Шаруасы мығым серіктестіктер – елді мекендердің тірегі

Өткен жұма күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Жақсы және Сандықтау аудандарында болып, егін орағының барысымен танысты және бюджет қаржысын тиімді игеру мәселелеріне назар аударды.

Жақсы.Облыс әкімі алдымен ат басын тіреген «Запорожье агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 250 адам еңбек етеді. Орташа айлық жалақы – 137 мың теңге. Шаруашылық  жұмыс істеп келе жатқан үш жылда 20 КамАЗ жүк көлігі, «Бюллер» шынжыр табанды тракторлары мен «Бурго» егіс кешендері, «40 Омичка» сеялкасы сатып алынды. Биыл диірмен салынды.

–Егістік алқабы 49 мың гектарды құрайды, оның 43 мың гектары жазғы бидайдан тұрады. Алдымен өзіміздің Запорожье ауылы тұрғындарының жағдайын ойлаймыз. Олар үшін нан және нан өнімдері арзан бағамен сатылады. Оны 600 грамдық бөлкенің 100 теңге тұратынынан да көруге болады. Енді макарон өнімдерін дайындайтын желі ашпақ ойымызда бар, – дейді серіктестік директорының орынбасары Игорь Хунцария.

–Енді 30-35 гектар алқаптың егінін жинайтындай жұмыс қалды. 10-15 күн ішінде орақты аяқтаймыз деп отырмыз. Жанар-жағар маймен проблема жоқ, – деп орынбасарының сөзін қуаттады құрылым басшысы Болат Қабиев.

Аграршылар әлеуметтік саланы да ұмытпайды. Селолық дәрігерлік амбулаторияның жобасы жасалған. Онда 20 төсек-орынға арналған күндізгі стационар болады. Жобаның құны 200 миллион теңге. Осының бәрін құптаған облыс әкімі  келешекті ойлай отырып, жұмыс істеу қажеттігін айтып өтті. Бұл үшін өндірісті кеңейтіп, егін шаруашылығымен ғана емес, мал шаруашылығымен де айналысу қажет. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймайды, сонымен бірге, тұрғындардың жыл бойы еңбек етуіне жағдай туғызады. Соның арқасында кадрлар тұрақсыздығынан да арылуға болады.

Запорожье ауылындағы мектеп те жөндеуден кейін қайта жаңарған. Іші-сыртына жөндеу жүргізіліп, интернет қосылған, автономдық жылу жүйесі орнатылған, оқушылар үшін футбол және волейбол алаңдары жасалыпты. Мектеп музейін «Номад» тарихи-археологиялық клубының көп жылғы жұмыс нәтижесі десе артық емес. Балалармен жас тарих мұғалімдері жұмыс істейді. Олар осы мектептің түлектері. Музей экспонаттары арқылы оқушылар туған өлкенің тарихына бойлап келеді.

–Біз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен меморандумға отырдық. Сондай-ақ, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейімен ынтымақты байланыстамыз. Қазір Ұлттық музеймен келіссөз жүргізудеміз. Балалар  қазба жұмыстарына қызығушылықпен қатысып, зерттеу жұыстарын жүргізеді, ғылыми жобалар жазып, оны облыстық және республикалық деңгейде қорғайды, – деп түсіндірді мектеп директоры Ерлан Байдүйсенов.

Ермек Маржықпаев бұған қарамастан, қазір 60 проценттен сәл асатын білім сапасын көтеру қажеттігін алға тартты. Бүкіл педагогикалық ұжымның жұмысы осыған бағытталуы керек. Аудан бойынша соңғы жылдары алаңдатарлық тенденция байқалуда. Бұлай дейтініміз, 21 мектептің 16-ы  шағын жинақты мектептер.

Аудан орталығы Жақсы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы көп үміт күттіреді. Жобалау-сметалық құжаттамаларға сәйкес мұнда тренажерлық зал мен күрес залы, ойын алаңы және үлкен бассейн болмақшы. Тек туындайтын сұрақ, құрылыстың өзі қашан аяқталады? Өкінішке орай, бұл сауалға бас мердігер жауап бере алмайды. Шымкент қаласынан «SCS Инжиниринг» серіктестігі жұмысты екінші жыл жүргізуде. Соның өзінде іргетасын құюдың өзін толық аяқтамаған. Қазір екі блоктың бірінің қабырғасы қалануда.

–Сіздермен бірінші рет кездесіп отырған жоқпыз. Егер уақытында тапсыра алмасаңыздар, мұндай нысанды неге аласыздар? Сапа жағы да көңіл көншітіп тұрған жоқ. Әрі қарай қалай жұмыс істемексіздер? Бәрінен бұрын екінші жыл осы ФОК-ты тосып отырған тұрғындарға не айтасыздар? – деген облыс әкімінің орынды сұрағына серіктестіктің бас инженері Рамзан Домбаев ештеңе айта алмады. Жоспар бойынша құрылыс биылғы жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс. Ал, іс жүзінде мұндағы жұмыстар жаңа басталып жатқандай әсер қалдырады.

Сандықтау.  Максимовка селолық округінің Спасское селосында осы аттас серіктестік жұмыс істейді. «Спасское Агроның» басшысы Магомед Абуев әлеуметтік сала бойынша қол жеткен жетістіктерді мақтанышпен ауызға алады. Шаруашылық мектеп пен ауыл клубына ұдайы көмектесіп тұрады. Жуырда монша да толық күрделі жөндеуден өткізіліпті. Сол мәнді өмірдің айғағы болар, халық вокальды ұжымының мүшелері облыс әкімін көңілді әнмен қарсы алды.

–Халық сондай көп болмаса да, Спасск селолық клубы бос тұрмайды. Би залында мерекелер, ал, 200 орындық көрермендер залында әртүрлі концерттер өтеді. Мұнда балалардың би тобы да бар. Клуб қыста жылытылады. Серіктестік музыкалық аппаратура мен микрофондар сатып әперді, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Наталья Ким.  –Біз өздігімізден шеше алмайтын жалғыз ғана проблема, клубтың шатыры мен қасбетінің жөндеуді қажет етіп тұрғаны. Жөндеу жұмыстарына көп сома – 105 миллион теңге керек. 1983 жылдан бері ғимаратта бірде-бір рет толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Серіктестік басшысының айтуынша, мектепке де көп көмек көрсетілуде. 6 миллион теңгенің жөндеуі жүргізіліп, шағын орталыққа жабдықтар сатып әперілген. Енді балалар үшін ойнаудың, үйірмелерге барудың өзі қызғылықты да қуанышты. Дегенмен, мектептегі оқушылар саны сол аз күйінде қалуда. Облыс әкімінің өтініші бойынша директор Елена Сумцова тізіп айта бастады. Бір сыныпта үш оқушы, бес, жеті оқушы… Тоғызыншы сынып биыл жоқ. 200 оқушыға арнап салынған мектепте бар болғаны 45 бала оқиды. Оларға 11 мұғалім сабақ беруде. Олардың үшеуі жоғары педагогикалық шеберліктерін тағы бір қорғап шығыпты. Балалардың білім сапасы жаман емес, 64,5 процент.

–Мектеп директорына менің есігім әрдайым ашық. 5,6 миллион теңгеге қазандық салып бердік, тегін тамақтандыруды ұйымдастырдық. Мен «Газель» сатып алып, 10-11 сыныптары бар көршілес селодағы мектепке балаларды тасымалдауға да дайынмын. Алайда, мектеп ұжымы балалардың бәрібір жоғары оқу орындарына оқуға түспейтінін, бәрі колледждерге баратынын айтып отыр, – дейді шаруашылық басшысы.

–Клубқа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, ал, мектеп туралы ойластыратын боламыз, – деді бұған өз жауабында Ермек Боранбайұлы. –Село мектептің барында дамып, тіршілігін жалғастырып жатыр. Алайда, қажеті жоқ жөндеуге мемлекет қаржысын да жұмсай беруге болмайды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар