Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Асар жолы» қайырымдылық форумы көңілден шықты - АРҚА АЖАРЫ

«Асар жолы» қайырымдылық форумы көңілден шықты

Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында «Asar Ume» қоғамдық қорының бастамасымен «Асар жолы» қайырымдылық форумы болып өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, сөз сөйледі.

Форумға сондай-ақ, облысымыздың сала басшылары, кәсіпкерлер, зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еріктілер мен жас-тар қатысты. Форумды елімізге танымал актер Дәурен Айдарқұлов жүргізіп отырды. Жиында баспанаға мұқтаж көп балалы отбасы, Көкшетау қаласының тұрғыны, жалғызбасты әке Рустем Әбдікешовке баспана алуға қаржылай сертификат салтанатты түрде табыс етілді.

Жиында Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице- министрі Абзал Әлиұлы сөз сөйлеп, Қазақстанның барлық қалаларын аралап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуді мақсат етіп жүрген қоғамдық қордың өкілдеріне алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.

– Қадірменді жиналған қауым, бүгін шынында да, жалынды жастарымыз бастаған игі шараның куәсі болып отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыру аясында қайырымдылық шараларын да өткізу басым бағыттардың бірі болып табылады.

Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Ақмола облысында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыс колледждері 400-ден астам серіктестікпен өзара ынтымақтасық меморандум жасасып, түлектер тиісінше тәжірибе жинақтауда.

Биыл 16 ауқымды жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Жалпы  қазақ халқы үшін асар деген сөздің мағынасы өте жоғары. Бұл – қазақтың бұрыннан келе жатқан көне дәстүрі. Ол тек ақшалай ғана емес, жалпы  мұқтаж жандарға белгілі ел болып, қауым болып жиналып, бірлесіп көмектесуді көздейтін игі дәстүр.

Күні бүгінге дейін Асхат бауырымыз бастаған жалынды жастарымыз өздері бас болып 400-ден астам отбасына баспана бақытын сыйлап отырғандығының өзі  өнегелі іс екендігін атап өтуге болады. Адамға қуаныш сыйлау, батасын алу үлкен сауап, – деді Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әлиұлы Әбдікәрімов.

Жиын барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов та сөз сөйлеп, игі дәстүрді ұстанған ізгі ниетті жастарға алғысын білдіре келіп, өңірімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға да тоқталып өтті. –Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында «Жаңа Қазақстанның құрылысы бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Егер біз бірлесе жұмыс атқарсақ, біз өз мақсатымызға жетеміз» деп айтқан.

Елімізде болып жатқан барлық саяси өзгерістердің бас-тауында қоғамның қозғаушы күші жастар тұрады.  Біз бүгін «Asar Ume» қоғамдық қорының «Асар жолы» қайырымдылық акциясының куәгеріміз. Елордада бастау алып, Көкшетауда жалғасын тапқан осы игі шараның әлі талай мұқтаж жанға тигізер өз септігі болатынына сенімдіміз. Елім деп жүрегі соққан жалынды жастарға қолдау көрсету біз үшін өте маңызды.

Ақмола облысында да жастарды қолдау мақсатында көптеген жүйелі жұмыстар өз оң нәтижесін беруде. Мәселен, жастар практикасымен 160 адам, алғашқы жұмыс орнына жобасы бойынша 60-қа жуық жас жұмысқа орналастырылды. Ауыл шаруашылығында жер бөлу және шағын несиелендіру есебінен 400-ге жуық отбасылық шаруашылық құру жоспарлануда, бүгінгі таңда оның 100-ден астамы  құрылды.

Білім беру саласында балаларды ерте кәсіптік бағдарлау бойынша жұмыс күшейтілуде. Қазіргі таңда біздің облыста жыл сайын 45 мыңға жуық жоғары сынып оқушыларын қамтитын 4 орталық және 200-ден астам кәсіптік бағдар кабинеті бар. Қаржыландыру гранттары есебінен жеке бизнес құру мәселесі де басты назарда. Оң мысалдар да баршылық. Мысалы, Астрахан ауданындағы көп балалы ана Наталья Кузьмичтің бұған дейін басты табысы ай сайынғы әлеуметтік көмек қана болатын.

Ол қазіргі таңда     «Бастау» бағдарламасы бойынша оқу оқып, грант ұтып алды, қазір оның өз жеке кәсібі бар, – дей келіп, Елдос Рамазанов бұдан басқа нақты мысалдарды тілге тиек ете отырып, өңірімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары үнемі назарда екендігін баса айтты. Мысалы, Ақмола облысында 24 мың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына 1 миллиард теңгеден астам көмек көрсетілген.

Өскелең ұрпақты жасампаздыққа, рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға, ел халқының мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттауға бағытталған іс-шара барысында «Asar Ume» қоғамдық қорының президенті Асхат Нұрмашев та сөз сөйлеп, алдағы уақытта еліміздегі  20 қаланы аралап, 20 мың шақырымды жолды жүріп өтіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасына көмектесуді жоспарлап отырғандарын баса айтып, қор жұмысына тоқталып өтті.

Аталмыш қоғамдық қор үш жыл бұрын құрылған. Осы аралық ішінде 440 отбасына баспана сатып әперген. Мұқтаж жандарға баспана сыйлау-мен қатар, басқа да қайырымдылық көмек көрсетеді. Яғни, жұмыс таба алмай отырған жандарды жұмыспен қамтуға, білім аламын деген жастарды оқытуға да ат салысады. Бұл үшін ел қазынасынан ешқандай қаражат жұмсалмайды.

Бұл іске игі жақсылар мен жомарт кәсіпкерлер, жалпы қайырымдылық акиясына өз үлесін қосқысы келетін  ел халқы көмектеседі. Аталмыш қордың барлық қалаларда өз еріктілері бар. Қазақстан бойынша 300-ге жуық еріктілер жұмыс істейді. Қамқорлыққа зәру отбасыларды солар анықтап, қандай да бір жанға көмек бермес бұрын, олардың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, ақпарат жинайтын да солар.

Атап өтуіміз керек, «Asar Ume» акциясы биылғы жылы алғаш рет Үкімет пен облыс әкімдерінің қолдауымен өткізіліп отыр.  Себебі, бұл акция еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағытымен сабақтас.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру сонымен  қатар, кәсіпкерлікті дамыту, халықтың табысын арттыру және нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп отыр.

Бүгінгі марафон да – бұл халықтық бағдарламаны жүзеге асыру форматтарының бірі. Қор халықты жұмыспен қамту, оқыту, өз ісін ашу арқылы материалдық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Яғни, біздің басты мақсатымыз «Өзіне-өзі көмектескісі келетіндерге көмектесу» қағидатын іске асыру арқылы қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АMANAT» партиясы Жастар қанаты съезінің делегаттарына арнаған сөзінде жастар үшін үш маңызды басымдық: білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм екенін атап өтті. Дәл осы үш ең маңызды және басты басымдық барлық өзгерістердің бастысы болуы тиіс. Білімге ұмтылу, өз елі үшін қажетті және пайдалы болу, еңбек ету және еліміздің әрбір азаматының мақсаты болса, сонда біздің еліміз бәсекеге қабілетті болады, азаматтардың өмір сапасы өзгереді және олардың әл-ауқаты артады, – деді қор президенті Асхат Нұрмашев жиында сөйлеген сөзінде.

Көкшетауда өткен форумда да баспанаға мұқтаж көп балалы отбасы, Көкшетау қаласының тұрғыны, жалғызбасты әке Рустам Әбдікешовке баспана алуға қаржылай сертификат салтанатты түрде табыс етілді.  Рустам Әбдікешовтың тағдыр жолы тауқыметке  толы. Соған қарамастан мойымай, төрт жәудіркөзін жалғыз өзі асырап жүрген, батыр әке. Ер адамға жалғыз өзі төрт баланы бағып-қағу оңай-оспақ шаруа емес. Оның үстіне дәрігерлердің айтуынша, Рус-там айықпас дертке душар болған.

Екі ай ес-түссіз комада жатқан күндері де болыпты. Ауруханадан шыға салысымен жұмысқа шығып, бала-шағасының напақасын тауып беріп жүр. Көрші-қолаңның айтуынша, Рустамның балаларының барлығы өте тәртіпті, саналы тәрбие көрген. Біреуінің аш-жалаңаш жүргенін не болмаса тәртіпсіздік жасағанын көрген емеспіз. Әкесі Рустам да өте кішіпейіл, еңбекқор адам.

Тағдырға мойып, налымай, балалары үшін барлығын жасауға тырысып жүрген адал ниетті жан дейді олар бірауыздан. Олар бұған дейін әркімнің баспанасын жалға алып тұрған. Енді, міне, «Asar Ume» қоғамдық қорының көмегімен өздерінің жекеменшік баспанасына ие болып отыр. Қор өкілдерінің айтуынша, баспананы сатқан бұрынғы пәтер иелері Рустамның жағдайын естіп-білгеннен соң үйдегі жиһаздың барлығын басыбайлы сыйға тартқан.

Форум барысында Рустамның отбасына қаржылай сыйлық жасағандар қатары көп болды. 80,150, 200 мың теңгелік ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, «Jakko» сантехника дүкендер желісінің  атынан арнайы сертификат берілді.  Өз кезегінде Рустам Әбдікешов көмек қолын созған қоғамдық қор өкілдері мен ел халқына алғыс айтып, разылығын білдірді.

Сондай-ақ, қоғамдық қордың басшысы, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің мүшесі, Асхат Нұрмашев таяу күндері баспанаға мұқтаж тағы бір көкшетаулық отбасын баспанамен қамтамасыз етіледі деп уәде берді. Сонымен қатар, форумда осыдан төрт ай бұрын қоғамдық қордың көмегімен баспаналы болған жалғызбасты ана Айсұлу Құлатаеваның отбасына «Jakko» сантехника дүкендер желісінің атынан арнайы сертификат пен Айсұлуға оқу оқып, білімін жетілдіру үшін, 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті. Айсұлудың да ғұмыр жолы кім-кімге болмасын ой салатындай тағдырлы. Көп балалы ананың бір баласы мүмкіндігі шектеулі. Сонда да мойымай, баласының денсаулығы үшін қолынан келгенінің барлығын жасауға тырысуда. Бір жағынан балама көмегі болар, екінші жағынан үйде отырып табыс табуға мүмкіндік деген ниетпен Айсұлу массаж жасауды машықтанып алған. Енді сол мамандықты кәсіби тұрғыда жетілдіру үшін қаражат керек екен. Осы мақсатқа «Asar Ume» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетіп ақшалай сертификат табыс етті.

Форум соңында көп балалы әке Қанат Алшынбаев, ерікті Тұрар Байғожин, спортшы Олег Гредасов, бизнесмен Айдар Бариев, Айдос Қожахметов сияқты азаматтар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Иә, жалғанда жан баласының бақытты болуына өз үлесіңді қосу зор қуаныш. Әсіресе, қиналған сәтте қолдау көрсету кісіліктің белгісі. «Asar Ume» қоры осындай адами құндылықтарды насихаттап, мыңдаған жүрекке үміт  сыйлауда.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте «Асар жолы» қоры арқылы баспаналы болған Рустам Әбдікешовтың отбасы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар