Астық жорығы ырыздықты молайтты

Өткен жылғы қуаңшылықтан іш тартып қалған ақмолалық диқандар ерте көктемде қарабұйра танапқа тұқым сіңірген кезде көңілдерінің қобалжулы екендігін жасыра алмаған.  Көктен иіп, жерден берсе екен дескен олар. Биыл сол игі тілектеріне орай, мол өнім жинады.

Жаз жауын-шашынды болды. Күз де жайлы. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуларына қарағанда, дән тамырлана бастағанда аса қажетті ылғал мол түскен. Бір өкініштісі, барлық ауданда бірдей емес. Егін шығымының ала-құла болуы да осыдан. Орта есеппен 11,6 миллиметрден 68,2 миллиметрге дейін жаңбыр жауған.  Көктен игені сол емес пе?! Ылғал көлемі жылдағы деңгейден тиісінше 33,3 және 57,4 миллиметрге көп.

–Биыл егіннің 75 пайызы немесе 3,4 миллион гектар алқап өнімді жақсы берді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – жауапты науқанды межелеген мерзімде аяқтадық. Біздің облыстың диқандары 5 миллион 455 мың тонна алтын астықты қамбаға құйып алды. Өткен жылмен салыстырғанда, гектар берекесі өте жақсы, 11,7 центнерден айналды.

Сөз арасында шаруаның тап-тұйнақтай етіп атқарылуына өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасы, машина-трактор паркінің жақсаруы себепші болып отырғандығын айта кетелік. Биылғы егін орағына 8,7 мың астық жинайтын комбайн қатысса, оның 4,4 мыңы жоғары өнімді жаңа комбайндар.

Үстіміздегі жылы ақық дән аялаған диқандар жалпы құны 35 миллиард теңге болатын 1025 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұл өте үлкен күш. Мұндай жетістікке жету ең алдымен, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көл-көсір қамқорлықтың арқасында мүмкін болып отыр. Қуатты техникалар жерде өнген дәнді жерде қалдырмауға септігін тигізіп, еңбек өнімділігін арттырды. Осындай күштің арқасында кей жылдары сүмбіленің ақ жауынына тап болып, ақ қармен арпалысып егін бастыратын көрініс биыл қайталанған жоқ. Танап басынан алтын астықты 4,8 мың жүк көлігі қырманға, қырманнан қоймаға тасымалдады.

Ораққа шалғы түскен уақытта біршама жауын жауған. Диқандар астық ылғалды болар ма екен деп қауіптеніп еді. Бойында ылғалы мол астықты кептірудің салмағы элеваторлар мен астық сақтайтын кәсіпорындарға түсуі де ғажап емес болатын. Егін орағы қарқын алған кезде аспан шайдай ашылып, ылғалды дән дала төсінде-ақ кеуіп үлгерді. Мол астықты лицензияланған 70 астық қабылдау кәсіпорны қабылдады. Олардың қамбасына 4,7 миллион тонна астық сияды. Оған ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жалпы көлемі 2 миллион тонналық астық қоймасын қоссаңыз, жалғыз түйір дәннің далада қалмайтындығын түйсінуге болады.

Ел ырыздығын жинауға жұмылған жұртқа мемлекет тарапынан дер кезінде орасан зор көмек-қолдау көрсетілгендігін жоғарыда айтып өттік. Сәл ғана нақтылайтын болсақ, жауапкершілігі мол күзгі науқан кезінде қажетті 83 мың тонна жанар-жағар май дер кезінде жеткізілді. Соның арқасында ешбір техниканың қаңтарылып қарап тұрмағандығы анық.

Өңірдегі өзге аудандардан оқ бойы озып шыққаны – Сандықтау. Бұл ауданда да егін орағы уақытылы аяқталды. 314,8 мың гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері  күзгі егін орағы кезінде ұйымшылдықтың  үлгісін көрсете білді.Аудандағы гектар берекесі 20 центнерден айналды. Бұл – өңірдегі ең үздік көрсеткіш!

–Мұның өзі қоңыр күздегі еселі еңбектің ғана нәтижесі емес, жыл бойы тынымсыз атқарылған істің шарапаты, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, – егіннің 53 пайызын бөлектеп орсақ, қалғанын тікелей бастырдық. Аудан диқандары келер жылдың егісі үшін де қам жасауда. 52  мың тонна сапалы тұқым қамбаларға құйылып алынды. Астықпен бірге екінші нан есебіндегі 501,5 гектарды құрайтын алқапқа егілген картоп та, көкөніс те жиналды. Мал азығы да басты назарда болады. Осы орайда, 300 тонна сүрлем дайындалды,52 мың тонна сабан жеткізілді. Қазір аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары сүдігер жырту үстінде.

Тұқым демекші, облыс диқандары жоғары өнікті 532 мың тонна тұқым дайындап алды. 2 миллион тоннадан астам алтын астықты лайықты бағасымен сату көзделіп отыр. Нандық қасиеті жоғары Ақмола өңірінің бидайына биыл да сұраныс мол. Қазір Иран, Тәжікстан, Қытай, Ресей мен Өзбекстаннан өтініштер түсіп жатыр.

–Егер үшінші сұрыпты бидайдың нандық қасиеті 23 пайыз болуы талап етілсе, биылғы көрсеткіш 28 пайызға жетіп отыр, – дейді Еркеш Әленов, – бұл соңғы жылдардағы тамаша көрсеткіш.

Өткен жылы гектар берекесі 9,1 центнерден айналған болатын. Биылғы көрсеткіш 11,7 центнерге жетіп отыр. Мамандар гектар берекесінің артуыегіншілік мәдениетінің жақсаруынан десіп отыр.

Жаңа технологияға иек артқан шалғайдағы Жақсы ауданы да 463 мың гектардан 523 мың тонна астық жинап, ел игілігін молайтуға өз үлестерін қосты. Жақсының жалпақ даласындағы «Қаражон», «Новокиенка», «Труд», «Қима Агро», «Тарас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері науқанда  көш бастады.

Ырыздықты молайтқан дархан даладағы еңбек ерлерінің іс-қимылы кейінгі жастарға өміршең өнеге. Ырысы молайған өлкенің ынтымағы еселене түседі.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар