Бірінші байлық – денсаулыққа ештеңе жетпейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұртас ұлт.Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша мән берілді. Жолдауда Мемлекет басшысы «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек.

Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн» деп атап көрсеткен. Осы орайда, өңірде жалпақ жұртты елең еткізетін жағымды жаңалық қолға алынғалы жатқандығын айтып, сүйіншілеуге де болады. Шын мәнінде тарихи оқиға іспетті. Атап айтқанда, облыс орталығында заманауи көпбейінді аурухана салынбақ. Болашақ алты қабатты медициналық мекеменің ғимараты соңғы жылдары бой көтеріп, сән-салтанаты көңіл аудара бастаған Сарыарқа шағын ауданында орналаспақ. Облыстық әкімдік 17 гектар жер телімін де бөліп берді.

Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, заманауи ең үздік жабдықтармен қамтамасыз етілген, барлық қызметтер бір-бірімен тығыз байланыста болатын, халыққа мінсіз медициналық қызмет көрсететін аурухана салынбақ. Бұл жай қиял емес. Ведомствоаралық комиссия мақұлдаған, барлық негіздемелерден, салалық сараптамалардан өткен пилоттық, инвестициялық жоба. Қазір инвестор «РенЭЛЛ Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында келісім-шартқа қол қою сатысында. Облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаровтың айтуына қарағанда, өңірдегі ең ірі инвестициялық жоба болмақ.

–Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа аурухананың салынуы шын мәнінде біздің салаға серпін беретін жаңалық болғалы тұр, – дейді Нұрлан Қайырұлы, – жұмыс тобы екі жыл бойы тынымсыз жұмыс істеп, түріктің осындай клиникаларының мол тәжірибесін зерттеп, сараптама жасады. Елімізде алғашқы болып мақұлданған бес университеттік клиника мен үш көпбейінді облыстық ауруханалардың құрылысы басталмақ. Шын мәнінде облыс орталығындағы жаңа көпбейінді аурухана үлгісінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде оңтайлы қаржы-экономикалық модельді әзірлеу үшін қолға алынған пилоттық жоба.

Ал, әзірше облыстық ауруханада ең үздік медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Бас дәрігердің айтуына қарағанда, шеберлік сабақтарын өткізу үшін үздік мамандарды шақырып, тәжірибе алмасуда. Оның ішінде атағы алысқа жайылған шетелдік мамандар да бар. Атап айтатын болсақ, өткен жылы кардиохирургия бойынша күрделі оталар жасаған Каунас медициналық университетінің жетекші кардиохирургтарымен ынтымақтаса жұмыс істеуде.

Сөз арасында облыстық көпбейінді аурухана литвалық кардиохирургтармен тығыз жұмыс істеп, озық тәжірибелерін үйренуде. Алғашқы жүрекке ота литвалық дәрігерлердің қолдауымен әрі қамқорлығымен жүргізілгенін ризашылық сезіммен айта кетуге болады. Бүгінде тәжірбиесі толысып, шеберлігі шыңдалған ақмолалық кардиохирург мамандар әр жыл сайын 250-300 ота жасауда. Соңғы жаңалықтардың бірі – асқазан отасы. Осы орайда, семіздіктен пайда болатын науқас түріне жасалатын күрделі оталар сәтті өткізілуде.

Облыстық аурухана 2018 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып көпбейінді облыстық аурухана болып қайта құрылды. Негізгі мақсат –медициналық ұйымдардың ресурстарын біріктіру, сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, науқастарды емдеуге қажетті барлық мүмкіндікті бір жерде жұмылдыру. Оңтайландыру мәселесі кейбір ұсақ-түйек қиындықты ескермегенде, біршама сәтті аяқталған сыңайлы. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл таратып айта кетелік. Мәселен, бұрын бір науқас бір ауруханадан екінші ауруханада тексерілуі үшін қайтадан жолдама алып, сараптама нәтижелерін дайындауы қажет болатын. Қазір ешкім де анықтама жинап, бас қатырып жүрмейді.

КТ, МРТ, ангиографқа қаралу бүгінгі күні қолжетімді. Бас дәрігердің айтуына қарағанда, облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасының біршама жақсаруы облыстық әкімдіктің жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Мәселен, 2020 жылы жаңа МРТ аппараты сатылып алынды, өткен жылы құны 600 миллион теңгеге жуық екінші ангиограф іске қосылды. Мұндай озық үлгідегі, барынша қажетті құрал-жабдықтар үзбей алынуда.

Соның арқасында тамырлы хирургия, урология, гинекология, нейрохирургия, жүрек пен миға, ортопедиялық оталарды жасауға мол мүмкіндік туындады. Жаңғырудың жақсылығын науқастар көріп жатыр. Сөз арасында мұндай жақсылықтың шарапаты көрші облыстардың науқастарына да тиіп жатқандығын  айта кетсек, артық болмас. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының көршілес бірнеше аудандарының тұрғындары осы ауруханада емделеді. Тіпті, алыс-жақын шетел елдерден де емделгендер бар.

Дәрігерлердің жүгі де аз емес. Мәселен, соңғы жылдары қатерлі ісікке шалдығу деңгейі біршама өсіп кетті. Дәлірек айтсақ, республиканың  алғашқы бестігінде. Еліміздегі ең басты құндылық адам және оның денсаулығы болғандықтан, қатерлі ісікке қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ақ халатты абзал жандар ел атын айтуға сескенетін бұл аурудың алдын алуға ұмтылуда. Мамандардың айтуына қарағанда, ең басты мәселе, қатерлі ісік белгілерін ерте анықтау. 2020 жылы облыс орталығында жаңа онкологиялық емхана пайдалануға берілді. Оның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен мол қаражат бөлінді. Айталық 2,6 миллиард теңгенің 1,8 миллиард теңгесіне жаңа медициналық мекемеге қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Құрал-жабдықтардың алынғаны жақсы, бірақ, сол жабдықтардың тілін еркін меңгеріп, тиімді жұмыс істей алатын білікті мамандардың керек екендігі белгілі. Бұл орайда облыстық ауруханада алға ұмтылушылық бар. Мәселен, мұндағы дәрігерлер бес жылда бір рет аурухана есебінен жетекші отандық және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Көкшетаулық дәрігерлер Мәскеу мен Минскіде оқытылуда. Онколог дәрігерлер Парижде өткен әлемдік дәрігерлер конференциясына қатысып қайтты. Айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенімен, әлемдегі үздіксіз алға жылжыған ұлы көштен қалып қоюға әсте болмайды.

–Бұл процесс үздіксіз жүргізілуде, – дейді бас дәрігер, – әсіресе, жас дәрігерлер әлемдік тәжірибені оқып, меңгеру өте қажетті. Білімін жетілдіруге барғандардың міндеті – өздері ғана білу, игеру емес, өзіміздің ауруханаға жаңалық енгізу, бойларына жинаған білім-білігін әріптестеріне тарату болып табылады.

Алайда облыстық ауруханада кадр тапшылығы мүлде шешілді деп айтуға әлі ерте. Әлі де акушер-гинекологтар, анестезиологтар, реаниматологтар, онкологтар жетіспейді. Түйіндей айтқанда, барлығы 18 маманның орны бос тұр. Рас, жас дәрігерлер әр жыл сайын ұжымды толықтыруда. Бірақ, бұл арада бір айта кететін жай, әлеуметтік қолдау. Кадр мәселесін шешу үшін бірқатар шаралар қолға алынуда.

Мәселен, биылғы жылдан бастап жас мамандарға 1,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленеді. Аурухананың өз есебінен оларға қосымша 1 миллион теңгеге жуық көмек көрсетіледі. Егер тіпті қажетті маман болса, мұндай көмек еселенбек. Ең бастысы, тұрғын үй мәселесі екендігі белгілі. Жас мамандар келісімен жайлы жатақханамен қамтамасыз етіледі. Егер отбасылы болса, пәтер жалдап тұрмақ. Оған да аурухана көмек қолын созады.

Қазір оңтайландырылғаннан кейін облыстық аурухана бөлімшелері бытыраңқы орналасқан. Жаңа аурухана салынғаннан кейін бар күш-мүмкіндік бір жерге шоғырландырылмақ. Сол сәт тезірек туса екен дейді бірінші байлығының жайын күйттеген өңір тұрғындары.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар