Онлайн сатушыларға алданғандар көбейді

Ақмола облысында тауарлар мен онлайн қызметтердің сапасына тұтынушылар шағымы 23 пайызға өскен. Жыл басынан бері 681 өтініш тіркелді. Танымал «Wildberries» интернет-дүкеніне шағымдану 4 есеге дейін көбейген. Интернет-сатып алу мен электронды сауданың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселелер айтылды.

Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Светлана Занегина атап өткеніндей, электронды сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, ТКШ қызметтері мен қоғамдық тамақтану салаларында шағымданушылар саны күрт көбейген. 680-нен астам өтініштің 447-сі қаралып, тұтынушыларға 21 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. 111 ақмолалық сапасыз тауарды айырбастау мүмкіндігіне ие болды. Интернет-дүкендерге де шағымданушылар саны азаймай тұр.

–Соңғы уақытта wildberries интернет-дүкеніне тұтынушылардың жүздеген өтініштері келіп жатыр. Олардың дені: сапасыз өнім,тауардың уақытылы жеткізілмеуі, қолма-қол ақшаны ұзақ уақыт қайтармау сынды мәселелер. 2022 жылдың басынан бері департаментке wildberries интернет-дүкенінің ақшалай қаражатты қайтармау мәселесі бойынша 44 тұтынушы жүгінді, 2021 жылы 9 өтінішке қатысты жалпы сомасы 1 миллион 264 мың теңге 41 тұтынушыға қайтып берілген еді, – деп мәлімдеді Светлана Занегина.

Спикер интернет-дүкендердің артықшылықтары мен кемшіліктеріне жеке тоқталды. Онлайн-маркетингтің ауыз толтырып айтар артықшылықтары да бар. Уақыт үнемдеу, бағаны бақылау және салыстыру мүмкіндігі сияқты жағымды тұстары үшін онлайн-дүкендер көпшілік көңілінен орын таба алды. Көп жағдайда интернет-дүкендерде тауар құны әдеттегі дүкенге қарағанда әлдеқайда арзан, көбінесе тиімді акциялар өткізіліп, жеңілдіктер беріледі.

–Онлайн-сатып алудың кемшіліктері, бұл алданып қалу ықтималдығы жоғары. Жалған сайт, жоқ тауардың суреттері, қате көрсетілген мекен-жайлар және тағы да басқалары. Бұндай жағдайда тұтынушыға сатушының қашықтықта болуына байланысты ақшаны қайтаруға немесе тауарды айырбастауға қол жеткізу өте қиын. Немесе тұтынушылар алаяқтарға жиі алданатын әлеуметтік медианы мысалға алайық. Алаяқтар нарықтық бағадан төмен бағамен, сондай-ақ, 100 пайыз қолма-қол ақшасыз алдын ала төлем жасауды сұрап, ойдан шығарылған, жалған өнімдер арқылы ақша табады. Тапсырыс төленгеннен кейін тауар тұтынушыға жетпейді, ал, әлеуметтік желідегі аккаунттың өзі жоғалады. Бұндай кәсіпкерді табу тек тұтынушыға ғана емес, мемлекеттік органға да мүмкін емес, – деп түсіндірді департамент басшысы.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада интернет дүкендері мен оның барлық қыр-сырын қамтитын бір ғана бап көзделген. Сондықтан онлайн сатушылар қолданыстағы заңнаманың олқылықтарын пайдаланып, тұтынушылар құқығын бұзатын жағдайлар жиі кездеседі. Қазіргі уақытта тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, электронды сауданы жүзеге асыру кезінде құқық қолдану практикасын реттеу мәселесі қаралады. Өзгерістер енгізу тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жіберілген олқылықтар үшін электрондық сауда алаңының кәсіпкерлерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Онлайн сатып алу кезінде қиындықтардан қалай құтылуға болады? Сатып алмас бұрын интернет-дүкеннің, веб-сайттың рейтингін және тұтынушылардың берген бағасын зерттеу, күмән туындаған жағдайда тапсырысты болдырмау немесе төлемді кейінге қалдыру қажет.

Сұрақ туындаған жағдайда департаменттің «жедел желі» – 8 (7162) 505122 байланыс нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар