Еңбек қауіпсіздігі – адам өмірі, сондықтан, баса назарда болуы керек

Бурабай баурайында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ғылыми бағыттардың басымдылықтары» тақырыбында конференция өткізілді.

Елеулі мәселені екшеген іс-шараны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен қазақстандық еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік қауымдастығымен бірлесіп, еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты өткізді. Әлбетте, кәсіби тәуекелді қашанда дұрыс бағамдаған жөн.

Жабулы қазан жабулы күйінде қалады деп күрделі мәселені шешуден қашудың соңы орны толмас қайғылы жайларға әкеліп соқтыруы да ықтимал. Елімізде жыл сайын бір мыңнан астам жұмысшы жұмыс орнында жарақат алады екен. Бұл ресми тіркеліп, белгілі болғандары ғана. Ауыл-елдегі «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дейтіндердің қанша екендері белгісіз. Өндірісте орын алып жатқан оқыс оқиғалардан жылына екі жүзге жуық жұмысшы көз жұмады. Міне, осы деректерді сараптай келе, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің әлі де ақсап жатқандығын түйсінуге болады.

Конференцияда осы мәселелер жан-жақты сөз болды, кем-кетік екшелді, тығырықтан шығар жол көрсетілді. Алдағы уақытта әр жұмысшының электронды денсаулық паспорты жасалмақ. Бұл әзірге ұсыныс қана. Жан-жақты сараптай келе, ұсыныстың ұтымды екендігін айқын аңғаруға болады. Сәл таратып айтсақ, адам жұмысқа орналасқан күннен бастап оның денсаулығы бақылауға алынып, жұмыс барысында зиян келмеуі жан-жақты ойластырылмақ. Сонда ғана қайсы бір зиянды кәсіпорындарда туындауы мүмкін аурудың алдын алуға болады. Ал, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жұмыс орнының талапқа сай болуын мұқият тексеріп отыру керек.

–2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы түзілген, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, –осы тұжырымдаманың аясында бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта зиянды жұмыс орындарындағы еңбеккерлерге жұмыс берушілер тарапынан 180 миллиард теңге өтемақы төленеді. Алдағы уақытта осы жүйені жетілдіру қажет. Сондай-ақ, кәсіпорындарға еңбекті қорғау стандарттарын енгізуді тиімді пайдаланған ләзім.

Көкшетау қаласындағы «ENKI» кірпіш зауытында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Оларға біршама қолайлы жағдай тудырылып отыр. Кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі ғылыми институтымен тығыз байланыста. Сала мамандары өнеркәсіп орнына жиі келіп, тексеріс жүргізуде.

–Соңғы екі жылда ғылыми институтпен бірлесіп жұмыс істеудеміз, – дейді зауыт директоры Мырзабай Әбдіқалықов, – мұның өзі ғылыми негізде атқарылатын шаруаларды бір жүйеге түсірді. Пилоттық жобаның нәтижесі жақсы. Әрине, кейде жұмысшылардың өздері қателіктерге орын беріп жатады. Біз өз тарапымыздан барлық жағдайды тудырудамыз.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға жауапты мекеменің өкілдері, кәсіпорын басшылары, ғалымдар қатысып, еңбекті қорғау бағытындағы өздерінің толымды пікірлерін ортаға салды. Жиынға қатысушылар  сақтандыру жүйесінің кемшілігін де жасырмай айтып, жетілдіру жолын нұсқады. Сөз соңын шиыра айтқанда, еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек адамының өмірі мен денсаулығын қорғау елдегі ең елеулі мәселе екендігі де рас. Конференцияда айтылған көп жайлар осыны аңғартады.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар