат етілген жерлерге шұғыл орақ салуда. Сондай-ақ, ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарымен  жиын-терін уақытында сабанды уақтамай, сол күйі қалдыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Жаңа комбайндардың сабан ұсақтау финкцияларын айырып, олардан  кейін қалған сабан жалдарын шөп түйгіш агрегаттар түктерге айналдырмақ. Ондай түктер тасымалдауға қолайлы болатыны белгілі.

Міне, осылайша атбасарлықтар күн қызуымен қуарып, сапасынан айырылмай тұрғанда жасыл шөптен қысқы мал азығын дайындап алмақ. Бүгінгі таңдағы  ұйымшылдық пен ынта-жігер алға қойған жоспардың дер шағында орындаларына толық сендіреді.

                                                     Серік САПАРҰЛЫ,

                                 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

                                 Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар