Адамның ардақтысы еді

Бар саналы өмірін еліне адал қызмет етуге арнаған Жаңбыршы Мейрамұлының жарқын ғұмыры әрқашан өнеге болып қала берері анық. Адам баласының өмірі ұзақ па, қысқа ма? Халқымыз «осы бір қысқа ғана ғұмыр» деп айтатыны несі?! Расында да, ойлап отырсам, адам баласының ғұмыры қысқа екен. Жаратушы иеміз қара қарғаға жүз жасауды нәсіп еткенде, өзінің бір пендесі адам баласына неге аз өмір сүруді жазды екен?!  Алайда, ендігі бір ойдың және де айтары бар, қонақ болып келген жарық дүниеде аз ғұмыр кешіп те, көп іс тындырып, өшпес ізің мен ісіңді, жақсы атыңды қалдыруға да болады ғой! Жүз жасап  та, ас ішіп, аяқ босатып қана белгісіз әрі беймәлім күй кешіп те өмірден өтуге болады екен.

Мына жарық дүниеден озғанына бір жыл болып отырған Жаңбыршы Мейрамұлы жайлы ойлағанымда  осы бір ойлар  мазалайтыны бар. Марқұм Жаңбыршыны біраз уақыттан бері біліп жүрдім, дәмдес те болдық. Бір бірімізге деген сыйымыз бен құрметіміз де ерекше еді. Қашан болсын сабырынан жазбай, ақырын сөйлеп, анық басар қадамынан да, айналасына деген көңіл ниетінен де, кішіпейілдігі мен кісілігіне де мін таға алмас едіңіз.

Бірге қырық бес жыл ғұмыр кешкен  кезеңде жан жары Мәриям Мұсылманбекқызы алты ұл, үш қыз туып, 2005 жылы  дүниеден озса да, өз өмірінің ақтық демі үзілгенше, яғни он алты жыл бойы Жәкең, Жаңбыршы сол балаларының, олардан тараған ұрпақтарының тілеуін тілеумен өтті.

Әрине, он алты жыл бойы әйелсіз күн кешу ер адам үшін қаншалықты азапты да ауыр болса да, Жәкеңнің кейіп, болмаса қабағына кірбің түсіп ренжіп жүрген сәтін көрген емеспіз. Қашан болсын жайраңдап, күлімсіреген жылы жүзімен қарсы алатын. Үсті-басы мұнтаздай, тап-таза  болып жүретін. Киім киісінің өзінде бір талғамдық, бойында бір салдық байқалатын. Ақ сары жүзінен үнемі жылылық есіп тұратын Жаңбыршының осы тірлігі мен күйінен әке ретінде өз ұлдары мен қыздарына деген, ал балаларының өз әкелеріне деген керемет бір өзара сүйіспеншіліктері мен сыйластықтары және де әкенің бала алдындағы, баланың әке алдындағы жауапкершіліктерін терең түсініп, терең сезіне алғандықтары еріксіз таң қалдырар еді.

Бұл ең әуелі әке болған Жаңбыршы Мейрамұлы мен ана болған Мәриям Мұсылманбекқызының жаратқаннан салауатты ұрпақ бере көр деген тілеулерінің қабыл етілгені және де олардың өз ұлдары мен қыздарына адалдық пен адамдықты бесігінен бойларына сіңіріп, кісілік және еңбекқорлық тәрбие бере білгендіктерінің нәтижесіндей көрінері бар. Сол бір ұлағатты тәрбиенің арқасында балалары қашан болсын әкелерінің жанынан табылып, барам деген, жүрем деген жерінен қалдырмай, жағасын кірлетпей, үсті-басына кіршік түсірмей бағып-қаға білді.

Марқұм Жаңбыршы Мейрамұлының өз тіршілігіндегі бағы дерсіз, ұзақ-сонар саны жиырма екіге жеткен немерелері мен жиендері, бес бірдей шөберелері де «аталап» сәби де бала жүректерінің шынайы бір лүпілімен жанын қуанышқа бөлей білді. Осы ұрпақтары Жәкеңе, Жаңбыршыға өмірдегі жалғыздығын да, сол өмірдің  жалғандығын да сездіре қоймады.

Бақытты күн кешкен өмірдің сексен үш жылғы  ғұмырында Жаңбыршы Мейрамұлы өзінің жақсы да, бақуатты күйіне жету үшін қара табан болып, алақанын күс етіп еңбек етуден бір жалықпаған еді. Соғыстың алдындағы 1938 жылы дүниеге келген Мейрам мен Алтыншаштың шаңырағындағы он баланың жетіншісі болып туған ол,сол кезеңнің барлық балаларына тән былайша айтқанда,  көзін тырнап ашқаннан бастап еңбек етті десе де болар еді.

Он тоғызыншы ғасырдың 1889 жылы туған әкесі Мейрам Мұқанұлы мен 1903 жылғы анасы Алтыншаш Нұрмағанбетқызы екеуі де шаруа баққан жандар болатын. Жаңбыршыдан соң дүниеге келген Әскербай екеуі тел өсті. Бертінге шейін, Әскербайдың жетпіс екі жасында 2014 жылы дүниеден озған кезеңіне дейінгі ғұмырлары өздерінің туған ауылдарының қотанында өтті десе де  артық емес.

Өзінің көзі тірісінде Жаңбыршының жазып кеткен естелік дәптерінде балалық шақтарының жиырмасыншы ғасырдың 1941-1945 жылдарындағы соғыстың ауыр кезеңіне тап келгендігін айтады.-Бүтін бір киім де кимейтінбіз. Сол кездің балалары тамаққа да жарымайтын. Дегенмен, біздің үй өзгелерге қарағанда ауқатты саналды. Жарықтық әкеміз өте қайратты әрі мықты адам болды да, бізді және соғысқа кеткен Сәлік, Сәркен, Сайлау деген інілерінің де жандарын асырап, сақтады.Соғыс кезінің балалары мектепке де кеш баратын. 1954 жылы Бірлестік ауылындағы орталау мектептің  жеті сыныбын кілең бес деген бағаға бітіріп, Көкшетау қаласындағы педучилищеге оқуға түсіп кеттім,-дей келіп, Жаңбыршы Мейрамұлы мұнан кейінгі өмір жолын да сабақтай түседі.

Хош сонымен, Көкшетау педучилищесін 1957 жылы ойдағыдай бітіріп шығып, аудан орталығы Володаровка (қазіргі Саумалкөл) селосында қызмет істей жүріп, шопырлықты да оқып алады. Ол кезде шопыр болу дегеніңнің өзі қазақ баласы үшін үлкен бір төре болудан кем түспейтін. Және де астыңда көлігің болса  жүріп-тұруыңа да, күн көрісіңе де тиімді болатын. «Лавров» шаруашылығында жүргізуші  бола жүріп, 1960 жылы үйленіп, тұңғыштары туған соң-ақ әскер қатарына алынды. 1961-1964 жылдары, нақтылап айтар болсақ үш жарым жыл әскер қатарында жүріп, елге оралды да, келген бетте жұмысқа араласты. Ол әскерде жүрген жылдары жан-жары Мәриям жұмыс істеген еді. Өйткені, бірнеше үйдің жандарын асырап сақтаған Жәкеңнің әкесі Мейрам қарттыққа бой алдырып, жасы ұлғайған болатын.

Бір отбасының жауапкершілігі өз мойнында екендігін сезінген Жаңбыршы Мейрамұлы сол кезде еңбек демалысына шығудың не екенін білмей, былайша айтқанда күні-түні жұмыс істеумен болды.

1965 жылы «Лавров» совхозының бөлімшелерінің басы құрастырылып, «Карасев» шаруашылығы отау тікті де, осы жаңа шаруашылықты Нөгербек Есенжанов басқарды. Сол Нөгербектің кісі танитын қасиеті бар еді. Әуелден елгезек және де бөтен мінезі жоқ, өзі еңбекқор осы Жаңбыршыны шаруашылық  директоры жанына жақын тартып, екеуінің әзілдері де, сыйластықтары да жарасып, достасып жүре берген-ді. Сөйтіп жүргенде Жаңбыршы өзінің туған ауылы Құмтөккенге бөлімше меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл кезде 115 түтіні бар Құмтөккен ауылында сегіз жылдық мектеп бар еді. Ауылдың іргесі нығайып, халқының саны өсіп, кейін осы сегіз жылдық мектеп он бір жылдыққа айналып еді. Бөлімшенің 4200 гектар жері, 12-13 мыңдық  12 отар қойы бар. Халқының саны сегіз жүздей болатын Құмтөккен ауылының жайлауында жылқы да, ірі қара мал да мыңғырап жататын. Бір бөлімшенің бірі егіншілікпен, екіншісі мал өсірумен айналысатын екі бірдей бригадасында жүзден астам адам еңбек ететін-ді.

Құмтөккен ауылының құтын кіргізіп, ырысын молайта түскен Жаңбыршы Мейрамұлын билік те, халық та алақандарында ұстады десе де болғандай.Барлық жұмыс көрсеткіштері бойынша алда болып, ауданның озаттарға берілетін ауыспалы қызыл туын да жеңіп алып, мерейінің тасығаны да бар-ды. Екі мәрте аудандық кеңестің депутаты, кеңшар парткомының мүшесі болып сайланды. Алматының маңындағы «Аққайың», Кавказдың Нальчик, Эвпатория, Чехословакияның Карловы-Вары  шипажайларында тегін тынығып, тағы да сол тегін жолдамамен Прибалтика мемлекеттерін, Мәскеу мен Ленинград қалаларын аралап, тамашалап қайтып жүрді. Бұл да Жәкеңе деге зор құрмет болса керек.

Марқұм Жаңбыршы Мейрамұлының күнделігіндегі мына жазбалары мені елең еткізді. Жәкең былай деп жазыпты: «Осы мен өз өмірімде не бітірдім? Неге қолым жетті? Қызық көрдім, көргенімнің бәріне де өз басым ризамын. Алайда адам баласы өкінішсіз бола қоймайды ғой! Алла бір адамға барлық жақсылқты  түгел бере қоя ма? Мені ойландыра беретін, өкінішім сол, маған әкем мен анам риза болып өтті ме? Жан жарым Мәриям ше? Менің барлық балаларымды тәрбиелеп, өсірген де, оқытқан да осы Мәриям! Өз басым шаруадан қолым босамады. Құдайға шүкір, балаларымның бәрі де оқыды, қызмет істеп жүр. Жаман емес сияқты. Әттең шіркін, сол балаларымыздың қызығын аналары толық көре алмай кетті-ау!..»

Дана адамның ойы мен сөзі дерсіз мұны!  Кәне, қай-қайсымыз «осы маған ата-анам риза болып өтті ме екен дүниеден» деп ойланып, бір сәтке толғандық екен?!

Бар санасын осы бір ойлар меңдеп  дүниеден озған Жаңбыршы Мейрамұлы шынында да ақыл мен парасаттың адамы болатын. Қызмет ете жүріп біреулермен негізсіз жүз шайыспаған адам. Қиянат жасауды да білмей кетті. Жан баласына жаны ашып, қамқорлығын, жақсылығын жасағаннан өзге бөтен амалы болған емес.

Өтпелі де, көшпелі өмірдің ағысымен жылжыған соңғы жылдардағы ғұмырын Жаңбыршы Мейрамұлы Көкшетау қаласында балаларының қолында өткізді. Ешкімге ауыртпашылығын сала да қоймады. Ең аяғы өмірінің соңына дейін жеңіл көлікті де өзі жүргізіп, баратын жеріне өз барып, өзі келіп жүрді. Балалары мен немере-жиендері «біз апарып келейік» дегендеріне де қарамастан, «жоқ, әзірге өзім барайын да, шаруаларыңнан қалмаңдар» деп отырар  Жәкеңнің кең де дархан жанының және де шалқар көңілінің өз ұрпақтарына деген шынайы ықыласы болатын.

–Мен өз ғұмырымда нағашы жұрттың жиендеріне шын жандары ашитындықтарын айқын таныған адаммын, -деген еді бір әңгімесінде Жаңбыршы Мейрамұлының туған жиені, көкшетаулық Кәрібай Ерішев. –Қандай жағдайда болмасын менің екі нағашым Әскербай мен Жаңбыршы өле-өлгендерінше қолдарынан келген бар жақсылықтарын жасап кетті. Үйленіп, Камал екеуміз шаңырақ көтергенде де, оқу оқыған жылдарымда да осы қос нағашым бар жағдайымызды жасап, менің әке-шешемнің жоқтығын сездірмеп еді.Нағашыларыма дән ризамын! Жатқан жерлері жайлы болсын!

«Жақсының аты өлмейді» деген осы болар бәлкім?! Бүгінгі күні дүние салғанына жыл аралап қалған Жаңбыршы Мейрамұлының тіршіліктегі сайранды ғұмыры мен жарық  дүниеде қалдырған іздері мен істері соңында қалғандар мен өз ұрпақтарының айта жүрер мәңгілікке ұласып барады.

Жәкеңнің тірі күнінде бір әңгіме арасында «сіз жайлы бір жазармын» деген уәделі сөзімнің орындалар сәті енді туғандай. Сол баяғы уақыт болмады, уақыт жетпеді… Беймәлім өмірден бір ұққаным, тіршілікте бәріне де уақыт табу керек екен.

Өтіп жатқан уақыт кезі келгенде кез келгенімізді қайтпас сапарға аттандыра береді екен!..

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар