Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәмелетке толмағандарға ерекше көзқарас керек - АРҚА АЖАРЫ

Кәмелетке толмағандарға ерекше көзқарас керек

Отбасы құндылықтары – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерден бастау алады. Бұл отбасын нығайтатынфакторлар. Адамдардың үй ішінде бастан бірге кешетін қуаныш пен қайғы, әл-ауқат мәселесі немесе басқа да проблемалар бірлесіп шешкенде ғана жеңіл.

Отбасын құру және құндылықтарғақұрметпен қарау өте маңызды. Бұл үлкен жігер мен ұзақ мерзімді еңбекті қажет етеді. Өз мұратына, дос-жаранына, атамекенге адалдық, сүйіспеншілік пен сенім, мейірімділік пен жомарттық, жауапкершілік пен өзара көмек, үлкенді ғана емес, айналадағылардың бәрін сыйлау сияқты қасиеттер некеде қаланады.

Үй ішінде қалыптасқан қарапайым ережелер мен моральдық негіздері кейін қоғамға беріледі. Олар балабақшада, мектепте, колледжде, жұмыста және қоғамдық орындарда адамның мінез-құлқынан көрінеді. Жалпы құндылықтар адамның мәдениетін қалыптастырады, қоғамда адамгершілікке тәрбиелейді.

Жаһандану дәуірінде әлеуметтік қатынастардың динамикалық өзгерістері орын алуда. Осыған байланысты неке-отбасы қатынастары, ер мен әйелдің отбасындағы рөлі, жалпы, барлық отбасылық құндылықтардың жиынтығы өзгере бастады. Отбасы институтының дағдарысын отбасы мүшелерінің экономикалық, психологиялық, репродуктивті, тәрбиелік, бос уақытты және басқа да көптеген дәстүрлі функцияларын жоғалтуы немесе жеткіліксіз орындауы ретінде түсіндіруге болады. Бірақ, бүкіл әлемде отбасы институтының ең ауыр проблемасы – ажырасулар санының артуы. Өкінішке орай, бұл мәселе біздің елде де өткір тұр. Ажырасудың салдары балаларға да, ерлі-зайыптыларға да теріс әсер етеді.

Кәмелетке толмаған балалар мен кәмелетке толған еңбекке жарамсыз балалардың құқықтары мен мүдделерін басымдықпен қорғау неке және отбасы заңнамасы негіз болатын қағидаттардың бірі болып табылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жаңа жылдық Жолдауында 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Оның айтуынша, балаларға ерекше көңіл бөлу керек. Олардың амандығы – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Осыған орай, Үкімет Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті, осылайша биыл мемлекет тарапынан балаларға ерекше көңіл бөлінді.Өз кезегінде, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 138-бабына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды.

Бұл ретте ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары білім беру жүйесінде білім алатын кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім (алимент төлеу туралы келісім) жасасуға құқылы. Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға өз еркімен көмек көрсетпеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады, содан кейін сот атқару құжатын жазып береді және орындау үшін сот орындаушысына ұсынылады. Өкінішке орай, алимент өндіріп алу туралы атқарушылық өндірістердің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2020 жылы Ақмола облысының жеке сот орындаушыларының орындауында11172 атқарушылық құжат болса, 2021 жылы 12141 құжат болды.

Атқарушылық іс жүргізуде атқарушылық іс жүргізудің осы санаты әлеуметтік маңызы бар санатқа жатады. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңында алименттерді өндіріп алу тәртібі регламенттелген.Барлық алимент төлемдері бойынша берешекті өндiрiп алу алимент төлеушiнiң жалақысынан және басқа да табыстарынан жүргізіледі. Алимент бойынша берешектің мөлшерін сот орындаушысы өндіріп алу жүргізілмеген уақыт ішінде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негізге ала отырып, шешімнің орындалатын жері бойынша айқындайды. Бұл ретте алимент борышкердің жалақысынан 50 пайыздан аспайтын мөлшерде ұсталуы мүмкін.

Сот орындаушысы өндіріп алушының (заңды өкілінің) өтініші бойынша кез-келген уақытта, бірақ, көп дегенде тоқсанына бір рет борышкердің жалақысы мен басқа да табыстарынан ұстап қалудың және ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады. Сонымен бірге, алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және осы Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады.

Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады. Мұндай мәселеге тап болмас үшін борышкерге қызметтік жұмыс тауып, ағымдағы алименттерді алынатын жалақысына қарай аударған тиімдірек. Сонымен бірге, егер борышкер жұмыс істемесе, қарызды есептеу орташа айлық жалақыға сәйкес жүргізіледі. Мысалы, қазіргі уақытта орташа айлық жалақы 260000 теңгені құрайды, егер бір баланы асырау үшін төленетін алименттерді есептесек, оның ағымдағы қарызы кірістің төрттен бір бөлігін құрайдыда, онда ай сайынғы төлем 65000 теңгені құрайды. Ал, егер алимент төленбесе, қарыз ай сайын өсе береді.

Міне, осылайша жоғарыда көрсетілген шаралар атқарушылық іс жүргізудің мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін бағытталғанын және кәмелетке толмаған балаларды қорғау кепілдіктерінің бірі болып табылатынын атап көту керек.

Самат ТӘЖІБАЕВ,
                          Ақмола облысы әділет департаментінің атқарушылық іс жүргізу бөлімінің бас маманы,
Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар