Ханнан озған қара

Ерте кезде бір хан шеру тартып келе жатады. Шөлейт, сусыз далаға кездесіпті, жанына ерткен адамдары мен аттары әдбен шөлдейді. Осылай тарығып келе жатқанда, алыста бір кішкене бұйрат көрінеді. Хан жігіттеріне:

– Адырлы жер ауыз сусыз болмайды. Тез барып қараңдар!– дейді.

Жігіттері адырдың үстіне шықса, қойнауда бір қора жайылып жүрген қой көрінеді. Сосын жігіттер жай тұрмай, қой шетіне жақындап келеді. Ал, қой бағып жүрген қойшыға менсінбегендіктен сәлем де бермейді. Сәл-пәл тұрғаннан кейін:

–Су қайда?..– деп зіркілдеп ала жөнеледі әлгілер.

– Су дегенің көл ме? – дейді қойшы.

– Өзің қалай қисық сөйлейсің! Бізге, ханға беретін ауыз су керек, – дейді өкіреңдеген шабармандар.

– Хан ішеді екен деп, қасқайып ағып жатқан бұлақ көргенім жоқ, – дейді қойшы. Шабармандар онан әрі ызаланып күш көрсетпек болады.

– Мен де сендердей адаммын. Жерден бұлақ ағызар су иесі Сүлеймен де емеспін, – деп қойшы шабарманның аузын аштырмайды.

–  Жүр, хан алдына жүр, сенімен сонда сөйлесеміз! – дейді олар.

– Мен сендердей ерігіп жүргенім жоқ. Мына баққан малымды тастап ешқайда бармаймын, – деп қойшы да сазарып отырып алады. Шабармандар ханға қайтып келеді.

– Қойшы бір кесірлі адам екен, жақсы сөз ести алмадық. Сосын өз әміріңізді тыңдауға келдік, – дейді.

– Онда оны ұрмай-соқпай, осында алып келіңдер – деп үш жігітті жібереді.

Хан әмірі екі болмайды. Қойшыны еріксіз алып келеді.

– Шақыртқанда неге келмейсің бе, судың жөнін  айтып бермейсің бе? Басыңды аламын қазір, – деп жендеттеріне әмір етеді. Жендеттер қылышын көтере бергенде қойшы басын төмен иіп:

– Тақсыр хан, дат! – дейді.

– Е, датың болса, айт! – деп хан өрекпіген жендеттерін тоқтатып, қойшыға сөйле дегендей ишарат етеді.

– Сізге сұңқар мен шөже торғайдың хиқаясын айтайын, – деп қойшы сөз бастайды.

«Ерте кезде бір сұңқар жем таба алмай ашығып,  өзен бойын өрлеп келе жатса, алдынан бір шөже торғай ұша жөнеліпті. Сұңқардың көзіне қан толып, торғайды бүріп алып, енді жеуге айналғанда, торғай: «Сұңқар мырза, бір ауыз арыз тыңдаңыз, соны айтып болған соң, жей беріңіз,– депті. – Мен шөже торғаймын, қорбиған жүнім болмаса сіздің бөтекеңізге жұғын болар болар қызылым жоқ. Жарымайтын нәрсеге асыл тұмсығыңызды босқа былғайсыз ба? Қарны ашқан сұңқар қармаққа шаншар еті жоқ шөже торғайға түсіп, тұмсығын былғапты деген өзіңізге жаман ат қалдырасыз ғой. Өзімнің жанымды қорғап отырған жоқпын, сіздің арыңызға нұқсан келеді ғой деймін».

Шөже торғай осыны айтып, «жей беріңіз» дегендей көзін жұмып, қанатын жайып жата кетіпті. Сұңқар ойланып, шөже торғайды қоя беріпті.

Мен мына аз ғана қойды бағып жүрген қойшымын. Не атым жоқ, не атағым жоқ. Менің басымды алғаныңызды ешкім елеп, сондай бір үлкен жауды жеңіпті деп, сіздің батырлығыңызды дәріптей ме? Қайта қолында қаруы жоқ, қасында қорғаушысы жоқ бишара қойшыны өлтіріпті деп күлмей ме? Жауына әлі келмеген соң, кегін қол астындағы қойшыдан алыпты деп тірідей өлтірмей ме? Аламын десеңіз, міне басым,– деп қойшы ханның алдына келіп, тізерлеп отыра кетіпті. Сонда:

– Япырай, сөз тапқанға қолқа жоқ!– дейтін еді. Басың азат. Бірақ, судың жөнін айт, – депті хан. Қойшы:

–Әй, тақсыр, хан-ай, суды таба алмайтын топты бастап жорыққа шығыпсыз. Қос өзеннің арнасы алдыңызда көрініп тұр. Соны таппай қолыңызды қаңсытып, шөлдетіп келесіз. Келешекте қалай жол тауып, қол бастайсыз? – депті.

Еңсесі түскен хан қойшыдан жеңіліп орнында отырып қалыпты.

 Дайындаған Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар