Туризм табысты салаға айналуда

Халықаралық туризм күні қарсаңында біздің тілшіміз Ақмола облысының туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Республикасының құрметті туризм қызметкері, профессор Шынарбек Батырхановқа жолығып, өңірдегі туризмнің тыныс-тіршілігі туралы сұхбаттасқан болатын.

 – Құрметті Шынарбек Бүркітбайұлы, алдымен, еліміздегі туризмді дамыту драйверлерінің алғашқы бестігіне кіретін өңірдің өң-ажары туралы таратып айтып берсеңіз?

– Еліміздегі айрықша көрікті, тылсым табиғатқа ие өңірде туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар екендігі белгілі. Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген, мәңгі жасыл қарағайлар алыстан қол бұлғап шақыратын жер жәннатының туризм саласындағы бүгінгі табысы қомақты. Бұл табысты еселей түсуге де әбден болады. Ол үшін әлі де болса, туристерге көрсетілетін қызметті жетілдіре  түсуіміз қажет. Өткен жылдары жалпақ әлемді жарты тарының қауызына сыйғызардай қатерін төгіп, қасіретін арқалатқан жаман тұмаудың кезінде өңірге келетін туристер саны әжептәуір сейілді. Әйтсе де, жаман тұмау жайлаған уақытта да адамдар дертіне дауаны табиғаттан іздеді. Көкірегің қанша жұтса да тоймайтын мөлдір ауасын жұтып, дертіне дауаны осы жерден тапты.

Биыл қауіп біршама сейілген соң Бурабай баурайына, жалғыз Бурабай ғана емес, Көкшетау мен Қорғалжынның арасында кең көсілген жұмақ жерде тынығуға асыққандар аз болған жоқ. Жалпы, туризм саласы өңірдің табысына мол үлес қосуда. Нақтырақ айтатұғын болсақ, өңірдің экономикасына табыс ретінде 6,3 миллиард теңге қаржы құйылады. Бұл табысқа өңірдегі табиғи ресурстардың әлеуеті мүмкіндік беріп отыр. Мысал үшін Щучинск-Бурабай курортты аймағын алайық. Бұл аймаққа тамылжыған табиғатымен әлемге әйгілі Бурабай мен Біржан сал аудандарының әсем де айшықты, әдемі де құйқалы өңірлері кіреді. Елорда маңындағы демалыс аймағына Аршалы, Ақкөл, Шортанды, Целиноград аудандарының маңындағы табиғат аялары жатады.

Ежелгі тарих тылсымы, еліміздің өткеніндегі өрнекті із қызықтыратын адамдарды Қорғалжынның күміс көлдерінің бұйра толқындары шақыратын болса, ежелгі Ерейменнің бауыры рухани байлықты еселейтін-ақ жер. Әр төбесі мен әр белесінің астында ел тарихының тылсым сыры бұғып жатыр. Бұл арада бір айта кететін дүние, бүгінгі турист ақ айдынға шомылып, қарағайлы қалың орманның ауасын жұтып қана қоймайды, көзі ашық, көкірегі ояу келушілер ілкі замандағы бабалардың басып кеткен ізінен бүгінгі елді ұйыстыратын, жақсылыққа бастайтын жасампаз деректің сорабын аңдайды. Міне, осындай білмекке құмар адамдар үшін ежелгі Ереймен баурайы таптырмайтын өлке екендігін тағы бір таратып айта кетсек, артықтығы болмас.

Бұл өлкеде әсіресе, жас ұрпақты Отанды сүйе білуге, туған жердің қасиетін ұғына білуге баулайтын әдемі аңыз тұнып тұр. Аңыз емес, шындық. Арада қанша кезеңдер өтсе де, уақыт шымылдығы сәл ғана көлегейлеп жапқанымен, асыл дүниені аршып алуға болады. Өңірде шебер суретші салған ғажайып сурет тәрізді табиғаттың көркем келбеті аз емес. Мәселен, Зеренді, Сандықтау, Бұланды аудандарында тұмса табиғаттың тұнығы сақталып қалған. Бұл өңірлерде туризм әлеуетін дамытуға, кеңінен қанат жайдыруға  әлі де мол мүмкіндік бар.

–Осы мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдаланып, орасан мол жұмысты ұтымды ұйымдастыру жайы қалай болып жатыр?

–Туризм саласында барлығы 600-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сәл таратып айтатын болсақ, оның 344-і туристерді орналастыру нысандары. Оған қоса, 16 санаториялық-курорттық мекеме бар. Соңғы уақытта жол бойындағы қызмет көрсету нысандары да уақыт талабына сай жаңғыртылуда. Бұл орайда, 186 жол бойындағы қызмет нысандарының жұмыс істеп тұрғандығын айта кетуге болады. Әрине, бұрын-соңды киелі, көркем өңірге ат басын бұра қоймаған адамдардың бағдар алуы қиындау ғой. Бұл мәселе де өз ретімен шешілген. 46 лицензияланған туристік фирмалар жыл бойына үздіксіз жұмыс істейді.

Үстіміздегі жылдың алғашқы екі тоқсанының қорытындысы бойынша мынадай деректерді келтіре кетсек болады. Мәселен, курортты аймаққа келушілерді орналастырумен айналысатын орын саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 102 пайызға жоғары. Қызмет көрсету орындары 181,4 мың адамды қамтып үлгеріпті. Бұл орайда да 128,2 пайыз ілгерілеу бар. Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 5,6 миллиард теңгені құрады. Жалпы инвестиция бойынша 75 жоба іске асырылуда екендігін айтатұғын болсақ, көрікті өңірдің шырайын келтіру орайында тәп-тәуір жұмыс атқарылып жатыр.

Туризм нысандарына 13,3 миллиард теңге инвестиция қаржысы бағытталды. Басқа салаларға да қомақты қаржы құйылып жатыр. Бір айта кетерлігі, туризм саласын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылатындығын естен шығармауымыз керек. Бұл да өте маңызды. Айталық 2021 жылы туризм нысандарында 800-ге жуық жұмыс орны ашылса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 904-ке жетпек. 2022 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 153 жұмыс орнының ашылғандығын айта кетуге болады.

– Өңірде экотуризмді дамыту бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Бұл арада сакральді, мәдени-танымдық, аңшылық бағытында қолға алынып жатқан шараларды айта кетуіміз керек. Экотуризм біртіндеп дамып жатыр. Өңірде жұмыс істейтін туристік фирмаларға өтініш айтушылар саны өсе түсуде. Туристерге жақсы жағдай жасау мәселесі де шешілуде. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспары үш кезеңге бөлінген. Көлік-логистикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 16 іс-шара қолға алынған. Бұл іс-шараларға 21 миллиард теңге қаражат бағытталған.

Межеленген іс-шаралардың басым бөлігі аяқталды, 16 жоба орындалу үстінде. Қазіргі уақытта Бурабай кентінің кәріз жүйесінің құрылысы Щучинск қаласының ауылішілік су құбырлары желілері, Қатаркөл кәріз коллекторы тәрізді бірқатар іс-шаралар мұқият атқарылды. Сөз арасында жаңа жобалардың курортты аймақтың кескінін бұрынғыдан да жақсартып, келімді-кетімді туристерге өте қолайлы жағдай туғызатындығын айта кетуіміз керек. 2019 жылдан бастап елімізде туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы бағдарлама аясында 2021 жылды қоса алғанда, мемлекеттік және жеке инвестиция көлемі 28531,6 миллион теңгеге жетті. Сәл ғана тарататын болсақ, республикалық бюджеттен 10191,7 миллион теңге, жеке бизнестен 903,85 миллион теңге бөлініп отыр.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгенің іс-шаралары жүзеге асырылды. «Бизнестің жол картасы-2025» аясында туризм саласының жеті жобасын жүзеге асыру үшін 52,9 миллион теңге несие берілді. «Қарапайым заттар экономикасы»  бағдарламасы аясында жалпы құны 2,1 миллиард теңге болатын екі жоба жүзеге асырылуда. «Wyndham Garden»қонақ үйінің құрылысы мен «Ақ желкен» пансионатын қайта жаңғырту жобалары қолға алынуда. Облыс әкімдігінің ұсынысы бойынша Зеренді курорттық аймағы республикалық деңгейдегі туристік аумақтар тізбесіне кірді. Алдағы уақытта табиғаттың өзі сыйға тартқан мол мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, саланы алға жылжыта бермекпіз. Табыс табу өз алдына, ел азаматтарының денсаулығы нығайып, құратқа мінгендей аунап-қунап ширауына ықпал ету абыройлы міндет.

  • Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген журналист Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар