Мониторингтік топ сауда орталықтарын аралады

Ақмола облыстық «AMANAT» партиясының арнайы мониторингтіктобының құрамына енген депутаттар мен  оның белсенді мүшелері облыс орталығындағы негізгі сауда орталықтарын аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына назар аударды.

Бүгінде қант бағасының күрт өсіп, тапшылық туындағаны жасырын емес. Оған қоса, басқа да азық-түліктің құны күн сайын қымбаттап жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселені шешу үшін нақты міндеттер жүктеген болатын. Сондықтан, елдің барлық өңірлерінде мониторингтік топ құрылып, сауда нүктелерін бақылау қызметіне кірісіп кетті. Біздің облыста да бұл жұмыс жүріп жатыр. Бір ойлантатыны, отандық өнімдер шетелден әкелінген тауарлардан гөрі қымбат. Бұл қалай деп таң қаласың. Іс жүзінде өзімізде шығарылатын өнім шеттен әкелінген өнімге қарағанда арзан болуы керек қой. Сүт пен картоптың бағасы да көңіл көншітпейді.

Мониторинг барысында біз Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің бағасын тексердік. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, маусым айында инфляция 14,5 пайызға жеткен. Бір жыл ішінде азық-түлік тауарлары 18 пайызға қымбаттаса, басқа өнімдердің бағасы 11 пайызға өскен. Ал, ақылы қызметтерге келсек, инфляция тоғыз пайызға жетіп отыр, – дейді мониторингтік топтың жетекшісі Бахтияр Молдахметов. Бірақ, халық бұл айтылғанға сене бермейді. Өйткені, баға күн санап өсіп отыр.

Жалпы, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа бағасына тоқталар болсақ, дүкен сөрелерінде  қант – 620, сүт 300 теңгеден сатылса, пияз құны 297 теңгеге жеткен. Жұмыртқаның 10 данасы 400 теңгеден сатылып жатыр. Сиыр еті де қымбат. Бүгінде тұрғындар оның бір келісін екі жарым мың теңгеге сатып алуда.Ал, жылқы етінің бір келісі 3500 теңгеге жеткен. Халық та бағаның күрт өскенін айтып алаңдауда. Тұтынушылардың бірі:

– Азық-түлік бағасы күн санап емес, сағат сайын өсуде. Тіпті, лимон қышқылының кішкентай пакетінің өзі 305 теңге тұрады. Сонда баға қайда шарықтап барады? – десе, енді бірі:

–Біз әдетте азық-түлікті бір аптаға жететіндей сатып аламыз. Бағаның өсуі қатты қобалжытып тұр. Негізінен,  ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барамыз. Ет бағасы да, қант та қымбаттап жатыр. Сондықтан, біз биыл тосап жасамаймыз, себебі, мұның пайдасы жоқ, қант үшін қымбат бағаға кезекте тұру керек. Қазір бұрын әжептәуір ақша көрінетін 5 мың теңгеңнен де құн кетіп, дүкенге бір барудан қалмайды, – деп қамығады.

Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өзгеруі туралы ақпарат партияның бақылау комиссиясының отырыстарында қаралады. Қандай да бір мәселе анықталса, оны жою жолдары талқыланып, ұсынымдар әзірленеді. Сондай-ақ, сала мамандары туындаған проблеманы ұзаққа созбай, нақты мерзімін қойып,  жауапты тұлғаны белгілейтіндеріненде хабардар етті. Қалай десек те, азық-түлік бағасының тұтынушыларға қолжетімді деңгейде болмай тұрғаны жанға батады. Сонда осылай кеткені енді кеткен бе?!.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар