Ел үміті – егінжай төсінде

Астықты өңірдің диқандары барлық егістік көлемнің 68,1 пайызын жинап үлгерді. Күзгі дала жұмыстары  ұйымшылдықпен өткізілуде.

Жауапты науқанға Жарқайың, Есіл, Жақсы, Атбасар аудандары тәрізді далалық жерлерге дән еккен диқандар бірінші кіріскен болатын. Қазір бұл өңірлердегі кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдары орақ жұмысын аяқтауға таяу. Ал, орман-тоғайы қалың Бурабай, Бұланды, Біржан сал, Сандықтау өңірлері сәл кейіндеу бастады. Жұмыс реті дәннің пісуіне қарай орайластырылған болатын. Алқапқа комбайн кірген бетте жаздың соңында жауын-шашын мол болуына байланысты дән ылғалды болды. Негізгі күш элеваторлар мен астық сақтайтын қоймаларға түсетін болғандықтан, ертеңгі күні қалай болар екен деген алаңдаушылықтың орын алғаны да рас. Соңғы күндері күн ашылып, дән сабағында тұрып кеуіп жатыр. Сондықтан, далалық жерлердегі ауыл шаруашылығы құрылымдары жиналған астықты бұрынғыдай элеваторларға тасымалдап жатқан жоқ, өздерінің қоймаларында сақтауда. Сөз арасында шаруалардың 2 миллион тоннаға жуық астықты өз қамбаларында жинайтын мүмкіндігі бар екендігін айта кетуіміз керек.

–Облыста бастырылған дәнді сақтауда мәселе жоқ, – дейді облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – өткен қуаңшылық жылмен салыстырғанда гектар берекесі көңіл тоғайтарлық. Жұмыс қарқыны да жақсы. Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін біршама жаңартқаннан кейін іс те өнік. Биыл егін орағына 8700 комбайн қатысып жатса, оның 4,5 мыңы алымдылығы жоғары шетелдік техникалар.

Шетелдік техникалар алымды болғанымен, кей тұста қосалқы бөлшектері таптырмай, біршама уақыт қолбайлау болатындығы да кездесуде. Әлемдегі ахуалдың шиеленісуге байланысты алыс-жақын шетелден жеткізілетін қосалқы бөлшектердің кейбір түрлері екі-үш есе қымбаттаған. Диқандардың  тынысын ашып тұрған жай, мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидия түріндегі демеу.

–Биылғы жылы облыстық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 48,1 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 15,5 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына бағытталып отыр, – дейді Еркеш Әленов, – қазір көптеген шаруашылықтар мемлекеттік қолдаудың арқасында машина-трактор паркін заман талабына сай жаңартуда. Кейде өкпе-наздың туындайтынын да айта кетуіміз керек. Мысалы, шағын шаруа қожалықтарында білікті заңгерлер жоқ қой. Олар өтінімді талапқа сай толтырмайды. Сол себепті конкурс кезінде әлдебір кемшілігі анықталып, кейінге ысырылып қалады. Сондықтан, ауыл шаруашылығы шаруасымен айналысқаннан кейін бар құжатты сауатты толтыра білу керек.

Дәл қазір диқандарды алаңдатып отырған басты мәселе, бидай бағасы қалай қалыптаспақ? Көктемгі және күзгі науқандық жұмыс кезінде жұмсаған бар шығынын қайтарып қана қоймай, пайда табулары керек қой. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ астықтың бағасын әлі жариялай қойған жоқ. Кейбір сарапшылардың айтуына қарағанда, биыл іргедегі Ресейде бидай шығымы тәуір. Егер ол жақтан арзан бидай көп мөлшерде келетін болса, жергілікті жердегі өнімнің бағасын түсіруі ықтимал.

–Мен канадалық фермерлердің тәжірибесін зерттедім. Олар астықтың сатып алу бағасын 1 тамызда біледі, содан соң ол баға жыл бойы өзгермейді, – дейді Қорғалжын ауданындағы «Агрофирма Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абай Медеубаев, – ал біз болсақ, әлі күнге дейін бағасын біле алмай отырмыз. Қыркүйектің ортасына жетіп қалсақ та баға шықпағандықтан жер емшегімен күн көрген қыруар қауым алаңдап отыр.

Екінші бір мәселе, ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс істейтін кадр тапшылығы. Шалғайдағы шағын елді мекендерде техниканың тілін білетін білікті маман қасқалдақтың қанындай тапшы. Шаруашылық басшылары жақсы жалақы төлеп, үй-жайын салып, әйтпесе сатып әперіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартса да, жастар бұл жұмысты істегілері жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл сайын аграрлық салада үш мыңға таяу маманның тапшылығы сезіледі екен. Атап айтатын болсақ, агроном, инженер, технолог, ветеринар, дәнекерлеуші, механизаторлар.

Осы арада қарапайым қисынға келмейтін бір жай бар, өңірдегі кәсіптік-техникалық колледждерден жыл сайын жүздеген  маман үлкен өмірге жолдама алып, шығып жатыр. Егер осы бір түйткілді мәселе жылдар бойы шешімін таппаса, мемлекеттің қыруар қаражатына оқытылып жатқан әлгі мамандар қайда кетіп жатыр. Әлде тегін жатақханада тұрып, тегін оқып, ас-сумен, киім-кешекпен қамтамасыз етілгеннен кейін қолдарына диплом тиген соң басқа мамандыққа ауысып кете ме? Жақсы ауданындағы «Новокиенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көктемде 30 мың гектардан астам жерге дәнді дақылдар еккен болатын. Техника жеткілікті болғанымен, оны жүргізетін адам жоқ. Көктемгі қиындық күздегі жауапты науқан кезінде тағы да туындап отыр.

–Жалғыз бізде ғана емес, осы төңіректегі барлық шаруашылықтар механизаторға зәру. Жас мамандар сирек кездеседі. Алдағы уақытта маман даярлау ісіне айрықша мән берген жөн, – дейді серіктестіктің басшысы Павел Казьмин, – шынын айтқанда, жоғары білімді жастардың өзінде білік жетіспей жатады.

Демек, жалғыз сан ғана емес, сапасын жақсартуға да тиісті көңіл бөлген ләзім. Зеренді ауданындағы «Алекс-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Виктор Чмерев те дәл осы мәселені ашына баяндайды. Оның айтуына қарағанда, бірнеше жылдан бері шаруашылық механизатор мамандарға зәру болып келе жатыр. Амалдың жоқтығынан бір маманның біресе тракторға, біресе комбайнға отырғызып, одан қолы босаса жүк көлігін жүргіздіріп амалдауда. Шаруашылықта жұмыс істейтін қазіргі мамандардың 70 пайызы зейнет жасына жетіп қалғандар.

–Енді бірер жылдан кейін техниканы сеніп тапсыратын бірде-бір маман қалмауы мүмкін, – дейді Виктор Чмерев, – рас, өтпелі кезеңде ауылдық жерде жұмыс табыла қоймай, халықтың бұл мамандықтан көңілі қалды. Жұмыс істеп жүргендер де еңбекақылары сабанмен, астықтың қалдығымен төленді. Ал, қазір мүлде басқа жағдай. Көктемгі және күзгі қарбалас кезінде қажырлы еңбек еткен механизатордың айлық табысы 700 мың теңгеге дейін жетеді. Ауылдық жерде тәп-тәуір табыс емес пе?

Қияндағы Жақсы ауданындағы «Қаражон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Тығырықтан шығар жол іздеген шаруашылық басшылары биылғы жылы жалақы мөлшерін үш есе көбейтіп, шеттен келген жас мамандарды жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етіп, оларға берілетін әлеуметтік пакет көлемін де біршама ұлғайтыпты. Бәлкім осындай қамқорлық жасалған жерде жастардың тұрақтап қалуы әрі ауыл шаруашылығына аса қажетті мамандықтарды игеруі мүмкін.

–Маман табу үшін аграрлық оқу орындарымен күні бұрын келісім жасадық. Жас толқын алқап басындағы жұмыс қарқынын көргеннен кейін меселесі қайтып қала береді. Нәтижесінде тәжірибеден өтуге келген жиырмадан астам білім алушының жалғыз-жарымы ғана механизатор болуға бел буады. Қалғандары қолдарына диплом тиген соң ірі қалаларға барып жұмыс істеуге ниеттенуде. Қалада тапқан қаражатты механизатор болып та табуға болады. Біздің комбайншылар күзгі егін орағы кезінде 1,5-2 миллионға дейін табыс табады,– дейді  серіктестік басшысы Серікбай Шәкеев.

Бір ғажабы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарға деген сұраныстың қаншалықты деңгейде екендігінен хабарсыз. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында 8891 нысан бар, соның қаншасы маманға зәру болып отыр? Осы тақырыпты бір екшеп, облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, жанды жұмыс жүргізілсе, шалғайдағы шағын шаруашылықтар білікті маманға қарық болып қалмаса да, жұмыстың алға басуына себін тигізетін кадрлармен толықтырылар еді.

Биылғы орақты да уақытылы аяқтармыз. Біздің жоғарыда айтқан уәжіміз келер күндердің жайы дағы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар